Weekend
Жалпы адамзаттың кітап оқуына не түрткі болды?
24 сағаттан тұратын бір тәулік бүгін бізге жетпейді. Жұмыс, ұйқы, демалыс, тіпті интернет желісінің өзі де күнделікті ісіміздің біріне айналған. Бәрінің де орны бар, бірақ кітап не үшін керек? Осы тұрғыдан ойланып көретін болсақ.
Жалпы адамзаттың кітап оқуына не түрткі болды?
Сарғайған тарих парағына үңілсек, саналы адам қалыптасқаннан бері жазу ерекше рөл атқарды. Демек, пиктография, таңбалап жазу да белгі қалдыру үшін. Бертін келе балшыққа да, ағашқа да, тасқа да жаздық. Осының бәріне белгі салу адамның еңбегін көп талап еткендіктен ақылы бар адамзат құнды дүниелерді ғана бейнелеуді түсінді. Яғни, қытай жазбалары, Геродот жазбалары, грек жазбалары сынды түркі әлеміндегі тасқа түскен Орхон-Енисей жазбалары осы күнге дейін тарихи, мәдени құндылығын жоймады. Ептеп тарих парағы ашылған сайын, дами түсуіміздің арқасында ХV ғасырда неміс өнертапқышы Иоганн Гутенберг баспа станогын ойлап тапты. Содан кейін, ғылым-білімнің кітап арқылы кең тарауы, жаңа дүниелерді ашуға, әлем дамуына негізіне айналды. Соны білген дана қазақ: «Кітап – білім бұлағы, Білім – өмір шырағы» деген. Демек өсу үшін, ілгерілеу, даму үшін кітап оқи бастады.
Газет-журнал, теле-радио, компьютерлік құрылғылар, телефон, интернет желісі пайда болғанда да кітап неге жойылып кетпеді?
Қолымызға күнделікті оқиғалардың хабарын, түрлі қызықты бағыттағы әңгімелер жазылған газет-журнал түссе де адам кітаптан бас тарта алмады. Мерзімді басылымдардың кітапты ығыстыра алмауы, оның арқалаған жүгінің жеңілдігінде. Себебі, дәл бүгінгі немесе қажетті ақпаратты ғана таратудан түрлі деректерді де, белгілі ғылыми-қоғамдық туындыларды өн бойында сақтаған кітап. Міне, сондықтан ой-өрісті адамдар қол үзе алмады. Көз алдыңа түрлі шытырманды бейнелеп, жалт-жұлт еткеніне таңдандырған теледидар да, құлағыңа жағымды әсем үнін тыңдатқан радиода бұл құндылыққа жете алмады. Бірақ, әрқайсысының өз орны болды. Сонда да біз кітап оқуды тоқтатпадық. Кітап тың дүниелердің баршасынан биік, жоғары тұратынын осылай дәлелдеді.
Бүгінгі күнімізге оралайық, әлеуметтік желілердің салтанат құрып, таңданыс тақырыппен байытылған сайт беттерінің, өзектілігі саясаттан әрі асалмаған веб-парталдардың бәрі де теңесе алмады. Уақытты инвестицияға айналдыратын заманда кез-келген саланың шыңына шығу үшін білім қажетті. Бұл айтпасақ та түсінікті. Алайда, білімді сіз сайттан, әлеуметтік желіден ала алмайсыз. Кейбіріңіз қарсы шығуларыңыз да мүмкін?! Қазір интернетпен де сабақ беріп жатқандар бар ғой деуіңіз де орынды. Бірақ, сол интернет желісінің таратуымен беріліп жатқан білімнің түп-тамыры – кітапта. Себебі, сіз алып жатқан білімді үйретушіңіз кітаптан алған. Тек тарату үшін интернетті пайдаланып отыр.
«Қазақстанның болашағы білімді жастар» дейтін болсақ, білімді жас қайдан шықпақ?
«Жастар кітап оқымайды» деген айып та бар, шындық та бар. Бұл әрине, әр адамның өз қалауындағы іс. Ал, кітап оқымаған жастан білімді шыға ма? Немесе заман кітап оқуды талап етпейді дейсіз бе? Мүмкін солай-ақ шығар. Жұмысқа тұрарда сізден кітап оқығаныңызды сұрамайды, шет тілдерін білуіңізді және тәжиірбеңізді тексереді. Университет бітірген «жоғары» саналатын біліміңіз диплом арқылы ғана көрінбеуі тиіс. Жұмыс істеу барысында қажетті жан-жақты біліміңіз таңдаған салаңыздың шыңына шығаратыны сөзсіз. Білімі жоқ жас білікті болмақ емес. Ал, біліксіз маман еліміздің болашағына қалай айналады? Көпшілікке мотивация беріп, түрлі бизнес үйретушілердің де сізді білім алуға үгіттейді, білімді ету үшін кітап оқуды ұсынады. Сіз одан білімді болмайсыз, кітап оқымасаңыз. Осының бәрі айқын дәлел.
Заман – әркімді өз үшін еңбек етуге бейімдеді. Ендеше әр жан өз керегінше оқиды. Бірақ жастарға білім керек, оқу керек. «Бойымдағы бар жақсылығым үшін кітапқа қарыздармын» деген екен М.Горкий.
Ғұмырсыз кітаптар және оқырман болмағандар пікірі.
«Неге кітап оқымайсыз?» деген сауалға көпшілік уақытым жоқ дейді. Одан бөлек қызық та құнды кітап жоқ дейді. Бұл танымалдығы жоғары сылтаулар. «Әлем кітап беттеріне түсу үшін жаратылған» депті Стефан Малларме. Бірақ, әлем кітап бетіне бүгін құнсыз дүние түсіріп те жатыр. Мысалы, шабыт беру үшін (мотивация), дүниелік ақыл айтуға арналған шығармалар толып жүр. Ал, күнкөріске байланысты олардың бағасы тіпті «Абай жолынан» да асып кетеді. Және күнделікті тамақтануға немесе қыдыру үшін жұмсайтын қаражатты кітапқа қимаймыз. Неге дейсіз бе? Тамақтану бір сәттік азық, ал кітап оқу рухани азық, білім азығы. Осының байыбына бара алмаудан.
Қорыта келгенде, кітап – тұлға болып қалыптасуымыздың, саналы адам ретінде күн кешуіміздің, белгілі бір биікке шығуымыздың, жетілуіміздің негізі. Елдің болашағына үлес қосу, өз нақты мақсаттарымызға жету үшін де бастауы кітап болмақ.