Саясат
13 жыл өтті
2006 жылы болған «Шаңырақ оқиғасына» биыл он үш жыл. Тәуелсіз Қазақстан тарихында жаппай соттау сол оқиғадан кейін басталды. «Шаңырақ ісі» бойынша 9 айға жалғасқан сот процесі кезінде 25 адамға айып тағылды. Полиция қызметкері Әсет БЕЙСЕНОВ қайтыс болды. Содан бері арада 13 жыл өтті. Алайда баспана, жер мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында көпбалалы аналар үкіметтен баспана сұрап ереуілге шығып жатыр. Бұл 18-ақ миллион халқы бар Қазақстан азаматтарының шаңырақ бақытына жете алмай жатқанын көрсетеді. ...Шаңырақ үшін күрес әлі жалғасып жатыр.
«Жас АЛАШ» тілшісі «Шаңырақ ісі» бойынша 8 айып тағылған Аят ТЕМІРБАЕВПЕН сұхбаттасқан еді. Соны назарларыңызға ұсынамыз.
- Шаңырақ оқиғасы сіздің көзіңізбен: Халық пен билік арасындағы қақтығыс қалай басталды?
- 2006 жылдары жер сатуға байланысты заң шықты. Жер учаскелерінің бағасы аспандап, әкімшіліктегі пысықайлардың бәрі жер сата бастады. Халыққа алдап жер сатқандар да болды. Ол кезде мен студент едім . 2-курста оқитынмын. Шаңырақта әпкем жер алып, сол жерде кішігірім үй тұрғызып тұрып жатқан. Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ мырзамыз әкім болып келе салып, сол кездегі жағдайдың бәрін көзімен көрді, білді. «Шаңырақ шайқалмайды, Әйгерім әбіржімейді, бәрін қалыпқа келтіреміз уайымдамаңыздар, бәрі керемет болады», деді де, тура 7 шілде күні Бақай ықшам ауданын бір күнде сүріп жоқ қылды. Ішіндегі адамына қарамай, бәрін қуып шығарып, айуандықпен үйлерді сырып тастады. Соны естіген Шаңырақтың адамдары да үрейленді. Өзіңіз ойлаңызшы, күн-түн демей жұмыс істеп, соңғы тиындарына дейін санап беріп алған жерлері ғой. Енді келіп бәріне ескерту айта бастады. «Үйлеріңізді құлатамыз, заңсыз салынған», деп. Шаңырақтағылардың шырылына ешкім құлақ аспады. Ақыры тұрғындар полицияда істейтін туыстарынан, таныстарынан «ертең таңғы 9-дар шамасында сіздер жаққа үйлеріңізді құлатуға бюлдозермен барады» деген хабарды естіді. Сонымен, қараша халық «не істейміз?» деп аңтарылып қалды. «Ондай жағдай болуы мүмкін емес» деп сенгісі келмегендер де болды. Оқиға таңғы сағат 4-те басталып кетті. Бәріміз ұйқымыздан шошып оянғандай болдық. Сөйтсек, полиция қызметкерлері келген. Үйді сүруге арналған көліктері бар. Халық та жинала қалды. Біз үлкенді сыйлаған халықпыз ғой. Сөзге тоқтауы керек деген оймен Маржан АСПАНДИЯРОВА, Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Арон АТАБЕК сияқты азаматтар бейбіт бітімге келгісі келді. Өзіміздің арамыздан да жасы үлкен ақсақалдарымыз алдыға шығып, басу айта бастады. Бірақ, күткеніміздей болған жоқ. Кемпір, шал деген жоқ, итеріп, баспанамызға басып кіргенде, шыны керек біз қарап тұра алмадық. Кез-келген адам өзінің анасын біреу ұрып жатса, атасын итеріп жатса шыдап тұрмайды ғой. Осылай екі ортада қақтығыс басталып кетті.
Полиция қызметкерлері лек-легімен келді. Бұл жерде «жаппай тәртіпсіздік» деп өзімізге айып тақты ғой. Жаппай тәртіпсіздік деген менің түсінігім бойынша халық еш себепсіз көшеге шығып ғимараттарды қиратып тонау, бүлдіру. Осыны жаппай тәртіпсіздік деп есептеуге болады. Ал, бұл жерде жаппай тәртіпсіздікті жасап отырған халық емес, полиция қызметкерлерінің өзі. Олар халықтың қорғаушысы ғой. Шаңырақ оқиғасы кезінде керісінше қорлаушы болып кеткен сияқты. Барлығын өз көзіммен көрдім. Арасында болдым. Бәрі өліспей беріспеуге бекінді. Осы оқиғаның нәтижесінде еш жазығы жоқ, бір отбасының жалғыз баласы 24 жастағы полиция қызметкерін өртеп жіберді. Оны кім өртегені әлі күнге дейін белгісіз. Жазықсыздан жазықсыз 4 адамды соттап жіберді.
- Арон Атабек бастаған азаматтар қасақаны кісі өлтірді деген айыппен де сотталды ғой. Сотта қаншалықты дәлелдер болды?
- Ол азаматтарға жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп те айып тақты ғой. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Өйткені, ол кезде біз Арон Атабекті танымаймыз. Сол жерде жүрген Құрманғазы ӨТЕГЕНОВ, Ерқанат ТАРАНШИЕВ, Рүстем ТҰЯҚОВ бар, қысқасын айтқанда ешкім ешкімді танымайтын еді. Ұйымдасқан деуге негіз жоқ. Керісінше биліктің іс-әрекеті ашынған халықты біріктіріп жіберді. Шынына келгенде, билік өз дегенін істеді ғой. Сотталған төрт азаматтың Әсет Бейсеновтың өліміне еш қатысы жоқ. Видеода Арон Атабек қолына таяқ ұстап жүр. Таяғымен бір маңды көрсетіп нұсқаған. Басқа ештеңе жоқ. Бірақ, осыны алға тартып 18 жылға соттап жіберді.
- Қазір Арон Атабек пен Құрманғазы Өтегенов әлі түзету мекемелерінде отыр. Олардан хабар алып тұрасыздар ма?
- Арон Атабектің жағдайы өте нашар деп естіп жатырмын. Тікелей өздерінен хабар-ошар алып біле алмаймыз. Жағдайын жақындарынан біліп тұрамын. Арон Атабек ақын ғой. Жазуға тыйым салыпты. Жалғыз адамдық камерада отырады екен.
- Сіз қандай баппен айыпталдыңыз?
- Мен қылмыстық кодекстің 8 бабы бойынша айыпталдым. Маған бастапқыда кісі өліміне қатысы бар деген айып тақты. Кейін, 234-бап - «адамды кепілге алу» деп, сосын 181-бап - қорқыту, полиция қызметкерлерінің заттарын тартып алу, жаппай тәртіпсіздікке қатысты, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушысы ретінде де (күлді) айыптады. Тағы бірі 342-бап болу керек - «соттың үкіміне қарсы шықты» деген айып тақты. Ешқандай нақты дәлелдері болған жоқ. Ол кезде менің атымда үй де болағн жоқ. Соған қарамастан 3 жылға шартты түрде жаза кесті. Өздеріңіз білесіздер Арон Атабек 18 жылға, Құрманғаз Өтегенов - 16 жыл, Ерқанат Тараншиев - 15 жыл, Рүстем Тұяқов - 14 жыл арқалап кетті.
- Түрмеде сізге қандай да бір қысым көрсетілді ме?
- Ең алғаш ІІД-де соққыға жығылдым. «Мынаны үйтіп, мынаны бүйтіп айт» деп ұрады. Целинный кинотеатрының жанындағы ІІД-нің 6-қабатында есік-терезі жоқ кабинетке кіргізді. Сол жерде жауапқа алады екен. Куәгер болсаң, ешқандай жауапқа тартылмайсың. Біздің айтқанымызды сотта баяндап берсең жазадан құтыласың деді. Басымызға целлофан киігізіп жасамаған қылмысты мойнымызға ілгісі келді ғой. Әлі күнге дейін осы жайттар денсаулығымызға әсер етіп, зардабын тартып жатырмыз. Біреудің обалына қалғым келмейтінін айттым. Жігіттік намысқа тырыстым. Содан 3 жыл шартты түрде сотталдым. Сейфуллин көшесінің бойындағы тергеу абақтысында жаттым. Ол жерде анау айтқандай қысым көрсетілген жоқ.
- Шаңырақ оқиғасынан кейін үйлер заңдастырылды ғой.
Иә. Оған Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ біраз еңбек сіңірді. Еріктілердің арасында болдым. Қазір шүкір. Шаңырақ жайқалып тұр. Өзіміздің қара көздердің құтты қонысы. Қазір ойлап отырсам, сол кезде қырғынды салмай-ақ үйлерді заңдастырып бере салуға болар еді. Міндетті түрде біреудің қазасы керек болды ма? Біреуді міндетті түрде соттау керек болды ма? Осыны түсінбеймін. Өз еліміз, өз жерімізде басқа емес өз қазағымыз ұлтарақтай жерге зар болып жүрді.
- Босап шыққаннан кейінгі өміріңіз қалай болды?
- Біраз «жазықсыз отырдым-ау» деген ренішпен жүрдім. Күйзеліске түстім. Қанша дегенмен, жазықсыз жапа шеккен жаман екен. Әділетсіздікке шыдамай басыма не түрлі нәрселер келді. «Қылмыскер» деген атаққа намыстандым. Әлі күнге дейін алдыма кедергі болып шығады. Жақсы жерлерге жұмысқа тұра алмадым. Қазір өз күнімді өзім көріп жүрмін. 3-таптағы мүгедекпін. Қазір "Мүгедектер қоғамында" жұмыс істеп жүрмін. Мүсіндер жасаймыз. Азын аулақ айлығым бар. Қазіргі халіме шүкір деймін.
- Өкінішіңіз бар ма?
- Жоқ. Өкінбеймін. Халықтың сөзін сөйлеп шыққаныма еш уақытта өкінген емеспін. Мен ғана емес, сотталған жігіттердің қай-қайсысынан сұрасаңыз да осылай айтады. Себебі, осы оқиғадан кейін жағдай біршама түзелді. Қаншама халықтың баспаналары орнында қалды.
- Қоғам Шаңырақ оқиғасын қаншалықты жадында сақтай алды?
- Шаңырақ оқиғасынан кейін көп адамның жанына жара түсті. Жүйкелері бұзылды. Ауру болып қалды. Оларға психологиялық тұрғыдан сол жерде қоныстап қалу қиын еді. Сондықтан да басқа жаққа көшуге тырысты. Өйткені, іште қалып қойған үрей бар. Жерін сатып, көбі тұрғылықты мекен-жайын ауыстырды. Олардың орнына басқа адамдар көшіп келді. Жалпы, бұрыннан тұрып жатқан халық сол оқиғаны біледі. Кейбірі бейхабар. Мемлекеттің өз саясаты ма, кім білсін, бұл оқиға онша ашып айтылған жоқ. Шаңырақ оқиғасын ұмыттырғысы келетіндер бар сияқты.
- Шаңырақ оқиғасы кезінде халық пен билік бір-біріне қарсы шығып майдандасты. Халық тек баспана үшін күресті деуге бола ма?
- Қоғамда белең алған әділетсіздікке қарсы күрес деп айтуға болады. Халық жоғарыда отырып алып өздері шығарған заңды өздері бұзып отырған шенеуніктердің іс-әрекетін көріп отырды. Қазір де сол заңсыздық. Жемқорлар мен ұрылар басқарған заман. Бүгінде баспанасыз жүргендер өзіміздің қазақтар. Қысқасы, ол кезде үйсіз тозып жүрген халық бәріне кінәліп болып шықты. Жазаланды. Уәдесінде тұрмаған Иманғали Тасмағанбетов, Әуезов ауданының әкімі Владимир УСТЮГОВ, сол кездегі ішкі істер министрі Бауыржан МҰХАМЕДЖАНОВ жазаға тартылуы керек еді.
Сұхбатыңызға рақмет.