Weekend

Жетісудың інжуі мен маржаны: Көлсай-Қайыңдыға саяхат

Көзкөрген. Отандық туризмді қолдайық!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бас қаладан әсем қала Алматыға алғаш келгенімде қазақтың сөз өнеріне қызмет етіп жүрген атпал азамат Уәлихан Қалижанұлы:  «Жетісу – жер жаннаты. Қош келдің, Айжан қыз!» – деген еді. Ағамыздың басқа сөздеріне қарағанда, осы бір сөзі ерекше әсер етті. Сол сәттен бастап-ақ Алматының өзі де, айналасы да ғажайыпқа толы екендігіне күн сайын көз жеткізе бастадым. Расында да, Тәңрі жердің дәл осы нүктесіне келгенде фантазиясын еш аяп қалмаған екен. Сұп-сұлу мекен!

Дәл қазір, шілденің шіліңгір ыстығында бүкіл жұрт бір жылдық еңбегін қорытындылап, келесі жылға күш жинап, ойын да, бойын да сергітіп, жер-жерде демалып жүр. Көпшіліктің таңдауы шетелге түсіп жатқаны да жасырын емес. Әрине, шамаң жетсе, шекара асып, ел танып, жер танып келу күш пен әсер сыйлап қана қоймай, дүниетанымыңды арттырып, ойыңның шекарасын да кеңейте түседі. Әйтсе де, сәті түскенде, туған өлкеңнің, Отаныңның сырға толы топырағы мен сұлулық тұнған табиғатын тану – міндет. Осы мақсатта М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы жазғы демалыстың басын Алматы қаласынан 300 шақырымдай жердегі Көлсай-Қайыңды секілді сұлу мекенді көзбен көріп, танып, әрі табиғаттың аясында демалудан бастады. Тянь-Шаннің солтүстігіндегі табиғаты әсем жерде өткен екі күнде талай қызыққа куә болып, өзгеше әсермен оралдық.

Біздің тұрақ – сол маңдағы Саты ауылы болды. Алматыдан түнделетіп шыққан біз Сатыға дейін жолдың біраз қиындығына тап болдық. Елдің шетел асып кететіні де біздегі туристік орталықтарға сұранып-ақ тұрған аймақтардың жол мәселесін шешіп, адамның көптеп келуіне жағдай жасамайтындығынан болса керек. Әйтпесе, талайдың таңдай қағып айтатын Швейцариясын да көзі көргендер бұл аймақтың сұлулығы одан артық болмаса, кем еместігін айтып жүр. Әйтеуір жолай көрген аздаған қиындығымызды Саты ауылының тұрғындарының көлдей көңілдері жуып-шайды.

Таңертең топ болып, бірінші Көлсайға беттедік. Ғажайып пейзажға көз қанықтырып болған соң, екінші Көлсайға жол тарттық. Сапардың ең қызық тұсы да осы кез болды. Ауыл тұрғындарының айтуы бойынша, бірінші көл мен екінші көлдің арасы 8 шақырымдай жер. Бару-келу – 16 шақырым жалғызаяқ жолмен не жаяу, не атпен жетуің керек. Нағыз аяқ күшіңнің, ерік-жігеріңнің, демалысыңның  сыналатын сәті. «Екінші көлге дейін жетсем екен,» – деген мақсатыңның тезірек орындалуына  сұлу табиғат есіңді алып, аялдауға мәжбүрлеп, кедергісін келтіріп те тұратындай. Жол бойы айналаңа тамсана қараумен боласың. Осындай сұлу табиғат қазаққа бұйырғанына қуанып, кеудеңді мақтаныш сезімі де кернейді.

***

Соқпақты, тасты, бұралаңды жолда бойыңнан әл кеткенде, ыңғайы келген тасқа, немесе көлденең жатқан бөренеге отыра кетесің. Алқымыңды басып, деміңді алып, есіңді жиған сәтіңде айналаңмен танысып-білісе бастайсың.

Маған бірінші кездескен жан – Ақнұр есімді қыз. Астанадағы Шабыт университетін биыл бітірген екен. Өзі – арыстық. «Арыс қаласынанмын,» – дегенде бойымды ток соққандай күйде болдым. Биылғы Арыс қайғысы – бүкіл елдің қайғысы. Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан көргенім, халықтың қалай қиналғаны әлі де көз алдымда.

–       Еліңіз қалай? Оңала бастады ма? Желіде тараған видеолардан көрдім. Сұмдық! – дей бергенімде, дауысын қатайтып:

–       Сіздің видеодан көргеніңіз түк те емес, жарылыстар тура қасымда болды ғой. Аман қаларыма сенбедім де. Сонда да жүгіре бердім. Жалаңаяқ. Тікеннің кіргенін де сезбедім. Күн де өте ыстық болды. Таңдайымыз қурап келгенде, жолдан тосып, су берген Шымкент халқына рақмет! Бұл оқиға, сол сәттегі қорқынышым ешқашан ұмтылмайды да ғой енді. Санамның түкпірінде қап қойды. Әйтеуір, ойымды бөлейін деп осы өлкенің сұлулығын көрейін деп келдім. Ғажап жер екен! Шүкір, Арыс халқы да еңсесін көтеріп келеді– деп, мұңайып отырған қыз күлімсіреді.

–       Ондағы жұрт өзге аймаққа көшкісі келмей ме? Бірінші жарылыс емес қой.

–       Қайдан көшсін. Туған жер деген ыстық қой. Қазығың, тамырың. Әрі төбе-төбе боп аталарымыз жатыр. Ешкім де қимайды, - деді.  Сөзінің жаны бар.   

***

Біраз жолды еңсеріп, арқырап ағып жатқан бұлақтың басында отырғанмын. Екі шетелдік және бір қазақ қызы келіп, қасыма жайғасты. Жөн сұрастық. Бірі – швейцариялық Робин, екіншісі – бразилиялық Карла. Екеуі де Азияның тұмса табиғатын көруге құмартқан саяхатшылар. Бұған дейін Моңғолияда болған. Бірінші Астанаға (Нұр-Сұлтанға) соғып, Алматыға келген беттері екен. Қалаға жақын маңдағы Үлкен Алматы көлін, Шымбұлақ, Медеуді көріп, осы жаққа жол тартыпты. Әріқарай Қырғызстанды бетке алмақ екен. «Көлсайдың сұлулығын айтуға тіл жетпейді,» – дейді, бар эмоциясымен әсерін жеткізіп. Қош келдіңіздер! – деп, сәтті сапар тілеп әріқарай жолымды жалғастырып кете бардым.

***

Жалпы, Көлсайда шетелдіктерді көп көресіз. Корей, жапон, қытай, американ... Тіпті, қазақстандықтардан көп секілді. Дүниенің түк-түкпірінен іздеп кеп жатқан бұл аймақтың біз бағасын білсек қой, шіркін! Кейбір жандардың қоқысты тастап кете баратынына таңмын. Аялайықшы, табиғатты! 

***

Өрге қарай көтеріліп келе жатқанмын:

-         Қиын ба? Бірақ жассыз ғой. Қуатыңыз бар. Бізге сәл қиындау, - деді егде жастағы ұлты орыс азамат. Бұл кісімен де танысып, біраз әңгіме- дүкен құрдық. Есімі Юрий екен. Жасы 63-ке кепті.

-         Өзімді баяғы альпиниспін десем де болады. Жас кезімде көп шығатынмын. Бірақ Көлсайда бір-ақ рет, 40 жыл алдын ғана болған екенмін. Өзгеріпті ме, соны көрейін деп келдім.  80-ші жылдары ғой сол. Оххоо, мен ол кезде жас едім! – деп Юрий тұңғиыққа батып кеткендей болды. Жастық шағын сағынатындай. Қарттықты мойындағысы келмейтіндей. Ол маған Көлсайға жастық шағын іздеп келгендей боп көрінді.

Оның сағыныш тұнған жанарынан жастықтың да қадірін біліп, кеудеңде от, бойыңда күш барда, лапылдап жану керектігін ұғындым.

***

Тағы да біраз жолды артқа тастап, «Көлсай-2 көліне 1500 метр қалды,» - деген тақтай орнатылған жерге жетіп, отыра қалдым. Тақтадағы «1,5 км» емес, «1500 метр» деген сөзді оқып, қуанып кеттім. «Метр» деген сөздің жақын қалғандай әсер етіп, адамды қанаттандырып жіберетінін, «км» деген ұзақ қашықтықты білдіретіндей түйілетінін ойлап, бір күліп алдым. Әйтпесе, екеуі бір қашықтық. Осы ойдың құшағында отырсам, төмен жақтан үлкендеу жастағы әйел кісі балаларымен келеді екен. Үні сондай әуезді боп естілді. Шындығында ол қазақ тілінің әуезділігі еді. Әлгі әйел ешқандай қоспасыз таза қазақша, әрі үндестік заңының барлық заңдылығын сақтап сөйлеп келе жатыр. Бақсам, балаларын қанаттандырып, мотивация беріп келеді екен:

-         Тау шыңына шығу, кедергілерден өту – спорт, денені шынықтыру ғана емес, бұл да бір өмірлік сабақ.  Қолыңнан не келетінін өзіңе дәлелдейсің! – дейді.

Расында, мен де Көлсайдың екінші көліне жеткенше өзіме кездескен жандардан көп дүниені көкейіме түйіп қайтқан екенмін.

   ...Әлгі әйелдің сөзін естіген соң, маған қалған жолды еңсеру тіпті оңайға соқты. Лезде жетіп бардым. Алдымнан ғажайып табиғат картинасы қарсы алды. Көңілім шат болды.

 Табиғат анамыздың құшағында еркелеп, тамсанып, рақметіміз болсын дегендей, Сәкеннің «Тау ішінде» әнін әуелете әндетіп кері қайттық. Кеш те батты. Ертесіне бізді Қайыңды күтіп тұрды.

***

Қайыңдыға барар жолдың аса қиындығы жоқ. Айналаңды байыппен, бажайлап қарауға мүмкіндік бар. Жолда бұрын өзім көрмеген өсімдік пен жәндіктің сан түрін көрдім. Сөйтіп, өзімнің өсімдіктің, жәндіктің атауын, түр-түсін білмейтін, құс пен аңның үнін, оларға қандай үннің тән екенін білмейтін буынның бір өкілі екендігіме ұялып та қалдым. Төрт қабырғада отырып, асфальтта жүріп оны білмесі де кететіндеймін. Сірә, оны таудың етегіне тұрақтаған, тауда өскен, тау баласы жақсы ұғынып, жақсы білсе керек. Тау баласы демекші, әңгімемнің келесі баяны сізге күлкілі болып көрінуі де мүмкін.  Бірақ маған дәл осы оқиғаның ерекше әсер еткені.

Сол жақ қапталда атына екі қызды міңгестірген 12-13 жасар бозбала кетіп бара жатты. Оған бетпе-бет сол шамалас тағы бір атты бозбала шықты. Ол:

-         Оң жақпен жүрмейсің бе? – дегенінде екіншісі қамшысын қарсы келген аттың басына сілтеп қалғаны. Бұл аттың иесінің шамына қатты тиіп кетті. Жас жігіттің бұл әрекетіне бәріміз де таң боп тұрмыз. Аттың шылауынан алмайтын қазақпыз. Ашуға берілген жігіт:

-        Атты ұратындай жағдайға жеттің бе? Бері кел! Көрсетейін саған! – дегені. Екіншісі де қорқақтық қылмай, атыла кетті. Бір-бірінің жағасына жармасып, ұстасвп қалды. Нағыз ерлердің егесі. Бір кезде біреуі аяқтан шалып, өңгеріп салды. Екіншісі де қайсар екен, берілмеді. Екеуінен де тау баласының өр мінезі байқалып тұрды. Бұл екі жас баланың егесі менің мектепте, университетте көзім көрген жігіттер арасындағы әлімжеттік пен қорқақтықтың көрінісі емес,  бір-біріне қасқайып тұра білген нағыз жігіттердің төбелесі болды. Екеуі де былапыт сөздерсіз, айқай-ұрыссыз қазақша күрестің нағыз үлгісін көрсетіп берді. Екі бозбала жігітке риза боп тұрып, айналамдағыларға «Ажыратсаңыздаршы!» – деп айтқаныма өкініп те қалдым.  Ара-тұра дәл осылай бозбаланың шекісіп, бекісіп тұрғаны оны мінезді де ететіндей. Аттың киесін білген жігітке де, оған қарсы тұра білген жігітке де риза болып, тау баласының тауға қарап, таудай боп өсетінін мойындап әріқарай жолымызды жалғастырып кете бердік. Биік төбеден ылдилап келіп, төмен түскенімізде Қайыңды көлінің әсем көрінісі бізді қарсы алды. Құдды бір табиғаттың оқыс оқиғасынан емес, сұлулыққа іңкәр қылқалам шебері бар өнерін паш етіп салған картинадай. Сұлулығына көзің тоймайды. Биік таудың етегіндегі көлдің түсі де ерекше. Қайыңдының пайда болуында алапат жер сілкінісінен бөлек тылсым бір құбылыс бардай әсер қалдырады. Көл ортасындағы сан жылдардан бері бұзылмай тұрған Тянь-Шань шыршаларының діңгектеріне қарап тұрып, еріксіз осындай ойда қаласың. Тұп-тұнық судың түбіне қарап, су астынан да хабар алып келгің келеді. Шетелдіктердің де осы Қайыңды көлінің түбін көруге бекер құмартпайтынын түсінесің. Келесі жолы келгенде міндетті түрде дайвингті меңгеріп, судың астына бір сүңгіп көру керек. Табиғаттың тылсым құбылысын көргіңіз келсе, сіз де үйреніп, заттарыңызды сайлап, сапарға шығыңыз. Жетісудің ғажайыбына куә болыңыз. Тәңір тудырған керемет көріністі көзбен көріп, естен кетпес әсер алыңыз.

***

Екі күн Табиғат-Ананың құшағында болған біз қимай-қимай кері қайтып, қаланың тынымсыз тіршілігіне тағы да еніп кеттік. Бірақ қазақ топырағындағы Көлсай мен Қайыңдының сұлулығын мақтана айтып жүретіндей әсер алдық. 2 724 900 км² аумақтың бұрыш-бұрышындағы барлық кереметті көзбен көріп, танымаққа бел будық. Туған елімізге деген сүйіспеншілігіміз еселеп арта түсті. Отандық туризмді дамытуға шамамыз жеткенше әсер етуге бекіп қайттық.