Weekend

Қазақ тілінде енді көркем әдебиет тумайды

Неге?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мәдениеттегі метаморфозаның мәні мәдениеттің мазмұнын аймақтандыру және оны статикалық күйде ұстау арқылы бұқаралық сана көкжиегін дәстүрлі қоғам шеңберіне қамап отыруға тырысудан көрініс беруде. Қазақ мәдениеті қазір статикалық күйге – толық тоқырауға тірелді. Оның деңгейі өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы ауыл адамының талғамына сәйкестендірілген күйде қалып отыр. Қазақ тілі қазіргі бейресми қолданыс күйінен шықпаса, бұдан былай бұл тілде көркем әдебиет шығармалары тумайды, өнер өркендемейді. Қазірдің өзінде ғылыми жорналдар дінді орашолақ уағыздаумен айналысуға көшкен. БАҚ санын да, сапасын да сұйылтып келеді. Шығармашы зиялылар енді «Қан мен тердің» деңгейіндегідей романды армандағанды қойып, «Ақ маңдайлымдай» тарайтын ән де жаза алмай отыр. Мәдениеттің жойылуы – ұлттың жойылуының өзіне тән атрибуты. Бұл, білген кісіге, шаруашылық пен  әлеуметте болып жатқан апаттардың бәрінен де қауіпті құбылыс.

Кеңес кезінде көркем өнер шығармалары шаруаны алға жетектеуге дәрменсіз болды. Олардың көбінде ауыл адамының ындыны, күйбің тіршілігі, оның өзі ғана түсінетіндей тілмен, стильмен, соған жағатын сюжеттер арқылы берілетін еді. Жазушы ауыл адамының соңынан ілесуден танбады. Шаруаға үйрететіндей, оны прогреске жетелейтіндей шығармалар аз болды. Олардың көбі әлі күнге дейін шаруаны қалаға өшіктіру, Батысты құбыжық қып көрсету бағытынан айнымай келеді. Бұл деңгейдегі шығармалар өркениетті елдердің оқырмандары үшін сұрансқа ие бола алмады. Мәдениет сонысымен бәсекеге қабілетсіз күйінде қалып отыр.

Қазіргі ұлттық мәдениетте ультрапопулистік бағыттар белең алған. Ол туралы жазып жүрген сарапшылар материалдарында бүгінгі мәдениеттің аяқалысын бейнелейтін «тамашизм», «қылжақбайлық», «қайратнұртасизм» т.б. сияқты жаңа «терминдер» қолданады. Расында да, осы астарлы сөздер арқылы ұлттық мәдениеттің бүгінгі күйін дәлірек тануға болады. Қазіргінің көпке арналған туындыларында құбылған декорация, құлақ тесер дыбыс және әсіребатысшыл бұраңдау мен секіру бар. Ал жұмырға жұғын болар мазмұн жоқ. Өркениет талаптарына лайық аяқ алыс, замандастың жан әлемін тебірентер мәтін, оны ынтықтырар көркемдік деңгей, ұлт адамының рухын көтеретін азаматтық үн, тың ой, жаңа идея дегендердің бірі де жоқ. Тек оттың басындағы, ошақтың қасындағы, қой қораның маңындағы кір қожалақ адамдардың сұранысын өтейтін, мағынасыз күлкісін келтіретін, баяғыша самбырлау мен даңғырлау бар. Қазақ тілінде таралып жатқандардың бәрі қайталаулар мен мешеуліктерге тұнып тұр.

Қазақстанда қандай мәдениет жасалғаны, мәдениеттің қазақты қалай аграрлы қоғамға қамап тастау құралы ретінде жұмсалғаны, «алпысыншыжылдықтар" деп аталатын жазушылар тобының қазақты өркениеттен жырақ қалдыруға қалай себепші болғаны туралы «Философия языка» атты кітаптың V тарауында кеңінен талдау берілген. Сондықтан, мәдениеттегі метаморфозаға қатысты ойларымды осымен қысқа қайырамын.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ, «Билік метаморфозасы» мақаласынан

Жас Алаш