Саясат
Ветеринар мамандарының мәліметінше бұл сырқат надулярлық дермотит деп аталады екен
Қарағанды облысындағы Шет, Жаңаарқа, Осакаров, Абай аудандарының кейбір ауылдарында ірі қараларға бөртпе шығып, сондай-ақ, дене қызулары көтеріліп ауыра бастаған. Абай ауданына қарасты Юбилейный ауылының Жон бөлімшесінің тұрғыны Елена БУНТОВСКАЯ да сиырларының осы кеселге шалдыққанын айтып отыр. Елена Бунтовскаяның ветеринарлық дәрігерлерге деген өкпесі қара қазандай. Бір тайыншасы ауырып өліп қалған. Енді екінші біреуі қорада ауырып тұр. Сонымен қатар тағы он шақты сиырдың денесінде жаралар пайда болыпты.
«Біздің ауылда биылғы жылы үш үйдің малдарына ғана вакцина салды. Яғни мал басы көптерге ғана екпе жұмыстарын жасады. Бізге ештеңе деп айтпады. Егер біздің малдарға екпе салу керек десе соны өзіміз сатып алатын едік қой. Малдарға екпе салынбаған. Бірақ базада барлығы егілген деп жазылып тұр», - деп қынжылады Жон ауылының тұрғыны Елена Бунтовская.
Ветеринар мамандарының мәліметінше бұл сырқат надулярлық дермотит деп аталады екен. Кесел 2016 жылы елімізде алғаш рет Атырауда басталған. Ресейдің Астрахань облысынан Қазақстанған келген. Аурудың негізгі қоздырғышы шыбын-шіркей болады. Қарағанды облысында мамыр мен маусым айларында қалың жаңбыр жауғандықтан шіркей әлі де болса қалың. Сол себепті сырқат шіркейдің кесірінен өрши түскен. Мамандар былтырғы жылы тамызда бұл сырқаттың қазіргіден анағұрлым көп болғанын айтады.
«Бұл ауруға қатысты өзіміз жорамал жасап отырмыз. Ірі қараға егілген вакцинаның күші жетпей жатыр. Өйткені қазір шыбын-шіркей әлі қалың. Бұрын шілдеде шіркей қалмайтын. Малдың ағзасы кеселмен күресіп жатыр. Бірақ соған қарамастан ауру ауыр өтуде. Ол үшін қосымша вакцина салып малды емдеу керек. Дегенмен ауру қатты өршіп жатқан жоқ. Сондықтан карантин мәселесі қаралмайды», - дейді облыстық ветеринарлық бақылау инспекциясының бастығы Қайырбек ТҰРСЫНБЕКОВ.
Шенеуніктер Шет ауданына қарасты Ақой ауылында бес ірі қара малының жұқпалы дерматит сырқатынан өлгенін растады. Ал қалған ауру тіркелген аудандарда малдың көбісі қосымша екпе салудың нәтижесінде жазылып кетіпті. Қайырбек Тұрсынбеков «Малым аурудан қырылды » деген тұрғындарға ветеринарлар зертхана қорытындысы жасалмай тұрып, нақты сол дерматиттен өлді деп айту дұрыс емес дейді. Ветеринарлар мемлекеттен аурудың алдын алу шарасы үшін екпе жұмыстарының тегін жасалатынын айтады. Алайда мал ауырған жағдайда оны емдеу үшін қосымша вакцинаны мал иесі өзі сатып алуы қажет екен. Дегенмен ауыл тұрғындарының көбісі қандай жағдайда дәріні сатып алу қажеттігін біле бермейді. Әзірге Қарағанды облысында ірі қарада білінген кеселге қатысты карантин қойылған жоқ. Тек ауырған малдарды өріске шығаруға және олардың сүті мен етін сатуға тыйым салынған.