Қызылорда, 1929 ж. 22 мамыр.
Ілияс!
Аман шығарсың. Мен де сондай. Қостанайдан келгелі жұмыс басты болып кеттім. Наркомпростың бір кітабы бар еді, қысып отырып бітіртіп алды. Енді бір дем алам ба деп ем, календарьды сұрап шыға келді.
Түстен кейін ұйықтап тұрып, сағат 8-де жұмысқа кірістім. Түнеугіден бергі жинаған материалдарымды ақтардым. Сен бірсыпырасын "әзірлеп" кеткен екенсің, көп "рахмет" айттым. Сен сияқты ЕРДІҢ ерлігін бағаламауға бола ма…
Ашу бар. Қабағым жабық. Бұрқылдатып жазып жатырмын. 5 сағат отырып жазып едім, 17 қағаз шығарыппын.
Бәрінен де қиыны — отпыскеден қалғаным болды. Ешқайда шықпаймын. Ешкімнің үйіне бармаймын. Дос-жарлардан қол үзік. "Жатқанға берсең маған бер"-ге түскен жай бар.
Сені осында келіп кете ме деп жүр едім, ырысың бар екен — келмедің. Егер көзіме көрінгеніңде күн ұзаққа төбелесетін едім.
Алматыға ағұс-сентябр айысыз бара алмаймыз. Қатынға айтып көріп едім: "Алматыға барып пәтер тауып ал" деп, көнетін емес. Пәтерсіз қалмасақ жарар еді. "Пәтер тауып қой" деп саған тапсырудың өзі де қиын. Өзің ескеріп тауып қоям десең, бәлкім айыбыңды кешіп жіберуім де мүмкін-ау…
Сағат 4-тен 7 минут асты. Бозарып таң атып келеді. Терезені ашып жаңа кішкене отырдым. Түрлі ойлар қаптады. Жаз өмір елестеді... біз шал болып қалдық-ау, Ілияс, білесің бе…
Қой жатам. Әуешке сәлем айт.
Қолыңды әкел.
БЕЙІМБЕТ