Саясат
Зейнетақы зары
60-70 жылдары туылған ұрпақтар - Кеңес Одағы кезінде туылып, Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Бас хатшысы Л.И.Брежнев қайтыс болған 1982 жылдың арғы-бергі жағында өмір сүрген, алды жоғарғы оқу орнын жаңа бітірсе, соңы 12-13-тегі бозбалалар еді. Осыдан кейін, патшадан патша ауысып, аяғы М.С.Горбачев келіп "бетбұрыс" жасап, соңында Кеңес Одағы деген империя күйреп, тарап кетті.
1986 жылғы Алматы қаласында болған, желтоқсан оқиғасына қатысқан да - осы ұрпақтар. Өйткені сол кезде студент болған да, қалада жұмыс істеген де осы жастар еді.
1991 жылы Кеңестік империя тарап кеткен соң, колхоз, совхоз, завод, фабрика жұмыстарын тоқтатып, не жұмыс жоқ, не беретін айлық жоқ кезде, ала дорбаны арқалап, базар жағалап кеткен де - осы ұрпақ өкілдері.
Міне осы ұрпақ өкілдеріне арнап Алматы қаласында 23 миллион долларға сабаннан тиінге ескерткіш орнатқанша, осы буынға ескерткіш қою керек. Бұл ескерткіштің тәрбиелік мәні зор болар еді. Бұл ұсынысым Алматы қаласының жаңа әкімі Бақытжан Сағынтаев мырзаға өтініш және құлағына алтын сырға.
Осы ұрпақтың зейнет жасына жетуіне 5-7 жыл қалды. Қазіргі зейнет жасына шығу заңы бойынша еңбек стажың кемінде 20 жыл болуы керек. Зейнетақы қорың болуы және бар. 60-70 жылғы ұрпақта 20 жыл стаж да жетіспейді, зейнетақы қоры да аз. Яғни, ең төмен зейнетақымен, 40-50 мың теңгемен шығады деген сөз. Колхоз, совхоз, зауыт тарап, тоқтап, ел базар жағалап, "таксовать" етіп кетсе, қайдан еңбек стажы, зейнетақы қоры болсын?! Дәл осы ұрпаққа еңбек стажы 15 жыл болса болады, зейнетақы қоры қанша болса да есепке алынуы тиіс. Сондай заң қабылданып, бекітілуі тиіс. Біздің үкімет зейнет жасын көтеріп жібермесе болды, әйтеуір.
Еуропада 67 жаста зейнетке шығады екен, тағы бір елде 80-де шығады екен, Ресейде 65-те деп "потому што" демесе болды. 63 - пайғамбар жасы. Ахмет Яссауи пайғамбар жасынан асып кеттім-ау деп, жер астына түсіп кеткен. Біздің министрлер орысша мектеп бітіргендеріне мақтанатын сияқты. Қорғаныс министрі Арыстағы апатты сөздікке қарап "естественный" табиғи нәрсе деп бағалады. Олай болса, 60-70жылғы ұрпақтардың да стаждарының жетіспеуі табиғи "естественный" жағдай. Өйткені заман солай болды. 60-70 жылғы туылған ұрпақ - шамшыл, намысшыл ұрпақ. Желтоқсаншыл буын.
Осы ұрпақтың балалары қазір алды 40-та, 25-30-да. Бұл ұрпақтың да еңбек стаждары 20-ға жетпейді, зейнетақы қоры аз. Ал енді нағыз митингіге шығатын, ереуілдейтіндер де - осылар. Осы мәселенің бәрін үкімет те, қоғамдық ұлттық кеңес те, ойлануы керек. Келесі жылы атап өтілетін, Екінші дүниежүзілік соғыстың 25 жылдығына қарай, соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілер. Ол кісілердің немере, шөбере, неменелеріне шейін үйлі болды. Аталарына мың алғыс айтатын шығар.
Ал желтоқсаншыларға қашан құрмет көрсетіледі? Желтоқсаншымын деген куәлік немесе қуғын-сүргін көруің керек екен. Сонда 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын сотталған, қуғын-сүргін көрген жүзге жуық адам ғана жасаса керек. Маған Алматы қаласының Прокуратурасы осылай түсіндірді. Болмаса куәгер іздеуім керек. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан болудың негізінде Желтоқсан оқиғасы тұрғанын кейбіреулер білгісі келмейді.
Менің осы ойларым, ұсыныстарым ұлттық қоғамдық кеңес мүшелерінің құлағына шалынса екен.
60-70 жылғы туылған ұрпақ зейнетақысы 70 мың теңгеден кем болмауы керек. Базалық зейнетақыны көтеру керек. 60-70 жылғы ұрпақ зейнетақысына қосымша 15-20 мың теңге үстеме, мемлекет есебінен төленуі тиіс. Әйтпесе, шетелге қашқан байлар өзіміздегі олигархтар есебінен төленсін, олардың осындай жағдайға жетуі - осы ұрпақтың арқасы.