Саясат

Қос Мұхтардың басы «бір қазанға» неге сыймайды?

Қоғам екіге жарылып кеткен жоқ па...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ жазушыларының текетіресі бізге дейін де болған, бізден кейін де бола бермек. Себебі жүректегі иман құлдыраған жерде, ақыл ашуға тізе бүгіп жығылған сәтте ібілістің нөкері болып шыға келу оп – оңай, қарақтарым! Іштарлық, күншілдік, тәкәпарлық, қызғаншақтық – жүрек қатайғанда сыртқа ұмтылатын Ібілістің “әскерлері”. Оған пенденің өзі қолбасшы болып, әзәзілдің арбауына түсіп, өзін – өзі алдарқатып, “Менікі дұрыс! Мен дұрыс айтамын! Мен қателеспеймін! Ол менен төмен! Мен тұрғанда ол кім?” деген сеніммен жүре бермек. Мұның арты өшпес кекке, адуын ашуға, көкбет – аярлыққа ұласпақ. Оның түбіне ешкім жетпек емес. Бұл өзі ауыл іргесінде жануарлардың тезегі мен шөп – шаламы, қорда мен көңі секілді іштен қызып жанып, жылдап бықсып жататын қоламтаға көбірек ұқсайды. Оның жаман жері, жел тұрса құтыра тұтанатыны…. Басқа күндері түтіндеп жатса да маңайын қолқаны атар исімен тұншықтыра беретіні жаман…

Егер ашу қысқан адам “Бәлкім онымен де санасып көрейін. Ол да білімді. Елге сыйлы. Ел арасына іріткі салмайық. Осы бізге не жетпейді? Мүмкін ол дұрыс айтып тұрған шығар! Мен қателескен шығармын!” деген ой бас көтерсе,  жұмыр басты пенде оны мойындаса, көп жағдай да, сабырлылық көмекке келмек. Ондай сәтте ақыл-таразы – ақ пен қараның ара жігін ажыратып, буырқанған ашуды ауыздықтап, балаға бастыққан жабағыдай ыңғайға көнбек. Осылайша керіскендер арасында келісім туы желбіреп, ыза мен кек “тұтқындалып”, қайқайған бас “салбырап”, тау жаңғыртар дауыс “жуасып”, шатынаған көз “жасаурап” тәубәға келу деген шариғат үкімі салтанат құрар еді… Бірақ біз әзірге одан алыстамыз….

Өкінішке қарай, мұндай қадамға баратындар өте аз. Басқаны қайдам, елге рухани демеуші, әдеп пен әдеттің қайнар бұлағы саналатын, ақыл – ойдың көзі делінетін қаламгерлер арасында бәсекелестік өршіп тұр. Әсіресе атақ – даңқ биігіне шыққандар ортасында. Олар өліспей беріспеуге, жанталаса қаралауға, іреті келсе жала жабуға, жалған намыс арқалап топ құруға әуес. Олардың пайымында  иілу – жеңілу,  үнсіздік – мойындау болып көрінеді. Ақырында жалған намыс жарға жығып, ел алдында абыройдан жұрдай болып жататын зиялылар көп…. Осы жетпістен асқан ғұмырымда кітабын жата –жастана оқыған зиялы қауымның көпшілігінің  қу дүние үшін, қара бастың қамы үшін, даңқ биігіне көтерілу үшін бірімен – бірі алысып-жұлысқанын,  бірін – бірі атарға оғы жоқ кескін -кейіптерін, жүректі жаралайтын оқ-сөздерін оқып та, көріп те келемін. Ең өкініштісі, солардың біразы мына дүниеден бірін – бірі кешіре алмай о дүниге аттанып кетіп жатыр. Ол жақтағы сұрақ – жауап Алланың құзырындағы мәселе….

Енді даукес, жала жапқыш, айыптағыш ағайынның артына қалдырған шығармаларын оқысаңыз тұнып тұрған ізгілік! Парасат! Ұлағат! Мейірім! Қанағат! Әділдік! Елім – жерім деген ұраншыл пафос!   Кек сақтағыш жүректерден осыншалықты даналықтың қалай шығып жатқанына қайран қаласың? Қазақ атамыздың “Өзі қасқа, сөзі басқа” дегені осы екен-ау деп кейде түңіліп кетесің….

Мысалы әріге тереңдемей-ақ, беріден шалсақ, тарихқа айналған екі алып Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың “шайқасы” тұрпаты бөлек «қырғын»! Нағыз көкжалдардың айқасы! Бірін -бірі түтіп жеуге дейін барған, тіпті бірін -бірі жоққа шығарған классиктер. Ол тұстағы өзге де “бүліктерді” айтпай -ақ қоялық.

Одан бері де Тахауи Ахтанов пен Сафуан Шаймерденов, Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Қабдеш Жұмәділов…т.б…. Қарап тұрсаң кіл “Сен тұр мен атайын” жазушылар. Атақ-абыройлары асқақ! Беделдері – таудай! Табыстары көл-көсір! Сонда бұларға не жетпеді екен, ә? Бұлармен тұстас замандастарының ішіндегі “майдан” қаншама! Оларға не жорық! «Сөзі – биік, өзі – сұйық жазушылар кімге дәрі?» деген халық арасындағы реніш осы кезеңде қалыптаса бастады?….
Енді міне, екі бірдей халық жазушысы тағы да сүзісіп жатыр. Сүзісіп жатқан жоқ, желге қарсы қарап қасқайып тұрған арқардың құлжасындай ақынды, қандағай бұлан жазушы қапталдан  келіп қапыда мүйіздеп құлатпақ. Талай рет аңысын аңдап мертіктіре алмаған құлжаны осы жолы тоңқалаң асырмақ… Елдік мұрат жолындағы текетірес болса, қалың қазағы «Есіл ерлер – ай» деп  аяушылықпен, бірақ сүйсіне қарап тамсанып тұрар еді. Алайда бұл жолы дүйім жұрты, алмағайып заманды бастан кешіріп жатқандықтан  атағынан ат үркетін екі мықтыға тамсанып емес, шамданып қарауда…

ҚОС МҰХТАРДЫҢ БАСЫ «БІР ҚАЗАНҒА» НЕГЕ СЫЙМАЙДЫ?

Бір заманда сөз зергері Ғабит Мүсіреповтың көзіне түскен, оның батасын алған Екі Мұхтар (Мағауин мен Шаханов) ортасындағы түсінбеушілік, айларға емес жылдарға ұласып, оның аяғы баспасөзде жалғасып, жаға жыртысудың “озық түрі” ел есінде жақсы сақталып қалды…

Бірден айтайық, екеуі де мықты жазушылар. Екеуі де қазақ әдебиетіне елеулі еңбек сіңірген ардагерлер. Екеуі де танымал. Екеуі де ұлы дарындар! Бірақ бұларға да бірдеңе жетіспейді. Қайсысына не жетпейді? Бастары бүтін, бауырлары аман….

Қарап тұрсақ, екеуі де бастан сөз асырғысы келмейді. Екеуі де иілуге жоқ. Қайсысы батыр, қайсысы   тәкәппар?

Менің жеке көзқарасым бойынша асқақтық Мағауинде басым. Өте кінәмшіл! Кекшіл! “Ешкі жетектеген екеуді” кім ұмытады? Ондағы қыжыртпалар мен керітартпа ойлар қандай!  Замандасы, досы туралы  “Әбіш екеуміз” естелігінде өзінің кінәмшілдігін, өкпешілдігін  ашық мойындайды тағы. Соның жарқын дәлелі Америкадан жеткен хат. Тақырыбы да ғаламат. «Үрген қарын». Тағы да Шахановты тұқырту ойыны.

Баяғы «Шыңғысханнан» кейін Шаханов басылды. Мүмкін шаршады. Бәлкім кешірді! Қалай дегенмен де шетел асқан аттас әріптесінің артынан тас атуға дәті бармады. Бұл күнде сүйекке таласып жүргенімен, ауылды қасқыр торығанда біріге кететін қайқы құйрық бөрібасарлық мінез екенін көпшілік көрді. Риза болды. Бірақ Мағауин тыншымады…

“Жармақ” тәрізді кітап жазып, ондағы бір кейіпкерге Мағауинше Мүштар “Мақауин” деп кемсітіп айызы қанып отырса ешкім де қой демес еді. Бірақ Шаханов ондай ұсақтыққа иілмеді. Келешек ұрпақ алдында, қу тіршілікте жағаласқан адамының ұлылығына күйе жаққысы келмегені анық. Себебі тасқа басылған дүние ұрпақтан ұрпаққа кетеді. Кімнің дау қуғыш, кімнің күнәдан арылғыш екеніне солар төреші.

Дегенмен Шахановтың өрікпеген аттасына көп жағдай да көңіл бөлмеуі «…Біздің ауыл иттерінің аты да, келеді ылғи Бөрібасар, Арлан боп, Бірақ әлі қасқыр алған бірі жоқ, қасқыр түгіл қоян ұстар түрі жоқ…» деп күншіл ағайын  шуламаса екен деген танымынан шығар, кім білген? Бәлкім Мұхтар деген киелі есімге зәбір көрсеткісі келмегендіктен болар?

Сыртынан қанша ғайбаттап, дөң – айбат көрсетіп жатсада, жүйке тозса да, сыр алдырмау деген не деген шыдамдылық! Не деген ірілік! “Өзіңді өзің жаттай сыйла жат бойыңнан түңілсін” дегенге бағынып, өзін қаралаған аттасына «шымшыма» жыр арнап келекелемеу, шығармаларында соқтықпау – үлкен кісілік білгенге. Әйтпесе Шахановтың қыршаңқы тілі Мағауинді өзі жазған «тірі тұлыптай» сылып алуға жетіп жатқанын оқырмандары жақсы пайымдайды. Бұл да болса азаматтық ұстаным!

Ал Мағауин жоғары да айтқан қоламтаны үнемі “жел болып” үрлеп қоюға уақыт тапты. Және содан ләззат алғандай кейіп танытып жүр. “Ата жауын” сыбағандай, «тізерлетіп» сабағандай Шахановты үнемі іліп түсіп, шалып кетіп отырды. Тіпті атын ауызға алуға арланып, тегіне тіл тигізіп, “Біздің Шахаң” деуден талмай келеді. Мұнысы Әуезовтың есіміне «адалдығы» болар? Ұстазын «тілдегенше» Шахановтың әкесін балағаттаған қолайына жақса өзі білсін! «Іріген ауыздан, шіріген сөз шығады» дейді мұндайда дала даналығы! “Сырт көз сыншы”. Бәрін халық көріп отыр. Біліп отыр. Екі Мұхтарды соғыстырып, ортасынан шыққан жарқылға «темекісін тұтатуға» құштарлар да көп. Бірақ Шаханов көбіне үнсіз қалып, Мағауиннің “дуэліне” келіспейді. Өйткені қаңғыған оқтай бытыра – сөздің бірі болмаса бірі жазым етер деп қорқады – ау… «Таяқ еттен, сөз сүйектен» өтер деген бабалар ғибыратына адалдық осыдан көрінетіндей.  Қалың елі құрметтеген Шахановтың бәле қуғысы келмейтіні, дау -дамайға араласуға құлықсыздығы, денсаулығының да мәз еместігі көпке мәлім.

АМЕРИКА АСҚАН «ХАТТЫҢ» НЕ СИҚЫРЫ БАР?

Таяуда бір жазарман әлеуметтік желіде мұхиттың арғы жағындағы Мағауинге хат жазып, Шахановтың “қорлығынан”, “ұлтшылдарға жасап жатқан” қысымынан, көпе –көрнеу «қиянатынан» құтқаруды сұрады. (Хаттың астарында  Серікжан Біләш мәселесіне ара түсу жатыр).

Осы жерде Шаханов не бүлдіріп қойды деген сұраққа жауап бере кетейік. Шаханов: «Қытайдағы қазақ мәселесін айғайшы бір топ емес, үкімет мемлекеттік деңгейде араласып шешсін», деп өз ұстанымын хат арқылы білдірді. Бұл тарих бетіне 17 – нің хаты деген атпен еніп кетті. Түсінікті болу үшін қайта жазайық.  «Abai.kz» ақпараттық порталы зиялылардың хатын түпнұсқадағы тақырыппен жариялады. «Оралмандар қашанғы опық жейді?» атты ашық хат Президентке, Үкімет пен Парламентке және жалпақ жұртшылыққа қарата жазылған.

Онда Қытайдағы қандастардың қиын жағдайы, екі айырылған жанұяның бірігуі, екі арадағы күрделі мәселелердің шешілуі секілді бүгінгі таңдағы ең өзекті тақырыптар қамтылған. Соның ішінде мемлекетаралық деңгейде шешілуі тиіс мәселені, шекараның шетіндегі қазақтың басын бәйгеге тіге отырып, айқай дабырамен шешкісі келетін кейбір бейресми ұйымдарды та тілге тиек еткен. Бары сол. Біреуге атын атап шүйлігу, тиісу мүлде жоқ. Сенбегендерге сілтемесі  міне:  https://abai.kz/post/85102.

Сол – ақ екен Серікжан және оның жақтастары, Шахановты “қара есекке теріс мінгізіп” Қытайдың ақшасына сатылған деп жала жапты. Ол жала әлі – тұғырынан түскен жоқ…. Айып тағушылардың бар айтатындары; Қытай қаржысына шығатын “Көрші” деп аталатын журналдың ақылдастар алқасы құрамында болғаны екен. Айналайындар-ау, ол алқада кім жоқ, Мұрат Әуезов аға бастаған қаншама ағаларымыз бар. Солардың бәрі сатқын ба? Бүгінгі таңда «Шахановтың жағасынан алсаң батыр боласың, қолдасаң жау боласың, Қытайдың юанына сатылған сатқын боласың. Ал Серікжан туралы жазсаң балақтан тартқан ит боласың». «Кезінде Алаш арыстарын да осылай жала жауып атқызған, Серікжанға да солай жала жауып отырсыңдар” деп аттандап жатқандарға не шара!.

Олай болса  Шахановқа қарсы топтың “екінші майдан ашу” жоспарын іске асыру үшін «мұхиттың ар жағына» хат жазуы, нағыз арандатушылықтың басында тұр. Бұл әбден ойластырылған «стратегиялық мәні бар» жоспар.

Оған аузын айға білеген «Американдық» жазушы Мағауин таптырмайтын одақтас. Атағы да, Шахановпен «шатағы да»  келіп тұр. Ендеше ежелден ішінде «өшпейтін» кегі бар, жүрегіне «қан қатқан» Мағауинге,  Шахановты «талатып алуға» керемет мүмкіндік туғанын Біләшшылар қалт жіберсін бе?

Айтпақшы Мағауиннің атақты «хаты жайлы» әлеуметтік желіде «Қазбілім» орталығының директоры, білікті ұстаз, ұлтжанды азамат, өзіндік ойы бар Аятжан Ахметжан: – «Міне,  кейде осы Мұхтар Мағауин көкеміздің Мұхтар Шаханов көкемізден өзге шаруасы жоқ секілді көрінеді. Жылда бір адам туралы бір-екі мақала, бес жылда бір-екі роман жазу ірілік емес. Пендемен алысу да пендешілік… Бет тырнау шығармашылық емес…» деп жазды.

Расын айту керек, алғашында бұл «хатқа» көпшілік күле қараған. Себебі ата жұртынан алыста жүрген Мағауин ұсақ-түйек арызға, сөз етуге тұрмайтын жазғыштың хатына, жалақор топтың дауына араласпайтынына бек сенімді еді.

Бірақ жолбарыс – мінез, арыстан – кеуде, қыран тектес Мағауин шау тартып қалғандікі ме, (әлде қазақ ертегілеріндегі қанатымен дауыл тұрғызатын Самұрықты көз алдына елестетті ме),  қия шыңның басында жемтік іздеп мүлгіп отырып, аппақ қар дүниенің үстіндегі қарайғанға шүйлігіп кеп түсті. Ашкөздік, ашқарақ – нәпсі деген сол емес пе? Көзіне қан толған қыран неге қарасын? Жемтігінің парша – паршасы шығарған. Сөйтіп бауырына басқан жемтігіне тояттап алып үңілсе, бөрі деп түскені “Үрген қарын” тәрізді қауқарсыз, қаудыраған қоян болып шыққанын көрді? Өзі нысанаға алған арлан Шаханов жалғанды жалпағынан басып жортақтап бара жатқанын  қырғи көзі шалып қалған. Қартайғанда… тышқаншылап кеткеніне бәлкім ызалана саңқ еткен болар…

Мұхит асып келген Мағауиннің “Үрген қарынын” үркердей топ «үкілеп», мойнына «маржан тағып» әспеттеп жатыр. Шындығында «Үрген қарын» Крыловтың «Пілге үрген қанденіне» көбірек ұқсап кеткені көзге бадырайып көрініп тұр. Көркемдік ойдан жұрдай.  Әр сөйлемнен ызы мен  ашу «ызыңдайды».  «Жамау» көп болғандықтан ауыр оқылады. Сылдыр судай татымсыз, нәрсіз, жалаң құр сөз көп!

Бейнелеп айтсақ, классик Мағауин болашақ хикаятына кейіпкер қылып алған жағымсыз, бетпақ, өсекші, жалақор әйелдің монологын байқамай өз жұртына хат қылып салып жібергенге ұқсайды. Әйтпесе сөз зергерінің осыншалықты ұсақтыққа баруына ешкім сенбейді.

Біз білетін Мағауин – ұлы шығармаларға құрық салатын, ұлы додаларда топ жаратын. Қазаққа болсын дейтін. Жүрегі, жаны қазақ жазушы еді. Алашшыл еді. Ұлты үшін отқа түсуге ғапыл еді….

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ «ЖАРМАҚТАЙ» ҚАҚ ЖАРЫЛДЫ… КІМ КІНӘЛІ?

«Үрген қарын» мақаласынан еуропаға барып, қазақы стилін жоғалтып жазған «Жармақтағы» Жармақ секілді қақ жарылған Мағауинді көріп шошыды жұрт. Ізгілікке құмар Мағауин тасада қалып, зымияндыққа шөліркеген Мағауин ортаға шығыпты. Адам деген өзгере береді екен-ау? «Сынықтан басқаның бәрі жұғатынына» тағы көзіміз жетті осы жолы.

«Аласапырандағы» Ораз-Мұхаммедтей өзі де сыртта жүргенімен, сұлтан кейіпкеріндей елге сағынышы байқалмайды. Елге жету үшін Ондан баласы не көрмеді? Шайтанмен де келісімге келуге риза – тын… туған жерінің бір уыс топыраған иіскеуді армандап шаһит болды жат жұртта…. Ал Мағауин керісінше «Битке өкпелеп….».

Жазушы Мағауин Еуропадан Америкаға барып қоныстанып еді, сол – ақ екен «Америкалық ұлтқа» қарсы шыққан Шахановты бұрынғыдан бетер жек көруге көшіпті… Американың әсері ме, бұл?! Онымен қоймай ұйғыршыл Серікжан Біләш пен маңындағыларды көсем көре қалыпты! Істің мәнісіне бармай сөзін сөйлей қалыпты.  Егер бұлай жалғаса берсе Америкадағы бай ұйғыр қатыны, қытайдың қас дұшпаны Рәбия Қадыр мен қазақтың  жазушысы Мұхтар Мағауиннің аты бірге атылып жатса таң қалмайық ағайын!
«Соңғы жылдары шеттен келген қандас бауырлардың жік – жікке бөлінуі де қалың қазақты әбігерге салуда.  Ағайын арасында алауыздық туғызуда…  Сырттағы қазақ көшін алғаш бастап келгендерді сатқынға балау, Қытайдағы қазақ мәселесі туралы жақ ашпадыңдар деп қаралау, осының бәрі ағайынның арасына от салу емей немене? Және бұл кімге тиімді? Әрине, қазақтың жеріне қызыққандарға, байлығымызды тонайтындарға тиімді. Қазақ бір-бірімен қырық пышақ болып, быт-шыты шықсын деп мысық тілеу болып отырған талай жұрт бар. Бұл отты ары қарай үрлеп, маздатушылар өздерінің кімнің мүддесіне жұмыс істеп жүргендерін бір уақ сезінсе ғой дегіміз келеді….».

(Қытайдағы ұйғырларды түгендемей – ақ қазақ бауырларымызды  түгендейік, сонан соң қалғанын көре жатармыз!  Шариғатта да бірінші өзіңді, бауырыңды, сонан кейін басқаны жарылқа демей ме! Елдегі ұйғыр ағайынмен де құда – жекжат  болып, бауыр басып силасып кеттік, ара – жікті арандатып ашпағанымыз абзал..! Қазаққа еш елдің өкпесі жоқ, қаншама ұлт пен ұлысты бауырымызға бастық! Арандатып, елді бөлмеңдер айналайындар!).

Шаханов үшін, Шахановты мұқату үшін Мағауин елге іріткі салғандардың шашпауын көтерсе, онда қазақтың «қара нар жүк көтермес, бел кеткен соң» деген әнін қосыла шырқауға тура келеді.  Өйткені қалың қазақ қазір Мағауин жазған «Жармақтай» қақ  жарылып тұр? (Әрине адамның қақ жарылуы Мағауин ашқан жаңалық емес. Бұл әдіс Жапон, Еуропа әдебиетінде бұрыннан бар. Тіпті Мағауиннен бұрын жазылған Төлен Әбдіктің «Парасат майданында» көрініс берген).

Қайран, Мағауин! Сыртта жүріп елдегі саяси оқиғалардан тыс қалғаны көрініп тұр… «Батыр аңғал келеді» деген рас-ау… Әйтпесе, ел тағдыры сынға түскен заманда «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартатынын» білсе керек-ті… Халықты сабырға шақырудың орнына дүрліктіруге, ынтымаққа шақырудың орнына жікке бөлуге ұмтылу – абыз жазушыға жараспайтын қылық! Сосын кім – көрінгеннің жетегіне жүрмейтін, айтқанына ермейтін, асыл текті, бекзат болмысты, адуын мінезді  Мағауиннің бас пайдасын ойлаған біреулердің хатына елп ете қалғаны да түсініксіз?….

ТҮЙІН СӨЗ:

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болады қашанда. Мен де сөзімді түйіндемекпін. Кім не десе о десін, Мұхтар Шаханов сонау 1986 жылғы желтоқсан қозғалысының шындығы үшін күресіп бүгінге дейін ұлтының мүддесін қорғаумен келеді. Оған күйе жағу – ұлтқа күйе жағумен бірдей. Өйткені Шахановтан қазақты бөліп алу – қылмыс!  Мағауиншілесек, «Шахановтың атақ дәрежесі атан түйенің белін қайыстырар жүкке тең». Бұл – халықтың берген бағасы әрине!

Сосын Серікжан Біләш пен Шахановты қатар қою ақылға сыйымсыз әрекет! Өйткені Серікжан халыққа танылғалы екі – үш  – ақ жыл. Соның өзінде дау-дамайы мол, жолының кедір – бұдыры көп,  Абай данышпан айтпақшы, «Жұмбақ адам»…

Ал Шаханов – дәуір тынысы!  Уақыт – қылышы!

Арандатушылар арасында Шахановтың Тоқаевты қолдағаны туралы  сан – алуан пікірлер айтылуда. Кімнің аузына қақпай қоярсың, «Ит үреді, керуен көшеді».  Бұл да өр ақынның – өз ұстанымы! Негізі дұрыс – жол!

Тоқаев – былыққа батпаған, демократияны жақтаған, жаман жолмен жүрмеген, соңынан қанден – өсек үрмеген азаматтың бірі. Ендеше неге қолдамасқа? Неге жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеске? Қайран Шерхан Мұртаза атамыз айтпақшы, «Президент –біреу, қалғанымыз оған тіреу» болып жатсақ несі жаман?! Ата-ананың арманы не? Елдің тыныштығы мен ырысының артуы!  Көксейтіні не? Татулық пен ынтымақтың  күшеюі. Ал керітартпа пиғыл мен дау – дамай – жарқын болашаққа жол тартқан бізге қол емес…

Айтқым келгені осы еді…

Сәуле Мешітбайқызы

elana.kz