Түркі әлемі

Қарасақал ма әлде Шона ма?

Тарихта жұмбақ тұлғалар көп

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Олардың сырын ашамыз деп жүргендер де аз емес. Отан тарихында сыры ашылмаған тұлғалар бар. Соның ішінде, шығу тегі аз зерттелген, бірақ Қазақстан тарихында өзіндік із қалдырған тұлғалардың қатарына – Қарасақал жатады. Қарасақалдың ұлты қазақ болмаса да, қазақ даласында бірнеше тарихи оқиғаларға араласқан.

Осы уақытқа дейін тарихшы ғалымдар Қарасақалдың нақты кім екенін дөп басып айта алмай келеді. Ол 18 ғасырдың алғашқы жартысында тарих сахнасында кенеттен пайда болып, түркі халықтарының арасында ноғай сұлтаны Герей, қарақалпақ бегі Байболат, башқұрт феодалы Қарасақал және ең қызықтысы, қаһарлы жоңғар ханы Цеван-Рабданның ұлы – Шона есімдерімен танымал болды.

Ш. Уәлиханов Қарасақалды «жұмбақ тұлғалы дала авантюрисі» деп атаса, ал Р. Игнатьев: «Біз Қарасақал туралы ештеңе білмейміз», - деп жазды. 

Сонымен, Қарасақал деген кім? Бұл сұраққа жауап беру үшін тарихқа жүгінейік.

Ол тарих аренасына алғашқы рет 1740 ж. башқұрт жерінде ноғай сұлтаны Герей атымен шығады. Бұл кезде башқұрттар Ресейге қарсы көтерілістер ұйымдастырып, көршілес қазақтардан көмек сұрап жатқан еді. Атап айтқанда, олар Кіші жүз және Орта жүз сұлтандарын өздеріне басшылық жасауға шақырып, бірнеше ұсыныстар жасайды. Қазақ сұлтандары мұндайға келіспеген соң, башқұрттар хан тағына лайықты басқа адамды іздей бастайды. Осы кезде башқұрт мырзасының үйіне «көпшілікке бет-жүзін көрсетпейтін жұмбақ адам» келіп жетті деген хабар лезде тарайды. Кейін бұл кісі – ноғай сұлтаны Герей болып шықты. Сұлтанның үлкен қара сақалы жұртты таңқалдырып, кейін ол Қарасақал атанып кетеді.

Қарасақал Ресей үстемдігіне қарсы башқұрттардың көтерілісін басқарып, ел арасында өзінің ержүректілігімен, батырлығымен таныла бастайды. Сонымен қатар, Қарасақал өзінің діндарлығымен де көзге түскен. Ол Мекке мен Мединеге барып қажы атанған, араб тілін меңгерген. Діни танымы қарапайым молдалардан жоғары болған.

1740 жылы башқұрттардың көтерілісі басып-жаншылған соң, Қарасақал қазақ даласына қашып келеді. Бұл кезде оның тұлғасы жөнінде жаңа ақпараттар тарала бастайды. Хан болып сайланған Қарасақал шын мәнісінде сұлтан Герей емес, қарапайым башқұрт шаруасы Миндигул Юлаев деген қауесет пайда болады. Бірақ Қарасақалдың келбеті де, сөйлеу мәнері де башқұртқа ұқсамаған еді.

Қарасақал қазақ даласына келген соң өзін Шона батырмын деп жариялап, Қалдан Церенді тақтан тайдырмақ ниетін білдіреді (Шона батыр, Шоно-Лоузан – Жоңғар қонтайшысы Цеван Рабданның ұлы, Қалдан-Цереннің інісі. Ержүректілігімен танылса да, таққа талас кесірінен Еділ қалмақтарына қашуға мәжбүр болады. Сол жақта белгісіз жағдайларда қаза тапқан). Осылайша, Қарасақал қазақ билеушілерінің қолдауына ие болу мақсатында Шонаның атын жамылады.

Орыс әкімшілігі қазақтардан Қарасақалды ұстап беруді талап етті. Бірақ қазақ билеушілері мен батырлары оны патша өкіметіне тапсырмады. Өйткені Қарасақалдың Шона атануы жоңғар билеушісі Қалдан-Церенді қатты мазасыздандырған еді. Қарасақал жоңғарларға қарсы күресте өз пайдасын тигізуі мүмкін еді. Өйткені нағыз Шона батырды жоңғарлар қатты құрметтеп, сыйлаған екен.

Қарасақал беделді қазақ қайраткерлерімен, соның ішінде Қазыбек бимен, Батыр сұлтанмен, Барақ сұлтанмен жақсы қарым-қатынаста болған. 1749 жылы Қарасақал жұмбақ жағдайда қайтыс болады. Оның шын мәнісінде кім болғанын дөп басып айту қиын. Ол қазақ тарихында өзіндік із қалдырған жұмбақ тұлға болып қала береді.