Weekend

24 жастағы жасөспірім

Ғалымдар жасөспірімдік жас мөлшерін жиырма төртке дейін ұзартпақшы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлемде аты мойындалған белді  зерттеушілер жақында ғана жасөспірімдік жастың ұлғайғанын атап көрсеткен болатын. Бұрын жасөспірімдік жас мөлшері 19-20 жасты құраса, қазіргі таңда ол көрсеткіш 24 жасқа жетіп отыр. Бұл мәлімет бірнеше жылдық зерттеулердің қорытындысынан соң жарық көрді. Көпшілік аталған ақпаратты жақсы хабар деп жатқанымен, бұл қуанарлық жағдай ма? Қоғамда өз орнын әлі таба қоймаған жастар жағы осы ақпаратты желеу етіп, «мен әлі жасөспіріммін» деген тіркесті ойсыз тіліне тиек етіп, жауапкершіліктен қашып жүр.

24 жастағы жасөспірім: бұл дегеніңіз, көп ұзамай үйлену, тұрмыс құру, өмірді тереңінен ойлау мүмкіндігі көңіл қынжытарлық жағдайға жетеді деген сөз. 24 жастағы жасөспірім: бұл дегеніңіз, жастарымыз кеңінен ақпаратты қамтып, ойша қорытып, қоғамда өз орнын ертерек табуға қауқарсыз болады деген сөз. 24 жастағы жасөспірім: бұл дегеніңіз, психологиялық тұрғыда жастарымыз есеюден қорқады деген сөз.

Байқап қарасаңыз, қазіргі таңда адамдардың жас мөлшерін жүзіне қарап айқындау қиынға соғады? Неге? Біріншіден, бет терісі күтіміне арналған косметикалық жарақтардың қолжетімділігі. Екіншіден, ата-әжелеріміздің, ата-анамыздың өмір сүру деңгейімен салыстырғанда, қазіргі қоғамда өмір сүру «оңай». Неге десеңіз, барлық нәрсе қолжетімді. Еңбек етсең ерінбей, қарның тіленбей тоятын заман бұл. Адамның жүзі де, организмі де жасаруға ұмтылған заманда, неліктен ертерек өмірге араласа бастаған жастарымыз жан дүниесінде әлі «бала көңілмен» қалып бара жатыр?!

Еңбектеген бала шағынан бастап қолына ұстаған смартфоны-бүкіл әлем құпиясын ашу құралы. Сол құрал қолында бола тұра, неліктен жастарымыздың жаны жаманға құмар болып барады?! Ата-ананың да әсері бар ма деп ойлаймын. Өзінде болмаған дүниені баласының қолына ұстатып, жемеген затын аузына тосып, табанына қадалған шеге маңдайыма қадалсын деген шектен тыс мейірімнен баланың еңбек етуге ықыласы суып кететін тәрізді. Себебі, дайын ас, дайын үй, бәрі дайын. Ал біздің ата-аналарымыз он үште отау иесі атанбаса да, отаудың шаруасын бір кісідей тындырып жүрді емес пе?! Адамды тәрбиелейтін-еңбек. Кезіндегі ауыр еңбектің дәмін татқан көпшілік қауым-қоғамда өз бұрышын тапқан жұртшылық. «Жұмақтың кілті-ананың табанының астында» демекші, анасының табанының астындағы алтын кілтті алып, ломбардқа өткізуге тырысатын өзі ересек, бірақ тірлігі шала бейбақтардың бар екенін көгілдір экраннан естіп,біліп, көріп те жүрміз. Осы сынды әрекеттер көбейгендіктен, есейгісі келмейтін белгілі бір жастар тобының көңілі жасөспірімдік шақта қалып бара жатқан жоқ па?!

Ескі тәрбиемен өсірген менің өмірге араласуым ерте болды. Себебі, қажеттілік! Жасым жасөсіпірімдік шақтан енді асып жатқанымен де, маған отыздан асып кеткен, өмірлік тәжірибесі мол, айтатын ақылы бар, ақылын қорытуға жететін миы бар тұлғалармен тіл табысу оңайырақ. Кейде ортақ кездесулерде өз құрдастарымды көріп, біліп, ғалымдардың дәлелдемесі шындыққа жақын екендігіне көзім жетеді. Біз сондаймыз, біздің соңымыздан ерген шыбықтай буыны қатпаған өскіндердің жағдайы не болмақ? Бізге үлгі бола білген ағалардың шашы ағарып, апалардың ошағы кеңіп жатқан шақта Біз кімге үлгі боламыз?! Жиырма төрттегі қолында таудай университеттің дипломы бар азаматтарымыз «мен әлі жасөспіріммін» деп шыңғырып жүрсе, дамыған ондыққа қалай енбекпіз?! «Болар елдің баласы он бесінде баспын дейді, тозар елдің баласы отызында жаспын» дейді деген баба сөзі ойыма еріксіз орала береді. Статистика өзгенің көрсеткіші бола берсін, өзгелер жасара берсін. Бірақ БІЗ, қаны қазақ жастар, жаспын-маспын деп бассыз қалып, опық жеп жүргенше, еңбектің тәтті нанын жеп, ертерек ес жиып, ересек болғанымыз дұрыс секілді. Ойланайық...