Bugin
Арыс халқы үкіметтің есебін өтірік деп отыр, үйлер әлі қирап жатыр
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Арыс қаласының залал келтірілген үйлерін, әлеуметтік нысандарын, инженерлік желілерін салу және жөндеу жұмыстарының барысын тексерді, сондай-ақ қаланы қалпына келтіру жөнінде кеңес өткізді.
Осы кеңесте ҚР қорғаныс министрі Н. Ермекбаев, ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ. Өскенбаев, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы Б. Сандықбаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары О. Ордабаев өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша баяндама жасады.
Баяндамашылардың мәліметіне сенсек, Арыстағы құрылыстың 90%-ы жөндеуден өткен екен.
Қазіргі таңда зардап шеккен 7516 бір қабатты жеке үйлердің 6611-і немесе 90% жөндеуден өткізілді. Қалған 905 бір қабатты жеке үйлерді жөндеу жұмыстарын 10 тамызға дейін аяқтау қажет. 67 көп қабатты үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстарды 20 тамызға дейін аяқтау керек. Барлық 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру жұмыстарын 20 тамызға дейін бітіру қажет. Осыған орай, Штабтардың жұмысы 20 тамызға дейін жалғасады.
Бұл үкіметтің есебі. Егер шынымен де осындай болса, Арыстағы ағайын үшін үлкен қуаныш болар еді. Алайда, бұл - жоғарыға берілер есептің кез келгенін мұздай ғып жіберетін біздің биліктің көне "ауыруы" секілді. Себебі Арыс қаласының тұрғындары бұл мәліметпен мүлде келіспейді. Олардың айтуынша, бітпеген жұмыс әлі шаш-етектен.
Ғұбайдолла Сүйінбаев, Арыс тұрғыны
- Халықтың жағдайы жақсы емес қазір. Эвакуациялау кезінде еш көмек бермеген үкімет тұрғын үйлерді жөндеу ісінде де тұрақсыздық танытып отыр. Үкімет басшысы Асқар Мамин үш рет келді. Оның орынбасары Жеңіс Қасымбек те бір мәрте келіп кетті. Алайда, ешқайсысы халыққа жақындамайды. Халықпен кездеспейді. Жанына жолатпайды. Жақындап, арыз-шағымдарымызды айту мүмкін емес. Премьер министр күні кеше тағы келді. Біз сол кісіге кездесіп, арызымызды айтамыз дегеміз. Бірақ жақындау мүмкін болмады. Мұндай халқынан алшақтап кеткен үкімет кімге керек...
Ал облыс әкімі Өмірұзақ Шөкеев 4 шілде халықпен кездескенде, бір ай ішінде барлық құрылыстың бітетінін айтқан. Бірақ, қазір біздің көшенің өзінен 15 үй әлі біткен жоқ. Біздің көшеде 35 үй бар. Соның 15-і бітпеді. Ал біздің 14 секторда 527 үй бар. Соның әрі кетсе 100-інде ғана құрылыс жұмыстары аяқталды. Қалған 427-сі әлі сол күйінде тұр. Тіпті, жаңағы 100 үйдің өзі 100% дайын емес. Мұса деген бірінші топтағы мүгедек танысым бар еді. Соның үйін бұзып тастаған. Содан бері бір ай өтті, әлі бастаған да жоқ.
Арыс қаласындағы 14 сектордың құрылысына жауапты Алматы қаласы Құрылыс басқармасының жұмысы өте нашар. Мәселен, Жамыл облысы мен Маңғыстау облысының құрлысшылары өздері жауапты секторларда жап-жақсы жұмыс істеп жатыр екен. Ал біздің районға жауапты Алматы қаласының құрлысшылары мүлде жұмыс істемейді.
Бұзып тастаған, әлі жұмыс бастамаған үйлер әлі көп. Мәселен, Ақылбаев Дүйсенбай деген көршім бар. Үйінің төбесін ашып тастағанына бір айдан астам уақыт болды. Әлі ештеңе істеген жоқ. Алматы қаласы Құрылыс басқармасының бастығы Нұрбол Нұрсағатов үйлеріңізге тек жөндеу жұмыстарын ғана жасайық деп бізді үгіттейді. Ал ұзақ уақыт болған, сабан кірпіштен соғылған, жарылыста снаряд тиген үйді қалай жөндеуге келеді. 50-60 гралус ыстықта, үіміздің есік-терезесі жоқ, төбесі ашық, сонда отырдық.
Өмірұзақ Әмірев Арыс тұрғыны
- Менің үйімнің қабырғаларында 4-6 см жарықтар бар. Соған қарамастан үйді тек жөндеуден өткіземіз деп отыр. Біз бұған наразы болып, қайтадан экспертизадан өткізуді талап еттік. Жаңағыдай үлкен жарықтардың болғанына қарамастан, бұл жолы да тек жөндеу жұмыстарын ғана жасау керек деген шешім келді. 6 см жарығы бар үйді қалай жөндеуге болады?! Ал Алматы қаласы Құрылыс басқармасының бастығы Нұрбол Нұсағатов қайта-қайта келіп, жөндеу жұмыстарын ғана жасауға келісім беруімді сұрап жүр.
Абзал Құспан, заңгер
- Бұл жерде мемлекеттік масштаптағы көзбояушылық орын алып отыр. Үйлердің 90 пайызы бітті деген ақпаратты естіп жатырмыз. Бірақ, толық сүріп тастап, қайта салу керек үйлерді жеңіл-желпі жөндеуден өткізіп жатыр екен. Бұл әрекеттерін сарапатама деуге келмейтін мамандардың қорытындысына сүйеніп жүзеге асыруда.
Мәселен Өмірұзақ ағамыздың үйіне қатысты мамандардың берген қорытындысымен таныстым. Мұнда сараптама жасаған екі мекеме де үйді тек жөндеуден өткізу керек депті. Тіпті бұларға салса, бар жауапкершілікті үй иесінің өзіне артқысы келеді. Үй әу баста құрлыс нормаларына сай салынбаған, сондықтан жарылыс кезінде зақымдалған дегенді айтып отыр. Әрі бұлар өз сараптамаларында фотосуретте анық көрсетілген 4-6 см жарықтарға мән бермей, 1-2 см кіші жарықтарды ғана назарға алған. Бар ойлары үйді бұзғызбай, жөндеуден өткізу болып отыр.
Егер Арыстағы үйлер құрлыс нормасына сай салынбағандықтан қирап жатқан болса, ондағы әлеуметтік нысандар да сапасыз салынған болып шығады. Себебі, Арыстағы 66 әлеуметтік нысанның 62-сі қирап қалған. Ал бұлар үкіметтің тікелей тапсырмасымен, құрлыстың барлық талаптарына сай салынған. Осындай нысандардың өзі қирады деген сөз, Арыстағы апаттың аса ауыр болғанынан дерек береді. Демек, жаңағы сарапшылардың тұрғындар үйлерін құрлыс талаптарына сай салмады дегені бос әңгіме.
Сол үшін Арыстағы үйлер түгелдей сүріліп, қайта салынуы керек еді. Бұл жарылысқа ел билігі, Қорғаныс министрлігі тікелей жауапты. Солардың салғырттығынан осы апат орын алып отыр. Демек, олар бар жауапкершілікті арқалауы керек. Азаматтық заңнама талаптарына сәйкес, зиян келтіруші келтірген зиянының орнын толтыруға міндетті. Сол үшін үкімет өздері мойындағандай, өздері келтірген зиянды өздері өтеуі керек.
Тағы бір мәселе, облыс әкімі Шөкеев халыққа қора-жай немесе сарайларыңды салып бермейміз, тек үйлеріңе жауап береміз депті. Бұл мүлде болмайды. Азаматтық кодекстің талаптарына сай, бұл тікелей солардың міндетіне кіреді. Кінәнің қасақана және абайсыз деген екі түрі болады десек, бұл жерде абайсыздықтан апат орын алып отыр. Абайсыздық болғанда да қызметтік салғырттық себебінен жарылыс болып, халыққа зиян келіп отыр. Осы зиянның орнын үкімет өзі толтыруға міндетті. Бұл жерде ешқандай дау жоқ.
Шөкеевтің қора-жай мен сарайды жөндеу біздің міндетімізге кірмейді дегені заңдық тұрғыдан өте сауатсыз айтылған сөз. Бұлай айтуға еш құқығы жоқ. Келтірілген шығынның орнын толығымен төлеуге міндетті. Тамыз айы басталды, үйлер әлі салынып болмады. Оның үстіне ауыл қазағы мал ұстайды, ал бұлар қора-жайларыңды салмаймыз деп отыр. Сонда қыс келгенде халық қайда тұрады, малын қайда ұстайды.
Егер биліктегілер келтірілген шығынды толық өтеуге келіспесе, елдегі өзге де білікті заңгерлерді іске қосып, ел үкіметін сотқа беретін боламыз. Бұдан басқа амал қалмайды. Бұл жалпы ел алдында, халықаралық аренада Қазақстан билігіне абырой әперетін қадам емес.