Bugin

Қырғыз-қытай қақтығысы: Қытай қырғыздарды жазалауды талап етіп отыр

Бұл оқиға қытай компаниясына үлкен шығын әкелген

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қытайдың Қырғызстандағы елшілігі Нарын облысында орналасқан Zhong Ji Mining компаниясына жергілікті тұрғындардың шабуыл жасағаны жайлы хабар таратты, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы barometr.kg сайтына сілтеме жасап.

- 2019 жылдың 5 тамызында жергілікті жердің тұрғындары тау-кен өндірісімен айналысып жатқан Нарын облысындағы Zhong Ji Mining қытай компаниясының Солтон-Сары кен орнына жиналып, заңсыздық ұйымдастырды. Кейбірі компания орналасқан территорияға заңсыз басып кіріп, компания қызметкерлеріне әлімжеттік көрсетті. Қазіргі уақытта қытай елшілігі зардап шегушілерге медициналық көмек көрсетумен айналысып жатыр, - делінген қытай компаниясы таратқан хабарламада.

Компания хабарлағандай, қытай кәсіпорындары ұзақ жылдар бойы Қырғызстанмен серіктестік қарым-қатынас орнатып, инвестиция құйған әрі екі елдің де әл-ауқатын көтеруге қызмет еткен. Қытай үкіметі шетелде жұмыс жасап жатқан қытай кәсіпорындарынан жергілікті елдің заңнамасын қатаң ұстанып, әлеуметтік салаға мән беріп, қайырымдылық жасауды, сол арқылы берік қарым-қатынас орнатуды талап етеді.

- Бұл оқиға қытай компаниясы мен оның қызметкерлерінің экономикалық жағынан болсын, физикалық жағынан болсын, үлкен шығынға батырды. Қытай тарапы болған оқиғаға алаңдаушылық танытып, қырғыз үкіметінен зардап шеккен қызметкерлерге медициналық көмек көрсетіп, бұл жағдайға кінәлі барлық тұлғаларды қатаң жазалап, әділ тергеу жүргізуді талап етеді, - делінген хабарламада.

Қытай тарапы қырғыз үкіметінен қытай компаниясының құқығы мен мүдделерін қорғап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қатаң талап етіп отыр.

Айта кеткен жөн, 5 тамыз күні Қырғызстанның Нарын облысының тұрғындары қытай компаниясының заңсыздықтарына қарсы шығып, оның жұмысшыларын сабаған болатын.