Weekend

«Паразиттер»: Өмір жайлы фильм

"Метафорично!" Жақсы кино көрмекке...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

4 шілдеден бері Chaplin Cinema кинотеатрлар желісінде оңтүстіккореялық режиссер Пон Джун Хоның «Паразиттер» атты фильмі көрсетіліп жатыр. Киносүйер қауымның ыстық ықыласы мен дәл осы фильмнің сеансына залдың лық толуына қарап, фильмнің биылғы 72-ші Канн кинофестивалінде Алтын пальма жүлдесін бекерден-бекер алмағанын түсіне беруге болатындай.

Фильмнің мазмұн-мәніне тоқталмас бұрын, осыдан бірнеше жыл бұрын болған мына бір оқиғаны айта кетсем деймін. Алматыға енді келген сәтімізде туыс ағам сіңлім екеумізге: «Мұстафина-Фрунзе жақта бір қыздың телефонын тартып алып, өзін ұрып кетіпті. Алматыда ұрылар өте көп, автобуста, көшеде, сауда орындарында, жер-жердің бәрінде жүреді. Сақ болыңдар,» - дегені. Мұны естіген біз: «Ужа-а-а-с!» – дедік. Кері жауап: «Қандай ужас? Бұлар оны «выживание» деп айтады» деді - болды! Тағы бірде Magnum дүкендер желісінің бірінде көкөніс алып жүргенмін, бір қыз картопты таразыға тартып, бағасын белгілеп болды да үстінен тағы да салып алып: «Надо выживать!» - деп артығымен алып кете барды. «Ужас!»

... Иә «выживаниенің» түр-түрі бар. Кейін келе, бір құрбымның телефоны автобуста (63-маршрут) ұрланды, енді бір құрбымның әріптесін (қыз бала) өз үйінің алдында өлімші етіп сабап (бірнеше жігіт), сөмкесін, телефонын алып, тонап кетті.... Алаяқтықтың да сан түрін естідік. Одан қалды, адам аяқ алысы көп-ау деген көшелердің бойында аттап бассаң қайыр тілеген жанға кезігесің. Теріс жол ғой, бірақ еті үйреніп кеткен олар үшін кәдімгі күнкөрістің қамы. Айтпағым, «Паразиттер» фильміндегі кейіпкерлердің күнін көру үшін ойлап тапқан әрекеті де қызық (немесе «ужас»). Олардың әрекетінен айлакерлік те, қулық пен сұмдық - бәрі айқын көрінеді.

Ең бірінші, фильм атауының номинативті мағынасына тоқталсақ, биология бойынша, «паразиттер – (гр. parasіtos – арамтамақ) — белгілі бір организмнің (паразиттің) екінші бір организмді (иені) тіршілік ортасы ретінде пайдаланып, сонда өсіп дамуы, қоректенуі. Бұл фильмдегі басты кейіпкерлер де күн көрудің қамымен өзге адамның рөліне еніп, айласын асырмақ болған «паразиттер». Оқиға күнін пицца қорабын орап, нәпақасын тауып, күнін көріп жүрген отбасы жайында. Отбасында – әкесі, анасы, ұлы және қызы. Ұлдың жақын досы болады. Сол досы өзінің бақуатты бір жанның үйіндегі қызметін алмастыра тұруын сұрайды. Ол сол үйдің қызының оқытушысы болатын. Әлгі кедей жігіт оқыған, білімді жігіттің құжатын қолдан жасап апарады. Паразиттік пе? Паразиттік. Өзі өзгенің «денесіне кірген» ұл енді, қарындасын, қарындасы – әкесін, әкесі – анасын «кіргізе бастайды». Бір сәтте барлық қулықпен қызметті болып шыға келеді. Фильмнің жанры бәрі қызметке қол жеткізгенше комедия болып келген еді, қызметті болған соң фильм драмаға, одан трагедияға, тіпті, қанды қырғын мен қатыгездіктен тұратын қорқынышты хоррорға дейін алмасады.

Фильмді санаға салмақ түсіре отырып көру керектігін режиссер басты кейіпкердің аузына «метафорично» деген сөзді жиі салуымен-ақ білдіріп тұрғандай. Диалогтарда философиялық тұжырымдар, ойлар көп. Әлгі отбасының тұрған үйінде таракандардың көп болуы да бір мәнге меңзейтіндей. Олардың ауласын дәрімен тазартпақ болған сәтте сол үйдің қызының: «– Дезинсекторы... надо закрыть окно,» - дегеніне әкесінің: – «Не надо – нас обработают бесплатно...» – деген жауабының өзі де бұл фильмнің көрерменнің есіне адамдық қасиеттерді салып, жүректі бір тазартып алуға септігін тигізетіндей. Сондай-ақ, Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасындағы шиеленіскен жағдайды да кейіпкерлердің сөздері арқылы жеткізіп отырған.

Көпшілік «Паразиттер» фильмі – әлеуметтік тап туралы, қоғамның байлар мен кедейлерге бөлінетіні жайлы фильм деген пікір айтады. Әйтсе де, мен бұл фильмді өмір жайлы фильм деп қабылдадым. Фильмдегі жанрлардың алмасуы да күлдіріп тұрып жылататын, қуаныш пен қайғы алмасып отыратын өмірдің сипатын білдіретіндей. Және мұндағы бай-бақуатты жандардың образдары мен кедейлердің кейпіндегі образдардың ешбірі айла мен қулықтан, надандықтан, тәкаппарлық пен паңдықтан ада болып тұрған жоқ. Бәрі – тең. Яки, бәрі пенде. Бастапқы ойыма кейіпкерлерінің болмысы да бір тұздық болды. Көрген жанның әрбірі әрқалай ойлайтыны сөзсіз. Бастысы, көкейіне бірнәрсе түйсе болғаны. Режиссер де осы мақсатты орындамаққа барын салғаны аңғарылып тұр. Оған дәлел – көрермен ықыласы.