Авторлық ертегі

«Бөкей!» ұранды төбелес: Қазақ-орыс оқушыларының арасындағы қақтығыс

Қазақ және орыс оқушыларының арасындағы қақтығыс

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлихан 7 жасқа толғанда әкесі, қалыптасқан дәстүрге сай, баласын Қарқаралыдағы Зариф (кей деректерде Зариев) молдаға оқуға береді. Бұл туралы Смахан төре естеліктерінде жазылған. Төңкеріске дейін жарық көрген «Новый энциклопедический словарь» (әйгілі Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефрона энциклопедиясы) мәліметтерінде осы басылымның 1908-1917 жылдары редакциялық алқасына енген Ә.Н.Бөкейхан «медреседе оқыған» деп көрсетілген. Бұл шамамен 1873-1875 жылдар болса керек.

Екі немесе үш жылдық мұсылманша сауат ашудан кейін Әлихан әкесінің тамыры, жергілікті татар көпесі Ками Бекметовтің үйінде тұрып, Қарқаралы бастауыш орыс-қазақ мектебіне оқуға түседі. Алайда, Смахан төре айтқандай, үй қожайыны, көпес Бекметовтің шаруашылық жұмыстарына пайдалану әрекетін қабылдамаған Әлихан өз еркімен аралас бастауыш мектептің интернатына, сол кездегі атауы бойынша пансионатқа ауысады. Бұл жағдай белгілі болғанда, ұлының өзіне тән сыралғы мінезінен, тәкаппарлығы мен бірбеткейлігінен жақсы хабардар әкесі ашуға салынбайды. Ол кезде бастауыш орыс-қазақ мектебі төрт жылдық оқу курсы болатын. Оны аяқтағаннан кейін Әлиханды оқуы тағы да төрт жылға жалғасқан Қарқаралы қолөнер мектебіне тапсырады.

Бұл училищеде оқып жүрген кезеңі оның кейінгі өмірі мен қызметіне ықпал еткен айрықша есте қаларлық оқиғаларға толы болды. 1880 жылдары қазақ жері әлдеқашан орыс мемлекетінің меншігі ретінде мойындалып, ал 1867-1868 жылдардағы отарлық биліктің саяси-әкімшілік реформасы дала ақсүйектері саналатын төре-сұлтан, қожа, рубасы, халық билерінің билігі мен ықпалының күрт әлсіреуіне әкелсе, қазақ даласы бұл кезде қазақтар мен қашқын орыс шаруаларының қоныс аудару нысанына айналды. Далалық қазақ өлкесінің әр тұсында жайылым, шабындық, қыстау немесе рулыұ қоныстар үшін жердің байырғы иесі қазақтар мен қоныс аударушылар арасындағы қанды қақтығыстар әдеттегі жағдай ретінде көрініс тапты. Сайып келгенде, мұндай даулар жиі қайталанып тұратын қанды қақтығыстар үнемі келімсектердің пайдасына шешіліп отырды. Сондықтан қазақтар мен орыс шаруа-қоныстанушылары өлкенің жергілікті тұрғындарына қарағанда өздеріне сенімді болды. Бұл ретте Әлихан білім алып жатқан училищедегі жағдай да мәз емес еді.

Бір қарағанда, білім алушылар арасындағы әдеттегі төбелес тосын көрінбейтін. Бірақ келімсек балалары сан жағынан басым қолөнер училищесіндегі қазақ және орыс оқушылары арасындағы қақтығыс анық ұлтаралық сипат алған еді. Бұл шиеліністің басты себептерінің бірі – орыс балаларының бассыздығы мен шектен шыққан озбыр әрекеттері екенін аңғару қиын емес. Нәтижесінде Әлиханның бастауымен бірнеше бірнеше жас азаамат өздерінен саны басым жәбірленушілерге қарсы «Бөкей! Бөкей!» деген жауынгерлік ұранмен атойлап, төбелеске шығатын көрінеді.

Болашақ қайаткердің достары ұранға даңқты Бөкей ханның есімін алғанымен, олар өз жеке басының намысын ғана емес, тұтас ұлттың ар-ұжданын қорғай білді. Бұл жерде жастардың ата салтына негізделген қанына сіңісті елдік рухтағы тәлім-тәрбиесі басты орында тұрды.

Әлиханды жеті жасқа дейін тәрбиелеген атасы Мырзатай жас өскіннің бойына арғы бабасы Бөкей ханнан тарайтын төре тұқымына тән тектілік пен бекзаттық қасиеттермен қатар, ұлт тағдырына, киелі жерге деген жауапкершілік сезімді, мемлекеттік билеушіге тән парасатты ойлау қабілетін сіңіре білді.

Бөкей 1816 жылы, яғни Әлиханның дүниеге келуінен 50 жыл бұрын Орта жүздің ханы ретінде таққа отырды. Алайда хан баба бір жылдан кейін, 1817 жылы кенеттен қайтыс болды. Екі жыл өткен соң 1819 жылы Уәли хан да күтпеген жағдайда өмірден өтеді. Ресей империясы осы екі жұмбақ өлімнен соң, Орта жүзде жаңа хан сайлауды қажетсіз деп тауып, өз бастамалары бойынша қазақ даласын империяның отарына айналдыру үшін басқаруды өзіне икемдеп қайта құруды қолға алды. Сонымен 1822 жылы Орта жүзде хандық билік еш қиындықсыз жойылып, «Сібір қазақтары туралы Ереже» қабылданды.

Әлихан ерте жастан ақ Бөкейханның жұмбақ өлімінің сырына үңіліп, Орта жүздің тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекет тұтастығының жойылуы тарихын барлады. Мұны хан бабасы қайтқан соң бір жылдан кейін, 1818 жылы туған атасы Мырзатайдан алғаш рет естіп білді.

Бірнеше жыл өткен соң Әлихан өзінің шынайы тегі Нұрмұхамедов емес, «Бөкейханов» екенін мәлімдейді. Ал кейінірек ол Орта жүз ханы Бөкейдің және оның ұрпақтарының хаттарын жариялайды. Бұл есімнің Әлихан үшін айрықша маңызы болды.

Иә, егер әлгі төбелесте зардап шеккен оқушылардың бірі орыс шенеунігінің ұрпағы болмағанда, бұл оқиғаның айтарлықтай салдары көрінбес еді. Таңқаларлығы, зардап шеккен тарап сан жағынан әлдеқайда басым болды.

Қолөнер училищесінің оқушысы Әлихан Нұрмұхамедұлының ісі тбелестің негізгі бастаушысы ретінде сотқа дейін жетті. Істі тегі Акимов деп аталатын судья қарады. Десе де Әлихан сот машақатынан негізгі білімі дәрігер Баязит Мамлеуов есімді шенеуніктің көмегімен құтылып шығады. Құтқарушы топтың дәлелі бойынша со үдерісінде оның туған жылы 1866 жыл емес, 1870 жыл деп көрсетілген. Яғни жас мөлшері тұрғысынан алғанда нақтылы жазалауға жатпайды. Алайда Смахан төренің мәліметінше, училищеден шығару туралы үкім жасалған. Міне, Әлиханның мұнан кейінгі өміріндегі туған жылы туралы жаңылысулар осы құжаттарынан басатлуы әбден мүмкін.

Сұлтан Хан Аққұлы 

"Әлихан Бөкейхан қазақ жерінің жоқшысы" кітабынан