Спорт
Жеңіс құтты болсын!
Жерлесіміз Гузалия Гафурова Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында 68 келі салмақта каратэден әйелдер арасында алтын жүлдеге ие болды.
Гузалия бірінші айналымда өзбекстандық қарсыласын 3:0 есебімен жеңді. Екінші айналымда Иран өкілінен басым түскен жересіміз жекпе-жектің шешуші сәтіне келгенде қытайлық спортшы Танг Линглингті шаң қаптырды.
Ал жартылай финалда вьетнамдықпен кездескен Ғафурова 8:5 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Индонезияда өтіп жатқан Азиада-2018 ойындарының жалпы қорытындысы бойынша 6 алтын, 8 күміс және 28 қола медальмен жалпы есепте 11-ші орынды сақтап тұр.
Осымен екінші рет қатарынан Азиаданы бағындырып келген каратэші қызды халықаралық «Әулиеата» әуежайынан күтіп алуға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, спорт мектептерінің басшылары мен спортшы қыздың әріптестері, жақындары күтіп алды. Салтанатты шарада жерлестері оған ерекше құрмет көрсетіп, ыстық ықыластарын білдірді. Сондай-ақ, бәсеке барысында жарақат алса да ержігітке тән жігер танытып, жеңістің ең биік тұғырынан көрінген чемпион қызға тілектерін жеткізді.
– Индонезияның астанасы Джакартада және Суматра қаласында өтіп жатқан Азиада ойындарына 25 спортшымыз қатысуда. Байрақты бәсеке ел намысын қорғап жатқан олар биік асуларды бағындырып жатыр. Солардың бірі Гузалия Гафурова. Ол осымен екі дүркін Азиада ойындарының жеңімпазы атанып отыр. Жеңімпазымыздың бұл жеңісі жамбылдық жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлады. Қарсыластарының мықтылығына қарамастан мінез танытып, қайсарлықтың үлгісін көрсетті. 2020 жылы Жапония елінде жалауы желбірейтін олимпиада да жеңімпаз атанатынына сеніміміз мол, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Әбдімәжитұлы.
Сондай-ақ, «Жамбыл облысының спорт ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, спорт ардагері Жанысбек Ашимов та жеңімпазға ыстық ықыласын білдіріп, оның жаттықтырушыларына алғысын жеткізді. Ал, облыстық каратэ-до федерациясының Президенті Марат Стамқұлов елімізде Гузалия секілді спорттың осы түрінен қатарынан екі рет Азиаданы бағындырған ешкім жоқ екенін алға тартып, оның өте еңбекқорлығын атап өтті. Сонымен бірге каратэші қыздың жеке бапкері Дулатбек Құсбеков аймақтан Индонезияға каратэ-додан 8 спортшы барғанымен Гузалия ғана жеңіс тұғырынан көрінгенін мақтанышпен жеткізді. Өз кезегінде Гузалия Гафурова жеңісін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен жерлестеріне арнайтындығын айтып, ағынан жарылды.
– Азиаданы осымен екінші рет жеңіп келдім. Енді алдағы жоспар 2020 жылы Жапония елінде өтетін олимпиадаға рейтинг жинау. Қазірдің өзінде рейтинг жинау басталып кетті. Ал, мен осыған дейін ешқандай жарысқа қатыспағандықтан ешқандай ұпай жоқ. Олимпиадаға қатысу үшін көп төгу қажет болып тұр. Дегенмен, олимпиада ойындарына қатысатыныма сенімдімін. Алдағы қараша айында жарақатым жазылатын болса, Испанияда өтетін әлем біріншілігіне қатысу жоспарда. Одан соң лицензиялық жарыстардың барлығына қатысып, ұпай жинау қажет, – деді Гузалия Гафурова.
Дереккөз: alternativ.kz