Саясат

АҚШ қазақтары Ресейдің Қазақстанда АЭС салуына қарсы шықты

Әрі Ресейдің Қазақстанда салған полигондарын да жабуды талап етті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

12 тамызда Нью-Йоркте он шақты қазақстандық Ресейдің АҚШ-тағы бас консулдығының алдында наразылық акциясын өткізіп, Қазақстандағы Ресейдің әскери базалары мен полигондарын жабуды, Қазақстанның Еуразия экономикалық одағы мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын шығуды талап етті. Нью-Йорктегі шараны ұйымдастырушылар өздерін «FreeKazakhs Еркін Қазақтар - Америкада құрылған саяси оппозициялық ұйым» деп атайды.

Олар «Мәскеу Қазақстанда агрессиялық саясат жүргізіп жатыр. Ресей Байқоңырдан зымыран ұшырғанда гептил пайдаланбауы тиіс. Бұл Қазақстан экологиясын ластап, аймаққа жақын тұратын адамдарды қатерлі ісікке шалдықтырады, балалардың денсаулығына зиян» деп санайды.

Нью-Йоркте наразылыққа шыққандар Ресейдің Қазақстанда АЭС салу идеясына да қарсы болды. Наразылар «Қазақстанның Еуразия экономикалық одағы мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымында ықпалы жоқ, сондықтан екі ұйымнан шығуы тиіс» деп есептейді.

Сәуір айының басында Мәскеуге сапарлап барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанда "ресейлік технологиямен" АЭС салу туралы ұсыныс айтқан. Путиннің бұл ұсынысы Қазақстанда қарсылыққа ұшырады. Наурызда және мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда өткен билікке қарсы митингіде наразылар АЭС салу идеясына қарсылық білдірген. Кейін энергетика министрі Қанат Бозымбаев АЭС салынса, халықтың ойы ескерілетінін айтқан. Бұған қоса, қазақстандықтар биліктен Ресей жалға алған полигондарды қайтаруды да талап етеді. Ресей Қазақстаннан жалға алған «Капустин Яр» және «Сарышаған» полигондарынан жылына бірнеше рет зымыран ұшырады.

Қазақстанда елдің Еуразия экономикалық одағы мүше болғанына қарсылар бар. Олар «бұл ұйымда Ресейдің ғана сөзі жүреді» деп санайды. Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Армения кіретін ұйым 2014 жылы құрылған. Ұйым сайтында ЕАЭО «ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперациялау мен олардың бәсекеге қабілеттігін арттыру және мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру үшін жағдай жасау мақсатында құрылған» деп көрсетілген.

Азаттық Радиосы