Саясат
Қазақстанда "халал" өнімін шығарушылар тұтынушыларды алдап жүр
Елімізде "халал" шұжықтар шығаратын ет компанияларының өнімінен 0,9% шошқа ДНҚ-сы табылған
"Сапа" тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі ұлттық қоғамының сарапшысы Римма Гахова дүкеннен "халал" шұжықты қалай таңдау қажеттігін, ет өнімдерін шығаратын компаниялар тұтынушыларды қалай алдап жүргенін, халал индустриясында неге шешілмеген мәселе көп
Шошқа ДНҚ-сы табылды
Римма Гахова ұйымның "қара тізіміне" енген шұжық өнімдерін тізіп берді.
"Өткен жылдың қазан айында "шошқа еті жоқ" деген жазуы бар "Мусульманская" ("Бижан" ет өңдеу кешені ЖШС), "Дастархан" ("Рубиком" ЖШС), "Халал" логотипі бар "Астана" ("Апрель" ЖШС) шұжықтары біздің ұйымның "қара тізіміне" енді. Осылайша, "халал" деген кейбір шұжықтарда шошқаның 0,9% ДНҚ-сы табылды. Бұл тұтынушының құқығын өрескел бұзу ғана емес, иман келтірушінің сезімін қорлау", - дейді қызметкер.
Ол осы тексерістен соң, "Рубиком" компаниясының заңгерлері сотқа береміз деп қорқытқанын айтады. Компания өкілдері Римма Гаховаға халал шұжықтар шығармайтынын айтыпты. Сарапшы бұл компания шығарған "Дастарқан" шұжығында "шошқа еті жоқ" деп жазылғанымен, тексеріс барысында одан шошқаның ДНҚ-сы табылғанын атап өтті.
"Халал" шұжық қалай жасалады?
Сарапшы халал емес шұжық өнімін шығарушы ірі кәсіпорындарға халал шұжық шығаруға рұқсат беру дұрыс емес дейді. Гахова егер шұжық шығаратын құрылғы шошқа майымен былғанған болса, ол арнайы шариғат жолымен тазартылуы керек деген пікірді ұстанады.
"Халал сертификатын алған компания бүгін "халал" өнім шығарса, келесі күні құралды жуады да, шошқаның қыртыс майын өндіреді. Кейін оны қайта жуады да, "халал" өнім шығара бастайды. Бұған жол бермеу керек. Олар "халал" өнім шығарған соң, шариғаттың талабын толық сақтауы керек қой. Өндірушілер сұраныстың көп болуына байланысты осындай жағымсыз қадамға барып отыр", - дейді ол.
Жаңа талап
Римма Гахованың айтуынша, қара тізімге енген компаниялар "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс жасапты. Олар халал өнімге шошқа ДНҚ-сын қосуды ұсынған. "Сапа" тұтынушы құқығын қорғау жөніндегі ұлттық қоғамның қызметкері мұны мүлдем талқыламау қажет деген ойда.
"Кейбір тауар өндірушілер Қазақстанның заңына ғана емес, шұжыққа шошқаның 0,9% ДНҚ-сын қосуды, Кедендік одақтың регламентіне қосуды ұсынып отыр. Біз ондай өнімді экспортқа шығарып, ислам елдеріне жібердік делік. Соңында басымыз дауға қалады ғой. Сөйтіп, басқа өнімдерге қауіп төндіреміз. Бұл Қазақстанның беделіне нұқсан келтіреді", - дейді Римма Гахова.
Заң
Ол мұны шешу үшін арнайы заң қажеттігін жеткізді. Сонда ғана бұл мәселеге нүкте қоюға болады.
"Қазақстанда 5 ұйым халал сертификат береді: "Қазақстан халал индустриясы қауымдастығы", "Халал-даму" (ҚМДБ), " Halal Holding", "Halal Quality ", "Halal Services Alliance. Бұл ұйымдар бір-бірінің стандарттын мойындамайды. Себебі, бұл саланы реттейтін заң жоқ. Енді бұл сала ретке келтірілмесе, шошқа ДНҚ-сы қосылған халал шұжықты жеп жүре береміз", - деді сарапшы.
Қазақстан халал индустриясы қауымдастығының президенті Марат Сәрсенбаев та осындай ойда. Ол Малайзияда халал индустриясы арнайы заңмен реттелетінін атап өтті.
"Біріншіден, елімізде бұл саланы реттейтін заң жоқ. Екіншіден, бұл мәселені шешу үшін екі заңды қарау керек. Мысалы, Тауарларды таңбалау туралы заңға қосымша енгізіп, оған "халал" таңбасы қойылатын өнімдерді қосу керек. Сондай-ақ, "тауарлық көршілік" ережесіне халал өнімі туралы қосымша өзгеріс енгізу қажет. Яғни оларды шошқа етінен жасалған өнімдермен бірге қоймау керек", - дейді қауымдастық басшысы.
Оның айтуынша, бүгінде дүкен сөресінде халал шұжық пен шошқа етінен жасалған шұжық та бірге тұрады. Мұндай жағдайды шағын дүкендерден де байқауға болады.
Халал шұжықты қалай таңдау керек?
Римма Гахова дүкеннен халал шұжықты қалай таңдау қажеттігіне қатысты кеңес берді. Ол 2019 жылдың соңында елімізде халал өнімдерге бірыңғай талап қоятын заң дайындалып жатқанын жеткізді.
"Шұжықта "халал" деген жазуы бар болса да, оның құрамын толығымен оқып шығыңыз, ерінбеңіз! Кейбір кездері тыйым салған бояғыштар, ақуыздар болады. Қазір "халал" таңбасы бар өнімдер, діни талаптарға сай жасалған деп айтуға болмайды. Себебі, ондай стандарт жоқ. Өте сақ болыңыздар! Жыл соңына дейін "халал" шұжық сатып алуға кеңес бермес едім. Себебі, осы жылдың соңында халал өнімдерге байланысты ұлттық стандарт қабылданады, - деп түйіндеді сөзін сарапшы.