Weekend
Тоқал алу елдің демографиясын көтереді деген - сылтау!
Тоқал алу мәселесі қоғамымызда жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Көп әйел алу мәселесін бірі қолдаса, енді бірі түбегейлі қарсы шығады. Бір қызығы көп әйел алу тақырыбын қозғаушылар елдің демографиясы мен қазақ қыздарының өмірлік серіктерін таба алмай отырып қалғандарын алға тартады. Яғни, тоқал алу халық санының өсуіне септігін тигізеді-мыс. Алайда аңызға сеніп, алданбай, ақиқатты ақтарып көруді жөн санадық.
Дін жолы бойынша көп әйел алу құпталған. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өзінде бірнеше әйелі болған. Тарихта қазақта көп әйел алу салты болғанын теріске шығармайды. Ғалым Шоқан Уәлихановтың жазуы бойынша, бабасы Абылай ханның 12 әйелі болған дейді. Ал ақын Абайдың әкесі мен өзінде де бірнеше әйелі болғаны белгілі. Салдарынан аталмыш мәселені қолдаушылар қазіргі уақытта «Неке және отбасы туралы» заңға өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар айтып жүр. Шындығында, тоқал алу қазақтың демографиясын өсіре ме? Мұны мәселенің бір ұшы деп қойыңыз.
Ендігі ұшы қуған жетпейді, бұйырған кетпейдінің кебі. Бұл қазіргі «отырған қыз» аталымына ие қара көздеріміздің ұранына айналған секілді. Бірі жігіт жоқ деп ақталса, бірі ақбоз ат мінген ханзадасын күтіп жүргендерін айтып, әлек. Не десек те, кәрі қыздардың саны 350 мыңға жетіпті. Сондағы сәті түссе кербездік көрсеткісі келмейтін аруларымыздың кінәсі не?
Мұқағали атамыздың «Әйелдерді еркектерден көп дейді» деген әйгілі жыры бар еді ғой. Бүгінде аталмыш жыр ҚР Статистика агенттігінің «жырымен» дөп келіп тұр.
Психологтардың айтуынша, жасы жетіп, тұрмыс құрмаған қыздарды бір тобы алдын ала іштей өзін «кәрі қыз» болдым деп есептеп қояды да, солай қабылдап, сол шеңберден шыға алмай қалады екен. Енді бір топтың өкілдері керісінше, өзі туралы жоғары ойлайды, олар жігіттің кемшілігін көріп қалса, менсінбей, теріс айналып кетеді.
Осы орайда демограф Мақаш Тәтімовтың «Төлегенді тосып, Қозы қашан келеді деп жүре беруге болмайды. Қазір екінші әйел болып жатқандар да, азаматтық неке деген де бар. Әркім өзі үшін әрекет етуі керек қой» деген сөзі еріксіз еске оралады. Дегенмен тоқал тақырыбы мен азаматтық неке өз шешімін таппаған мәселенің бірі емес пе?! Бұл орайда қоғамның пікірі екіге жарылады. Тіпті, басым бөлігі аталмыш мәселеде тоқал алудың көмегі шамалы деп шамданады. Сонымен жоғарыда айтқан ақиқатқа зер салсақ.
Сауд Арабиясы көп әйел алушылықтан көш бастауда. Алайда әлеуметтік жағдайдың жоғары деңгейде екеніне қарамастан, бұл елдің халқының саны 31 миллион адамды құрайды. Бұл көрсеткіш көп әйел алу заңының қолданыста болғанымен, 20 жыл ішінде халық саны мүлде өзгермегенін көрсетеді.
Нигерия елінде әлеуметтік жағдай өте нашар. Және де көп әйел тұрмақ, бір әйелдің өзін бағу қиын сәтте ел халқы 150 миллион адамды құрайды. Бұл 20 жыл ішінде халық саны 30 миллионға көбейгендігін көрсететін статистика.
Не десек те, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» айқын. Тоқал алу елдің демографиясын көтереді деген аңыз! Осы мәселені көтеріп жүрген қолдаушылар елдің демографиясын немесе қазақ қыздарының болашағын ойлап жүр дегенге келісу мүмкін емес. Көпке топырақ шашпаймыз.
Ал жүрегінің екінші жартысын іздеген қыздарға айтар ақылымыз: ақбоз ат мінген ханзаданы күтіп, көтере алмайтын шоқпарды белге байлағанша, жүрегіңіздің жартысын табуға асығыңыз.