Bugin
Елімізде оңтүстіктен шығыс пен солтүстікке қоныс аударуға ниет білдірушілердің саны артуда
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында еңбек күші артық өңірден ерікті қоныс аудару бойынша оңтүстіктен ШҚО-ға, Күршім ауданына қоныс аударған жандармен тілдесіп қайтудың сәті түсті.
Жалпы биыл аудан әкімдігінің жоспарында 18 отбасын (64 адам) қоныстандыру мәселесі бар. Ал әзірге оңтүстіктен 5 отбасы - 20 адам көшіп келген. Солардың бірі – Ілесхан Батылхан. Ілесхан Батылхан отбасымен Күршім ауданына көшіп келгеніне небары 3 ай ғана болған. 3 айдың ішінде ветеринария пунктінде меңгеруші болып жұмысқа орналасып, үй алып үлгерген. Отбасында әкесі Батылхан Рысбек, анасы Айгүл, жары Анар және Айберген, Айсұлтан, Айшуақ дейтін ұл-қыздары, барлығы 7 адам бір шаңырақта тату-тәтті өмір сүріп жатыр.
- Алматы облысы, Талдықорғанға қарасты Ақсу ауданы, Кеңжыра ауылынан келдік. Ол жақта да жұмысым болды, бірақ әкемнің туыстары осында болғандықтан барлығымыз бір жерде отырайық деп шештік. Күршімнің жұмыспен қамту орталығы мен аудан басшыларына рахмет. Жақсы көзқараспен қарап, жылы қабылдады. Көші қон қаражатын берді. Ал үйді өз қаражатымызға, әкем сатып алды, - дейді Ілесхан.
Аталмыш отбасы 2006 жылы Қытайдан қоныс аударған. Содан бері олар мал шаруашылығымен айналысып келген екен. Әсіресе, отбасының шығысқа қоныс аударуына бірден-бір дәнекер болған кісі - Ілесханның әкесі Батылхан.
- Шешем, іні, қарындастарым Қытайдан бірден осы Күршімге көшіп келген. Олар Барақ батыр ауылында тұрады. Барлығымыз бір жерде болайық деген ниетпен біз де келдік. Тағы да оңтүстікте шығысқа келуге ниетті адамдар бар. Ал Талдықорғанда малмен айналыстым. Сол ісімді осында да жалғастырсам деп едім. Әкімшіліктегілер жермен қамтимыз деген. Жоспар көп. Жер жалып, ферма салу жоспарда бар. Мал өсіріп, інілерімді де жұмыспен қамтысам деген ой бар. Тек жердің конкурспен берілетінін айтып жатыр. Оңтүстікте тұрғын үй, жер мәселесі қиын болғаннан әрі шығыста қаншама гектар жер бос жатқаннан кейін мұндағы жұмыспен қамту басқармасы үгіт-насихат жүргізіп, "жер игересіз, мал шаруашылығын қолға аласыз" деген, - дейді отағасы.
Иә, қоныс аударушылар ешқандай байқаусыз 5 гектарға дейін конкурссыз жер ала алатыны бар. Алайда оны жергілікті әкімдік қана шеше алады.
- Бұл ауданда кіші және орта бизнес жоқ екен. Табыс болмағаннан кейін барлығы көшіп жатыр. Ауданға 3 нәрсе қажет: бірі көпір болса, екіншісі «денсаулық - зор байлық» дегендей, ауызсу керек. Құдықтағы су таза емес, ол жердің бетінен алынады. Үшінші мәселе - газ керек. Бұл менің емес, халықтың көкейінде жүрген ойлар ғой. Ал біз көшіп келген ауыл инфрақұрылыммен қамтылған. Ауызсу бар, газ кіргізуді бастап кетті, - дейді Батылхан Рысбек.
Ал Ілесханның жары Анар әзірге жұмыссыз. Мамандығы - аспаз, одан бөлек Қытайда би сыныбын бітірген екен. Тек оқуын бітірді деген құжатын жоғалтып алған.
- Жұмыспен қамту орталығы келініме де жұмыс тауып береміз деп отыр. Енді Үкіметтің тиімді саясаттары бар. Соны дұрыс пайдаланып қалғымыз келеді. Енді көре жатармыз, - дейді отағасы.
Жалпы бағдарламаға қатысушы отбасыға, оның ішінде отбасының әрбір мүшесінің көшуіне бір рет 35 АЕК (88375 теңге) материалдық көмек беріледі. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы толыққанды отбасылар немесе толыққанды емес отбасыларға да (жалғызбасты ана немесе әкелерге) 12 ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін материалдық көмек көрсетіледі. Тек азамттар 6 ай бойы сол жерде тұруы керек. Алты айдан кейін көшіп кетсе, ақшаны қайтармайды.
- Қоныс аударып келген 20 адамның 5-еуі мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналасты: Қалғұты ауылдық кругіне физика пәнінің мұғалімі, Күршім ауылдық округінің малдәрігерлік пунктіне пункт меңгерушісі, Сарыөлең ауылдық округіне 2 адам автокөлік жүргушісі, есепші, Құйған ауылдық округіне жүргізуші болып қызметке орналасты, - дейді Күршім ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің маманы Шырақ ханым.
Айта кетейік, Күршім ауданына өткен жылы 11 отбасы, 33 адам келіп, бүгінде ауданның экономикасы мен әлеуметіне сүбелі үлес қосып жатыр. Жергілікті атқамінерлер болса, биыл да өңірге келіп, тұрмысын жақсартқысы келетіндерді құшақ жая қарсы аламыз деп отыр.