Weekend
Алабота мен ерменнің исін қатты сағындым
Эссе
Балалығым алыстап қалдау менің,
Бала күні қиялменен самғаушы едім
Қазыбек Иса
Күзді қатты сағынамын жыл сайын. Терістіктен соқан самалдың лебін сезінген сайын. Тауды аңсаймын да тұрам. Бала күнім тауда өткеннен болар...
Баяғыда әр нәрсені өзімше сезініп өзімше түсінетінмін. Бірде әкемнің "Бежинжип" деген машинасының дөңгелегі жарылып қалды. Мен көмектескенің орнына дөңгелекті қарыстап шықтым. Ондағы ойым машина жерден қанша қарыс асты биік тұратынын білгім келді. Ал әкеме менің іс-әрекетім оғаш болды ма, "о әкеңнің" деп, жағымнан тартып жіберді. Ал бала қайтушы еді ондайда, әрине, өкіріп жылап кигіз үй айналып жылап кете беретін. Мен де солай істедім. Әке ашуы басылсын деп үйдің желкесіне мініп тұратын үлкен сартас болатын, соған тырмысып біраз отырып, айналадағы қанен-қаперсіз жүрген кәдімгі сұр тышқандарды қуа жөнелдім. Келесі күнінен бастап Шурик екеуміздің жазғы ермегіміз тышқан аулау болды. Шурик деген кім деп қалған шығарсыздар білмейтіндеріңіз. Ол бізідң үйдің мысығы ғой. Төрт ай сайын дүниеге марғауларды әкелуден жаңылмайтын.
Сіздер Қаңқұдық деген сөзге назар аударған боларсыздар. Ол жалпысы жазда біздің жайлайтын жер атауы. Жаз бойы суға кезекке тұратынбыз, айналасы екі үй. Жарықтық құдықтың суына ерте барып мал суарамыз. Бастабында шөміштеп алсақ, соңына қарай ожаумен алып, екі үйдің сиырларын суарып түс мезгілінде үйге келіп, іркіт пісіп, сары майды алақанға кезекпе-кезек аударып жалайтымбыз. Ондай май ең дәмді болады.
Кейін есейе келе, суыр аулайтынды шығардым. Маған көмекші - Саққұлақ. Саққұлақ итім ғой. Суырды мылтық алып қолыма атпадым, қақпан құрып ұстамадым. Тіпті, Саққұлақ та ұстамады. Сонда қалай ұстады деп қалған шығарсыз. Ескі трастардың сыртын аршып тазаласа, ішінен жаңа трас шығатын. Сол трастардан тұзақ істеп індерге құратынмын. Кейбір іннің исі қасына жетер-жетпестен аңқып кететін. Ал кейбір інге басымды сұғып искеп көретінмін, егер суырдың исі шықса тұзақ құрам. Еңбегімнің жемісін күн ара көріп қалам. Бастабында суырдың терісін алуды жақсы білмедім. Жақсы білетін Қозыбай деген нағашымның малын бағатын азаматқа апарып терісін алдырам (суырды сойғызам). Қолына пышақ алысымен, пышақ жанудан гөрі еріні жалауды үдете беретін. Сөйтіп отырып менің суырымның терісін сыпырып көктасқа бірді ұрып қолыма ұстатын да, ал етін тілі салақтап жатқан Саққұлаққа лақтырып жіберетін. Саққұлақ қасиетті ит еді. Кейде ұстаған суырларының терісіне зақым келтірмей тек суырдың құйрық жағынан ұстап аспанға бір сілкіп қалады, ондайда суыр басымен қайтып айналып жер соғып жұлыны үзіліп жан тәсілім ететін. Иесіне терісінің қажет екенін біліп тұр.
Ал тұзаққа түскен суырдың іннен суырып алу қиямет қой. Егер басы ары қарап жатса артқы аяқтарынан ұстап тартып шығару оңай. Ал іннің аузына қарап жатса онда біраз әуреге түсесің, түрткілеп жүріп ары қаратуың керек. Кейде әбігерге түсіп жүргеніңде тұзағың үзіліп кетеді. Бар еңбегің зая кетті деген сөз. Ал суыр бейшара аман қалғанына қуанатын шығар.
Суыр балаша жылағанын естіп көріп пе едіңіз? Тұзаққа түскен суыр балаша жылайды. Оған жаның ашыса, күзде мектепке жаңа киім киіп бара алмайсың...
Жалпы біздің жайлау - малға да, адамға да жайлы мекен. Жазда үп еткен жел көп соға бермейді. Жазда сондай қапырық та болмайды. Тек бір жаман жері ойын балалар сапсып түсер ағынды суы жоқ. Есесіне үш құдық бар. Бірін ауыз су ретінде пайдаланамыз, бірі - малдың ауыз суы, бірінің суы тартылып қалған. Қаңқұдық деген атау есіңізге орала берді ме? Мүмкін іштей ойлап отырған шығарсыз онда не мал, не жан баласының жанын жаламаған ба деп. Онда қателесесіз. Ол жердегі құдық суының реңі сарғыш болатын. Қыл аяғы таудағы тастың түсі қызғыл сары болып келетін. Бір қызығы, сол тастардың бетіне қатты күн қызып түскенде тастың майы ағатын. Міне, сол тастың майының бояуынан судың түсі қою сары болып тұратын. Мүмкін соған байланысты қаңқұдық атаған шығар көне қариялар. Ол жағын Бекен Қайратұлынан сұрасаңыздар болады. Ол кісініңде балалық кезі осы өңірде өткен секілді.
Тауға шыққым келіп жүр. Алабота мен ерменнің исін қатты сағындым!