Экономика

Несие тарихы немесе қара тізім деген не?

Қара тізім деген не?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Несие тарихына тоқталмастан бұрын біз әуелі несие дегеннің шығу тарихына кішкене көз жүгіртейік. Бұл несие (кредит) деген еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жақсы таныс. 

Бүлдіршін несие туралы білмесе де үйінде кем дегенде бұл сөзді ата-анасынан бір рет еститіні анық. Қазіргі уақытта үш қазақтың екеуінің басында несие бар екен. Бұл дегеніміз кәмелет жасына толмаған және несиеге жоламайтын санаулы адамдар десек артық айтпағанымыз болар.

Несие — нарықтық экономиканың тірегі ретінде экономикалық дамудың ажырамас элементін білдіреді. Оны барлық шаруашылық субъектілерімен қатар, мемлекетте, үкіметте, сондай-ақ жеке азаматтар да пайдаланады.

Жақында Жасұлан досымды жолықтырдым. Қабағы қатулы. Сіркесі су көтермейді. Не болғанын сұрасам, «әпкем құрбысына бір миллион теңге алып беріпті. Төлеймін деген құрбысының төлемегеніне төрт ай болды. Енді өзі төлеп жатыр жанталасып. ''Уақытында төлемесем қара тізімге кіріп кетеді'' деп  жүгіріп жүр. ''Енді неге алып бердің? '' десем, ''жан құрбым ғой'' дейді, қалайша ашуланбайсың» деп өз әңгімесін аяқтады. Мұндай оқиғаларды жиі естіп жататынымз белгілі. Бір адамның немесе туысының атынан несие жасатып, кейін алған ақшасын төлей алмай жүреді. Өз атынан туысына алып берген адам «несие тарихында қара тізімге атым жазылатын болды» деп ренжіп жүретін кездер қазір көптеп кездесуде.

Несие тарихы дегеніміз не? Оның пайдасы мен зияны қандай?

Несие тарихы бұл өмірбаяныңыз. Барлығы жазылған. Сіз қашан несие алдыңыз, неге төлемедіңіз? Қанша  төледіңіз? Не себепті төлей алмадыңыз барлық ақпарат компьютерде сақталған. Бұл ақпаратты сіз несие алған банк мәліметтер базасына жинап, Бірінші несие бюросына жібереді.  Кейін несие алу қажет болып, бұрынғы немесе басқа банкке барсаңыз, менеджер Бірінші несие бюросынан рұқсатыңызбен несие тарихыңызды сұратады. Несие бюросы банкке бұрынғы несиеңіз бойынша толық ақпаратты жібереді. Егер бұрынғы несиеңізді кешіктірген немесе мүлдем төлемеген, банк алдында борышкер болсаңыз, банк несие бермеу туралы шешім қабылдауы мүмкін.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтардың несие бойынша қарызы шамамен 6 триллион теңге екен. Сарапшылардың зерттеуінше, олардың көбі - тұтынушылық несиелер. Яғни несиелер тұрғын үй, көлік, техникалық бұйымдар, қымбат жолдамалар сатып алу мақсатында алынады. Бірақ несиені алуын алып, оны төлей алмай, түрлі қиындықтарға тап болып жүрген қазақстандықтар аз емес. Мұнда бірінші кезекте несие тарихы бұзылып, тіпті келесі рет несие алу мүмкіндігінен айырылып қалатын жағдайлар болады. Осындай бір оқиғаның куәгері басынан өткерген - Ханшайым апай. Күйеуі несиеге автокөлік, телефон алып, төлеп жүрген уақытында дүниеден өтіп кеткен. Қалған несиесін әйелі төлеуге мәжбүр болған.

- Күйеуім бұл дүниемен қош айтысқаннан кейін, несиелерінің барлығы менің мойнымда қалды. Екі балам бар. Біреуі ғана жұмыс жасайды. Екеуміз ақшамыздан жырып беріп жүріп, әупіремдеп әрең дегенде алты жылда несиемізді толық жаптық. Бірақ біз уақытынан көп кешіктіргенбіз. Сол үшін біз қара тізімдеміз. Осы жылдың көктем айында қарызымыздан толығымен құтылдық. Бірақ қара тізімде болғандықтан, үш жылға дейін несие ала алмаймыз. Бәлкім бұл да дұрыс шығар...

Несиені уақтылы төлемеу, қайтармау сіздің несие тарихыңызды бұзып "қара тізімге" енгізуі мүмкін. Ондай жағдайда келесі жолы несие беру немесе бермеуді сіз таңдаған банк өз талаптары бойынша анықтайды. Одан кейін несие берілетін болса, банк сенімсіздік танытып жоғары өсіммен беруі де мүмкін. Жалпы адамның несие туралы тарихы «Кредиттік бюро туралы» заңға сай 10 жыл сақталады

Несие тарихтарының базасын сақтайтын "Бірінші кредиттік бюро" субъектілермен жұмыс істеу департаментінің директоры Индира Қарлыбаевадан сұрап білген едік. 

-Несиені уақтылы төлей алмаған немесе кешіктіріп төлеген жағдайда борышкерге қатысты мәліметтің банкке емес, кредиттік бюроның базасына енгізілетінін айтады. Оның айтуынша, несиені кешіктіріп төлеген жағдайда бірінші кезекте несие тарихы бұзылады. Ал несие тарихын елімізде интернет арқылы онлайн тексеруге болады. Ол үшін электрондық-сандық қолтаңба мен банктің төлем картасы болса egov.kz арқылы 15 минутта көруге болады, - дейді ол. 

Жалпы мейілінше несие алуға асықпаңыз. Мүмкіндік болса тапқан табысыңызбен жоспарлаған затыңызды алып, той-томалағыңызды өткізуге тырсыңыз. Бір атадан туған болсаңыз да, қырық жыл бірге тұрып келе жатқан көршіңіз болса да, өз атыңыздан несие алып бермеңіз. Сыйластықтарыңызға дақ түсіп, несие тарихында қара тізімде қалып жүруіңіз әбден мүмкін. Ал егер несие алуға мәжбүр болсаңыз, оны уақытында төлеуге асығыңыз. Адамнан қарыз алсаңыз бес-алты жылда ұмытылып кетуі мүмкін. Бірақ компьютер сіздің қарызыңызды он жылға дейін ұмытпайтынын есте сақтаңыз!!!


Алғабек Хамитұлы

Журналист