Мұрағат

Шәйжан апа бизнесі: Көже сатумен күн көретін Тарғап ауылы туралы білесіз бе?

Кәсіпті өздері дамытып отырған ауыл

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Көже ауыл» десе, жүргізуші мен жолаушы біткеннің ауыз суы құрып кететіні өтірік емес. Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Тарғап ауылын жұрт осылай атап кеткен. Неге? Шымкент, Таразға бағыт алған жолаушының осы жерге тоқтауына не себеп? Неге Тарғап ауылында ғана көже сатылады? Оған жетпей Самсы да жолдың бойында емес пе еді?! Шәйжан апа деген кім?

Міне, осы сұрақтарға жауап іздеп қайтқан Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасының тілшісі киелі жердің жұмбағын шешуге тырысты.

Кез келген адамның Google арқылы білмегенін іздеуге құмар екенін білеміз. Алайда, ол бұл іздеу жүйесінде жоқ болса ше? Болған күннің өзінде толық ақпарат ала алмаса не істемек керек? Ендеше, Тарғап туралы қызықты ақпаратқа көз жүгіртіңіз.

Тарғап - Алматы облысындағы Самсы ауылдық округіндегі ауыл. Жолдың бойында жатқан ауылдың қос қапталын жағалай орналасқан үй біткеннің кәсібі - салқын көже. Жалпы саны ауылда мыңнан астам халық тұрады.

Тарғап деген атаудың мағынасы қандай?

Жергілікті халықпен сөйлескенге дейін, бұл жоңғар шапқыншылығынан кейін қалған кірме атау деп ойладық. Алайда, тоқсаныншы жылдарға дейін және одан кейінгі аз уақытта ауылда тары өндіру кәсібі болған екен. «Тарғап» дегеніміз - қап-қап тары дегенді білдіреді.

«Көже ауыл» немесе Шәйжан апан деген кім?

Ауылға кіргеннен бастап жалпы саны 38 көже сатып отырған шағын орындарды көресіз. Ауылға кіре салған кезде жолдың оң жағында (Алматы жақтан) қанық қызыл бояуғмен жазылған ақ түсті «Шәйжан апаның көжесі» деген жазуға жолығасыз. Басына орамалын тартқан, ауылдың қарапайым күйбең тіршілігін жасап, көжесін сатып отырған апамызбен аз-кем әңгіме айттық.

-      Апа, Тарғап ауылында көже сату кәсібін кім бастады?

-       Біз бастадық. Анығы енеміз. Осы жазылып тұрған Шәйжан деген кісі бастаған. Қазір үйде, жасы тоқсанға келді.

-      Іздегенге сұраған осы болар. Демек сіз енеңіздің бастағанын жалғастырып отырсыз ғой?

-       Иә. Мен келін болып түскен кезде, тары сатып, күн көріп жүрген-ді. Кейін енеміздің көже жасап, орталыққа апарып 30 тиыннан сататынын білдім. Уақыт өте келе сатып алушылар бағасын 10 тиынға түсіріп жіберді. Содан не керек, 10 тиынға сатқанша, өзіміз ішкеніміз жақсы деп ол жерден кетіп қалдық. Араға біраз уақыт салған соң, осы көжені есік алдына шығып сатсақ деген ой келді. Ол кезде көлеңке де, мұндай орын да жоқ. Орындықты қоямыз да, жолға шығып сата бастадық.

Ол кезде қазіргідей бір реттік пайдаланатын ыдыстар жоқ. Бөтелке де тапшы. Кесе, үлкен қаңылтыр ыдыстарымызды алып кетіп жатады. Сол беті ол ыдыстар қайтпайтын. Сол кездің өзінде клиенттеріміз көп еді. Қордайдан арнайы келіп көжемізді алатын мемлекеттік қызметкерлер, заң орындарының адамдары да болды.

-      Апа, бұл кәсіпті қай кезден бастап қолға алдыңыздар?

-       1985-1987 жылдардың кезі. Сол кезде көрші-қолаң бар, үйдегі кішкентайлар бар, сауда жасауға намыстанатын. Мен көшеде отырып, көжемді сата беретінмін. Мен өзім Қызыләскердің қызымын. Бұрын үй жақта соқыр шал 5 тиыннан отырып шемішке сататын. Сол кезде осыдан қандай пайда табады деп біртүрлі көзбен қарайтынбыз. Біз көжені сатып бастағаннан кейін, адамдар келіп іше бастады, тіпті соңында бүкіл ыдыстарымызды толтырып, өздерімен бірге алып кететін болды.

-      Жаппай Тарғап ауылына көже сатуға не түрткі болды?

-       Біз 10 жыл осы кәсіпті тоқтатпадық. 10 жыл ішінде бізге қарап көже сатуға шыққан бір адам болған жоқ. Тек 1995 жылдары балалар есейіп, ескі үйді қайта жөндеудің орнына, қасынан жаңадан үй тұрғызды. Сол кезде көрші біткен көшеге көже сатуға шықты. Сондағысы, «мыналар көже сатып, үй салды, байып кетті» дегенге келді. Сол кездің өзінде күніне 10-15 000 теңге таптық.

-      Ауылда көжеден басқа қандай жұмыспен айналысасыздар?

-       Жұмыс тапшы. Ер адамдар трактор айдайды. Шөп бар, мал бар дегендей. Жастар Алматыға жұмыс іздеп кетеді.

-      Төмен жақта өзіңіз секілді көже сатып отырған үйді көрдік. Көжесі сіздікіндей дәмді емес. Көліктің бәрі сонда тоқтайтын секілді. Неге?

-       Ол жерге көлік біткен әжетханасы үшін тоқтайды. Маған да әжетхана салып ал дегендер болды. Оны қайтем, оны кім тазалап береді. Алатындар келіп алады, ішеді, кетеді.

-      Көжеңіз туралы айтсаңыз?

-       Біз осы көже жасаумен айналысқалы бірде-бір рет су қоспадық. Сүтпен, бидаймен жасап келеміз. Басқалар су қосып, арпа араластырып жібереді. Содан кейін көженің дәмі бұзылады.

Күніне 15 бөшке су тасимын. Қазір жолдасыма айтсам, күледі. Содан кейін күніне отырып бидайды ұнтақтап, келі тартамын. Сол келі шекеме тие беріп, екі жаққа ұрғаннан, ісініп әрі көгеріп кетеді. Ауылдың адамдары күйеуінен таяқ жеген екен деп әңгіме де шығарып жатады. Оған қарайтын уақыт жоқ, көже дайындау керек.

-      Қай кезден бастап көжені сатуға шығарасыздар?

-       Өзім сол наурыз айынан бастап, күн суығанша отырамын. Ары кетсе сол қазан айының ортасында бітеді. Қыста бір соғымды сойып алып үйдің тіршілігін жасаймыз.

-      Мемлекеттен осы кәсіпке байланысты көмек аласыздар ма?

-       Жоқ. Ешқандай көмек болған емес. Бізге тиіспесе болды. Себебі, көшеге шықтың, заңсыз деп келіп жататындар бар. Мен айтам, өздерің шығып көріңдер, кешке дейін көже сатып жан бағыңдаршы деп. Кәсіп жасасақ, нәсіп үшін ғой. Бізге жағдай жасамай-ақ қойсын, осы көжемізді сатып күн көріп отырмыз. Тек мазаны алмаса болды.

-      Ауылда қандай мәселе бар? Әлеуметтік жағынан болсын...

-       Жалпы алып бара жатқан мәселе жоқ. Тек газ келеді дегелі 10 жыл болды әлі жоқ. Құжаттарын реттеп бердік. Күтіп отырмыз. Ең ақыры 9-мамырда кемпір-шалды жинап дастархан жайса да орамалды бізден сұрайды, біз береміз. Сұрап келсе, жоқ демейміз ғой. Жағдай осылай.

-      Апа, сіздерге жетпей жолда Самсы деген ауыл бар. Олар неге көже сатуға шықпады?

-       Олар бір кездері бастап көрді. Мұхтар деген құрдасымыз сол ауылдан.  Екі жерден киіз үй тігіп, оны сәндеп, екі жерден қазақ көйлек киген қыздарды қойып ашты. Ешкім тоқтаған жоқ. Бақылап отырамыз кейде. Ақыры жел тұрып, жасаған, сәндеген еңбегін далаға ұшырды. Содан кейін ешкім ол ауылдан көже сатуға шыққан жоқ.

Осы үйде 10 адам тұрамыз. Мен өзім осы көжемен 10 адамды асырап отырмын. Осы жерде көже сатып отырғандардың бәрі сол күйбең тіршіліктің қамын жасап жүргендер, айналайын.

-      Күніне қанша литр көже сатуға шығарасыз?

-       Шамамен 100 литр. Бәрі сатылып кетеді. Мына ыдыстар әлсіз. Бұрын анау советтен қалған, әскери ыдысымыз болған. Енеміз 20 жыл сонымен көже дайындап, ақыры астынан екі жерден тесіліп тынды. Себебі, ожау көжені алған сайын іштегі екі жақ жақтауға тие бергеннен. Қазір үйде тұр.

Шәйжан анамыздың кәсібін жалғастырып отырған келіні Қаламқас апамыз ашық-жарқын, сөзге шебер-ақ кісі екен. Ары-бері өткендердің ішінде журналистер, телеарнаның жүргізушілері, әншілер, мәдениет қайраткерлері бар. Олардың бәрі осы апамыздың көжесін ішіп кетеді.

Бағытымызды келесі бір көже сатып отырған үйге бұрдық. Қарсы алған апай өзінің аты-жөнін айтудан бас тартты. Бұ кісінің айтып отырғаны да осы. Көже сату кәсібін бұл ауылда Шәйжан апа бастаған. Одан бөлек Тарғап ауылының киелі екенін айтып өтті.

«Бұл жерде Жаужүрек деген үлкен молда кісі болған. Ел сыйлаған деседі. Сол кісі Тарғапқа батасын беріп, киелі жер деп кеткен екен. Содан бері ауылдың көркі қызып тұр», - дейді көже сатушы апай.

Жалпы, Тарғап ауылы, «Көже ауыл» атанып кеткен аймақтың тыныс-тіршілігі осындай. Ауылдың жағдайы қазір айналасындағы ауылдарға қарағанда жақсы. Өз кәсіптерін айналдырып отыр. Тек Алматыдан Шымкентке қарай баратын бағыттағы жолдың мәселесі шешілсе, Тарғап арқылы өтетін жол бұрынғыдай ауылға көп пайда әкелмеуі мүмкін. Себебі, жаңадан түсетін жол ауылды айналып өтеді. Қазір бұл ауыл арқылы күніне 25-30 мың көлік жүреді.

Тарғаптан өтсеңіз, Шәйжан апаның көжесін ішіп кетіңіз, жолаушы!