Woman
Таңдау өз еркіңізде
Сонау кеңестік дәуірдің 70 жылдары Ресейде тұратын Тамара мектеп бітірген соң ата-анасының айтуымен (өзінің не қалайтынын әлі ұғына қоймаған кезі) экономикалық институтқа оқуға түседі. Табысты аяқтап, сол кездегі мекеменің біріне есепші болып орналасады. Бұл жұмыс Тамара үшін жақсы көретін де, жек көретін де іс емес еді, бір сөзбен айтқанда, бәрібір болатын.
Оның жеке өмірі сәтті бола қойған жоқ. Отбасын құрғанымен, қанша қаласа да бір перзент бұйырмады. Содан күйеуі басқа әйелге кетіп, 47 жасында Тамара жалғыз қалады. Сол екі ортада әкесінен де айырылып, енді 64 жастағы жесір қалған анасымен бірге тұра бастады.
Осы кезден бастап Тамарада ерекше бір құмарлық пайда болады. Балаға деген аналық, сүйіктісіне деген әйелдік махаббатын енді жануарларға арнай бастады. Оның пәтерінде ылғи 10-12 күшік пен мысық тұрақты түрде жүретін. Бәрі де ауру, ақсақ, үстін бүрге басқан, иелері тастап кеткендіктен Тамара оларды көшеден тауып әкелетін. Көпшілігін ветеринарлық емханаға апарып, емдетіп жазып, сосын мейірімді адамдарға тарту ететін. Бұл кезде баяғы одақ тарап, жаңа мемлекеттің аяқтан енді тұра бастаған кезі еді.
Енді есепшілік мамандық жекеменшіктер үшін таптырмас жұмысқа айналды. Өз ісін жақсы білетін, әрі тәжірбиесі мол Тамараны шетелдік бір фирма 800 АҚШ доллар айлыққа жұмысқа шақырды. Сол 90-жылдары айналаның бәрі азан-қазан болып жатқанда, мемлекеттік мекемеде істейтіндердің жалақысы АҚШ долларымен салыстырсақ, 50-ге әрең жететін. Әрине, Тамараға бәрі қызықты да, қызғанды да. Қаншама таныстары оны табысы мол, бақуатты әйелдер қатарына қосатын. Алайда сол тапқан табысының барлығын Тамара қаңғыған ит-мысықтарды күтуге жұмсайтынын көп адам біле бермейтін. Өйткені көшеден ауру күйінде тауып әкелетіндіктен, әлгі жануарларды ұзақ уақыт емдеуге тура келетін. Ветеринарлық емханалар сүйікті ит-мысықтарынан ештеңе аямайтын иелерінен қомақты гонорар алатын. Олардың табысына адам емдейтін дәрігерлердің өзі қатты қызығатын. Ал жалғызсыраған жүдеу жануар көрсе, өтіп кете алмайтын Тамара бар ақшасын соларды емдетуге жұмсайтын.
Анасы қанша айтса да қызын көндіре алмаған соң, үйіндегі қаптаған ит-мысықтарға ақыры көндікті. Енді ше, қартайғанда жалғыз қалғанша, қызымен жақсы қарым-қатынасын сақтап бірге тұра бергені жөн емес пе? Мүмкін Тамараның өмірі бүгінгі күнге дейін өзгермес пе еді, егер бір оқиға ой салмағанда...
Бірде, ерте көктемде Тамараның етігі жөндеуге келместей боп жыртылып тыңды. Ол жаңасын сатып алу керектігін түсінді. Дереу үйдегі бар ақшасын санап шықты да қалт тұрып қалды. Етік сатып алуға ақша жетпейді. Жалақысы жоғары, елдің бәрі қызығатын әйелдің түрі мынау. Сол сәтте ол өзін өте аяп, жылап жіберді.
- Бұл қалай болғаны сонда,- деп ойлады. - Қанша қайырымды іс жасап жүремін, үйсіз-күйсіз жануарларды қамқорлыққа аламын, бар ықыласымды саламын, ал өзіме ең қарапайым қажеттілікті жасай алмағаным ба?!
Мәселесін жалғыз шеше алмайтынын білген соң ақыры психологқа барды. Жұмысын жақсы білетін танымал психолог оған көмектесті. Жеңіл трансқа енгізіп, шығармашылық жағынан сауалдар бере отырып, мәселені шешуге лайық мінез-құлықтың жаңа моделін Тамараның түйсігі тапты. Яғни, иттерге арналған қонақ үй ашу туралы кеңеске алғашында ол аса қызыққан жоқ. Қайта мұндай ой шындыққа жанаспайтындай көрінді. Бірақ осы идеяға оралған сайын өзінің жануарларды күтіп-баптағанды жақсы көретінін, әрі ол үшін ақша алатынын түсініп, несі бар деп іске кірісіп кетті.
Тамараның қала сыртында шағын жері бар болатын. Сонау кеңес кезінде жұмыс орнынан алған. Учаскеде кішкене үй, жиектерге қарақат пен таңқурайдың көшеті отырғызылған. Ол үйді қалдырды да қалған алаңқайдың бәріне қаладан жұмыс күшін тартып тегістетті, үстіне құм төсетті, темір сеткадан үйшіктер жасатты. Яғни төбеттерге арналған орын дайын болды.
Тамара мұндайды күтпеген еді. Сөйтсе, демалысқа, іс сапарға баратын кезде иттерін уақытша қалдыратын жер таба алмай жүргендер көп екен. Содан төрт аяқтыларын қонақ үйге орналастыруға адамдар қаптап кетті. Тіпті көпшілігіне орын жетпей қалды.
Ал Тамараға иттермен араласу өте ұнады. Ол шынында да иттерді жақсы көретін, мұны сезген олар да Тамараны көрсе қуана секіретін. Тіпті төбелесетін, түрінен адам қорқатын қабаған иттердің иелері таң қалатын болды, қалай Тамара шақырады, солай иттері құйрығын бұлғандатып, су тұмсығымен оның тізесіне сүйкеніп, кішкене балалар сияқты жабыса түсетін.
Иттердің иелері бұл қалай деп түкке түсінбейтін. Небір үйретілген, бөтен адамды жанына жуытпайтын, «тәтті-пәтті» берушілерге алданбайтын төбеттер анасына жүгірген күшік тәрізді осы әйелге қарай құстай ұшатын еді. Өйткені иттер өзіне деген мейірімді, махаббатты сезінетін. Ал мейірім мен махаббат бар жерде үйретілгеннің бәрі ұмытылады...
Содан Тамара «шаруашылықпен» жалғыз айналысу біртіндеп қиындай түскеннен кейін қызметкерлерді жұмысқа ала бастады. Бірақ ол кез келген адамды алмады, өзі сияқты төрт аяқтыларға «құлай берілгендерді» ғана таңдады. Бұл жұмысқа алудағы басты шарт болатын.
Тамараның жұмысы тез өркендей түсті. Енді жердің өзі тарлық ете бастаған соң оны кеңейту керектігі айтпаса да түсінікті еді. Көрші учаске ұзақ уақыт бойы бос жататын. Оның иесі жалғызбасты қария көптен бері мұнда келмеген еді. Өйткені шөп басып, күтім көрмеген жер келуге де тұрмайтындықтан, сатып алу Тамараға аса қиынға соқпады. Оның қарамағында енді 1,5 гектар жер болды.
Қаржы жеткілікті болғандықтан, қонақ үй қайта жасақталды, төбесі жабық жылы үйшіктер жаңадан бой көтерді. Енді төбеттер қақаған қыстың өзінде жайлы жерде жататын болды. Жаңа қонақ үйде мысықтарға да, тіпті экзотикалық жануарларға да орын табыла бастады.
Сондай-ақ мұнда күтім жасаушылар да тұратын. Тамара үшін олар тек жұмысшылар емес, ойы бір, ниеті бір достар болды. Барлығын біріктірген жануарларға деген шынайы махаббат еді. Бәрі бос уақытта бірге шәй ішіп, рахаттана әңгімелесетін. Тіпті жұмысшылардың міндеттері сөз болмайтын. Ортақ іс деп түсінетіндіктен, кез келген жұмысты кез келген жұмысшы атқарып кете беретін. Тамараның өзі де қолына сыпырғыш пен күрекше ұстап, иттің тезегін ала салуға намыстанбайтын. Оның үстіне жануарларды айналып-толғанып, жұмыс киімінің қалтасынан дәмдісін шығарып әлгілердің аузына салатын. Төрт аяқтылар да оған солай жауап қайтарып, өздеріне деген шексіз махаббаты сезінетін.
Енді жайдан-жай өз иттерін осында алып келе беретін адамдар көбейе бастады.
- Білесіз бе, - дейді олар. - Біздің итіміз тамақ ішпейтін болды, көңілсіз жата береді, тіпті теріс мінез көрсетуді шығарды. Өткенде осы жерден алып кеткенде өте көңілді, жақсы болатын. Егер рұқсат етсеңіз, екі апта қалдыруға бола ма? Ақшасын төлейміз. Біз үшін итіміздің қайтадан көңілді, дені сау болғаны маңызды.
Енді қонақ үй шипажайға айнала бастады, яғни, мұнда махаббат пен қамқорлық арқылы жануарлардың денсаулығы қалпына келетін болды.
Тамара болса, жануарларды жақсы көргеннен басқа саяхаттағанды да өте ұнатушы еді. Енді ол жағдайы бар болғасын түрлі шет елдерге туристік саяхаттарға шыға бастады. Әр сапарында өзінің бір жұмысшысын қоса алып кететін болды. Ал келгеннен кейін ойы бір, ниеті бір достарымен дастархан басында шай іше отырып, бәрі әлгі саяхаттың қызықтарын тыңдайтын, әсерлерімен бөлісетін, түсірілген бейнетаспаны көретін. Өздерінше мұны «жасалған саяхаттың есебі» деп атайтын.
Солай Тамарының арқасында фирманың қызметкерлері ешқашан көрмеген, естімеген елдерде болып қайтты. Айта кету керек, мұндай сапарлар фирманың есебінен ұйымдастырылатын.
Өміріндегі өзгерістер Тамараға әсер етпей қалмады. Оның бойында сабырлылық пен сенімділік пайда болды. Айналасына бар махаббатын арнаған әйелдің әрине, келбеті де ерекше тартымды бола түскені айтпаса да түсінікті еді.
Қонақ үй қызметкерлері байқағандай, соңғы уақытта алып төбеттің иесі, келбеті келіскен, өзін өте күтетіндігі көрініп тұратын, түріне қарап елу жасты беретін, күміс түсті мерседеспен жүретін жігіт ағасы Тамараға жиі көз салатын болыпты. Ұзақ уақыт бойы оның жануарларды айналып-толғанып жүргеніне қарай береді. Көп ұзамай әйел де оның жиі келе беретінін байқайды. Ал арада аз ғана уақыт өткенде, сүттей ұйыған ұжым өз ауласында үйлену тойын жасады. Мұндай қадамға Тамараның достары да, қызметкерлері де, анасы да шын қуанды. Сонымен, кейіпкеріміздің бақыты еселене түсті, өйткені өзіне қуаныш сыйлайтын сүйікті ісі бар және нағыз махаббаттың не екенін ұғындырған, жақсы көретін жары бар енді.
Міне, жанына жақын жұмысты дұрыс ұйымдастыра білген әйелдің тағдыры осындай болды. Яғни, өз бюджетінің шығысын кіріске айналдырып, айналасына да жұмыстарын жақсы көретін адамдарды жинай білді. Әлемдегі әркімнің де жаны қалайтын бақыт осы шығар бәлкім, кім білсін.
Әр адам өз таңдауын еркін жасауы тиіс. Өзіңіз ғана ненің жақсы, ненің жаман екенін шеше аласыз. Алайда денсаулығыңыз бен күшіңізді тек ақша табуға ғана жұмсамау керектігін түсінсеңіз екен. Өйткені тапқан табысты дәрі мен емделуге жұмсауға тура келген оқиғалар көп өмірде. Әрине, аз ғана уақыт ішінде көп ақша табуға болады, құдай жар болсын. Бірақ өз арманыңызды аяққа таптап, өзіңізге ұнаған іспен айналыссам деген тілегіңізді ешқашан ұмытып кетпеңіз!