Weekend
Тірлік түбі - бірлік
Интеллектісі жоғары және қоғамдық байланыста өмір сүретін дельфиндер өзіне шабуыл жасаған жыртқыштардан үйірімен бірігіп қорғана алады, деп жазады «Дүние жүзі» журналы.
Акула да, дельфин де, бір қарағанда, жүйке жүйесінің дамуы және мінез-құлық механизмдері ұқсас жануарлар болғанымен, бір-бірінен айырмашылығы көп.
Акулалар – мұхиттардың ежелгі және қарабайыр тұрғындары, өз мінез-құлқындағы инстинкттерді басшылыққа алатын шеміршекті балық. Ал дельфиндер – күрделі әлеуметтік өмірді жүргізетін, бірлесіп аң аулайтын және жыртқыштардан қорғанатын су сүтқоректілері.
Бұл екеуі кездескен кездерінде, акула теңіз санитарларының рөлін орындай отырып, дельфиндердің отарындағы ең әлсізін, кәрісін, науқасын немесе жараланғанын бірден сезіп, соны көздейді.
Бірақ жоғары дамыған интеллектісі әрі коммуникациялық қабілеті бар дельфиндер көп жағдайда, акуланы уақытында байқап, оған ұжымдық қарсылық көрсетеді: жыртқышты қоршап, оның желбезек саңылауларын ұрып, оған зақым тигізеді. Судан оттегі алу мүмкіндігінен айырылған акула жиі өлімге ұшырайды.
Дельфиндермен кездесуден кейін аман қалған немесе сондай бір басқа акуланың тағдырын көрген «куәгер» акула бұдан әрі дельфиндердің тобынан алшақ болуды қалайды.