Woman
Біз күн сайын өзімізге қаншама ауыр және жағымсыз эмоцияны ойлап табатынымыз белгісіз
Адам уақытының көп бөлігін күнделікті істерге жұмсайды деген күннің өзінде миға келіп түсетін ойлардың орта есеппен 18%-ы бізге жағымсыз эмоция береді.
Әдетте, жағымсыз эмоция сыйлайтын - негатив ойлар. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» дейтін елміз ғой. Көбінесе психикалық саулыққа аса зер салмайтын кездеріміз жетерлік. Алайда негатив ойлармен күреспеудің салдары адамның денсаулығына, рухани күйі мен ішкі сезіміне өте үлкен зиян келтіретіні дәлелденген.
Психологтардың зерттеуі бойынша адам позитивке қарағанда негативті тез тартып алады екен. Қайғы, мұң, уайым және ашу сынды сезімдер қуаныш көңіл күйіне қарағанда тез тарайды. Вирус сияқты жұқпалы негатив ойлардан өзіңіз ада болғыңыз келсе, бірінші кезекте, үнемі сын айтып, айналаға көңілі толмайтындармен алыстан ғана сыйласқаныңыз жөн.
Сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да жаныңыздағы адамның пікірі сөзсіз сізге әсер ететіні дәлелденген. Пихологиялық көңіл күй жұқпалы, әсіресе, ұзақ араласу кезінде. Ғалымдар бұл байланысты адам миындағы айна эффектілі нейрондармен байланыстырады.
Негатив ойлардан арылуға атақты психолог Уилл Боуэннің «Күлгін білезік» техникасы ең қарапайым әрі нәтежиелі әдіс ретінде кең тараған. Техниканың мағынасы күлгін түсті білезікті тағып жүріп ешқандай негатив ойлар ойламай және 21 күн бойы бір қолда тағып жүруіміз керек.
Ал егер ойламаған жерден жаман ойлар келсе, басқа қолға ауыстырамыз. Сонда санау басынан басталады. Бұл сіздің ойыңызды бақылауға көмек береді, күлгін білезік тек сіздің есіңізге салып тұрушы рөлін атқарады.
Қазіргі жасыңыздан бірнеше есе жас көріну үшін негатив ойлардан жаныңызды құтқарыңыз. Қазақ психологы Кәмшат Бекжігітова айтпақшы «Ойыңызды өзгертіп, өміріңізді өзгертіңіз!».