Woman
Ойланыңыз
Дүниеге перзент әкелумен шектелетін адамдар бар. Олар баланың мінез-құлқына, қабілетіне, артықшылығы мен кемшіліктеріне жаратылысы солай деп қабылдайды.
Сондай-ақ тұқым қуалайтын заңдылықты алға тартып, балаларының арғы ата-бабаларына ұқсас екендіктерін біледі. Бірақ сол ұқсастықтың қайталануы немесе оған кедергі келтіру, жалпы баланы өз қалауы бойынша таңдауға болатынын ойламайды да. Отбасына адам қосылғалы жатқанда, ата-аналары осылай қателеседі.
Әйел жүкті болғаннан бастап олар тазалықты, өзін-өзі бақылауды қолға ала отырып, жатырдағы шарананың бойына биік рухтың қонуын таңдауға мүмкіндіктері бар, соған дайын болулары тиіс.
Біздің хромосомдар мен клеткаларымызда өмір сүру салтымыз сақталады. Сондықтан қанша шыншыл, қайырымды адам болып көрінуге тырыссақ та түк пайдасы жоқ. Бар ойымыз, сезіміміз ішкі әлемімізде қалып қоятындықтан, тұқым қуалау арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады.
Болашақ ағаштың топыраққа себілген дәні секілді адам ұрығы да әкеден анасына беріліп, өмірге келетін баланың жобасы жасалады. Яғни, тоғыз ай бойы әйел сол жобаның жүзеге асуына (қалай жүзеге асуына) өз ойы, сезімі, өмір сүру дағдысы арқылы ықпал етеді. Жүктілік кезінде әйел миы мен іштегі шарананың арасында ерекше түрдегі айналым болады. Космостық энергиядан қуат алып, ми оны эмбрионға жібереді. Әрине, іштегі шарана тамаша болуы мүмкін, бірақ анасы жағымсыз ойлар ойласа, онда сары уайымға берілген, түрлі ауруларды бойына жинаған бала туылады.
Жалпы ұлттық, халықаралық деңгейде жағдайды жақсарту үшін саяси, экономикалық, каржылық, әскери тәрізді көптеген жоспарлар жасалады емес пе?
Бірақ қанша тың жаңалықтар болып жатса да адамзаттың бақыттан басы айналған жоқ әзірге. Мемлекет миллиардтаған ақша жұмсап, аурухана, түрме, сот, мектептерді қамтамасыз етуде. Егер тек жүкті әйелдің жағдайын жасаса, оған шығын көп кетпейді, ал нәтижесі керемет болар еді. Егер мемлекет климаты жақсы, табиғаты тамаша аймақтан орын бөліп, әдемі де ыңғайлы үйлерді келістіре салса, айналасында гүлге, ағашқа толы бау мен бақ бой көтерсе, бассейн мен фонтан қойылса, сол жерде жүктілік кезінде әйелдер мемлекеттің есебінен өмір сүрсе қалай болар еді?!
Әйелдер серуендеп, музыка тыңдап, жүктілік мерзіміндегі өмір сүру дағдысы жайында лекцияларға қатысса, тамақтану тәртібін үйренсе, туылатын бала туралы ойлау мен сезіну жұмыстарын жасаса не дер едіңіз?! Күйеулері де келіп, әйелімен әңгімелесудің жаңа мәнерін үйреніп, оған көмектессе қалай қарайсыз?! Сонда жанға жайлы тыныштықта, сұлулықта әйел әлемге нұрға бөленген, жер бетінде бақытты бола алатын нағыз баланы сыйлар еді.
Әрине, бұл күнге жететін күн де келер, бірақ оған дейін қаншама қиындықтарды бастан өткеру керек... тек жүкті әйел арқылы барлығын басынан бастауға болатынын адамзат білуі тиіс.
Бүгінде болашақ аналардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқандығы жасырын емес. Сонда бойына біткен шаранасын қандай күйде көтеріп жүргенін ойлай беріңіз. Бойы көк тіреген зәулім ғимараттар салғанша аяғы ауыр анаға жағдай жасап, аман-есен аяқ-қолын бауырына алуға мүмкіндік берсек болады ғой. Одан кейін-ақ сол баяғы жүдеу тұрмысына олар орала қойсын қажет деп тапса. Ал олардың балалары ата-аналарына тамаша үй салып берер еді, өздерінің талантымен, қабілетімен ата-аналарын түбінде кедейліктен құтқарар еді.
Міне, ешқандай жайлы жағдай жасалмайтындықтан, дүниеге ақылсыздар, аурулар мен қылмыскерлер келуде. Мемлекет болса аурухана, түрме салып, дәрігерлердің, педагогтардың, полициялардың санын көбейтуде. Бірақ бұдан ештеңе өзгермейді. Өйткені миллиардтаған қаржы құйып, психологияны, педагогиканы жақсартса да анасының жатырында балаға берілген квинтэссенцияны бұзу мүмкін емес.
Бірде-бір педагог немесе дәрігер баланың табиғи жаратылысын өзгерте алмайды. Сырттай қарағанда сәл жақсару болады, бірақ бұл жабайы жануарларды үйреткен тәрізді дер едік.
Негізі ғылымда жоқ бұл ұсынысты көпшілік қабылдамауы да мүмкін. Дегенмен, ата-аналар шыдамдылық танытып, өздерін тазартып, тұқым қуалайтын әлсіз тұстары мен ауру-сырқауларынан босана алса, кейбір ақауларға қарамастан, дүниеге келген балаларының бойында жақсы нышан байқалатын болады. Ал одан кейінгі ұрпақтары одан да жақсара түседі, осылайша үлкен жетістікке жетуге мүмкіндік бар.
Бұл жерде әрине, жүкті әйелді жайлы жерге әкетіп, бірнеше ай бойы оны отбасынан оқшаулау өз зардабын тигізетінін біз білмейді емес, білеміз. Бірақ бұл мәселені ақылмен дұрыстап шешуге болады ғой.
Сондықтан құрметті әйелдер, керемет міндетті орындауды табиғат тек сіздерге сеніп тапсырғанын ұғыныңыздар. Адамзаттың қалай дамуы сіздерге байланысты, өз мүмкіндіктеріңізді, өз күштеріңізді біліңіздер. Бірақ білмейтіндіктен, сіздер осы құпиямен ойнайсыздар. Одан да өз миссияларыңызды түсініңіздер.
Р.S. Омраам Микаэль Айванховтың «Воспитание, начинающее до рождения» кітабынан алынған үзінді ықшамдалған түрде назарларыңызға ұсынылды.