Экономика

Қаржы сауатсыздығы: Алаяқтардың адамды алдау жолдары қандай?

Алаяқтықтың қандай түрлері бар?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгінде алаяқтарға жем болып, сан соғып қалғандар жеткілікті. Қаржы жымқырудың сан түрі түрленіп, алаяқтықтың түбі көрінбейтін болған. 

Кейбір алаяқтық қаржы операцияларына тіпті құқық қорғау органдары дәрменсіз. "Мұқият болыңыздар, әр құжатқа зер салып қарап, өз жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаңыздар" дегеннен әрі аспай отыр... Бүгінігі мақаламызда қаржы алаяқтарының түрін салалап көруге тырыстық. Алданудың сан қырлы түрі бар ішінде интернет көмегінің арқасында көзге көрінбей, оп-оңай қалтаны қағатындар өте көп.                                 

Баспана алаяқтары

Ауылдан қалаға ағылған халықта есеп жоқ. Көбінің жеке пәтер алуға шамасы жоқ, тапқаны пәтер жалдау мен күнделікті күн көрістен аспайды. Ал Қазақстанда жергілікті атқарушы органдабаспанаға мұқтаж ретінде тіркелгендер саны 500 мың адамға жуықтайды.  Барлығына жеңілдік пен үй беру мүмкін емес. Міне осындай,  сіздің дәрменсіз күйіңізді білетін алаяқтар арзан үй мен жерді саудаға салады. "Мемлекеттік бағадарламамен арзан үй алып беремін" -, деп милионға дейін пара алады. Кейін алданғаныңызды біліп ІІБ-не барғанда ондай адамның немесе компанияның өмірде жоқтығы, барлығы жалған аккаунтпен (әл желі) жалған құжаттарды жасатып алғаны белгілі болады. Кейін телефон нөмірін ауыстырып басқа қаладан басқа адам болып қулығын жасай береді.

Нағима 41 жаста:

Мен ауылдан қалаға келгеніме он үш жыл.  Осы жылдар ішінде Алматының шетіндегі Шаңырақта времянка жалдап күн көріп келдім. Төрт балам бар, табыс көзі тек күйеуімде. Барлық ішіп жемді санағанда тіпті келесі айға қарыз болып кете жаздаймыз.  Соңғы ұлымды босанған соң,  осы жердегі байлардың үйін аптасына бір рет жуып тазалап беруші болып 5-6 үйге  кіріп алдым. Табыс жақсы болды: балалары барлары үй киімдерін, ойыншықтарын беріп  ақшаны шамалап болса да жинауға мүмкіндік туды. Сөйтіп жүргенде бір байдың үйін де жылпос келіншекпен таныстым. Есімін Сәния атап, маған осы жұмыспен-ақ айына жүз мың салып, бес-алты жылда үйлі болатыныма сендіріп қойды. Солай бірінші әр жан үшін бес мың теңгеден төлеп, қаладан тұрақты мекен жай алдық.  Мекенжайға бәріміздің құжаттарымызды тіркеп, қалалық тұрғын үй департаментіне бардық. Мен дәлізде отырдым, ол  жүгіріп әр кабинетке бір кіріп, шығып әлдене құжаттарды әкеледі. Үлгілер екен, оларды толтырып қолына ұстата қоямын, бәрін жинап алып кеткен. Екі-үш күннен кейін хабарласты, менің құжаттарымнан бір кінәрат тауыпты, енді соны өткізіп жіберу үшін және алғашқы төленген жарна үшін барлығы бес миллион тауып беруім  керек екенмін.  Өзім әрең жинаған бес жүз мыңға қарызданып тағы бес жүз қостым. Қалғанын Сәнияның танысы арқылы банктен алдық. Банкке барғанда мен тек камера алдында ғана болдым, ал ақшаны қолыма ұстаған емеспін. Тіпті менеджерімнің кім екенін білмеймін. Барлық құжаттар заңды жүріп жатқандай болған соң  көзсіз сеніппін. Арада алты ай өтті, ол маған "бір жыл күтесің" деген еді. Бір күні кездойсоқ теледидардан Сәнияның түрін көріп қалдым іздеуде жүр екен, осыған дейін 10 адамды алдап соққан, аты-жөні мүлдем басқа адам. Сол кезде барып өзімнің де алданғанымды білдім. Бір жылдан кейін өз үйімізге кіреміз деп қуанып жүрген балаларыма не айтарымды білмеймін. Ал өзім болсам қызығын көрмеген 1 млн теңге мен несиеге алынған 2 млн (екі млн алғанымды да үйге несиені төлеңіз деген қағаз келгенде білдім) екі есемен қайтарып жатырмын. Айтпақшы банктен несие аларда мені атын естімеген компанияның бұғалтыры деп жазыпты, айлығым пәленбай мың, сондықтан маған банк қорықпай несие рәсімдеген екен. Тіпті зейнетақымда екі жылдық төлем тұр...  (Бәрін қалай ойластырған десеңші) Қазір тапқанымның бәрі несиеге кетеді. Бұрынғы күнім жақсы еді, далада отырсам да қайғысыз су ішіп... (Нағиманың өз аузынан жазып алынды).

Бір емес, алданған мың Нағималар жүр.. Баспана мәселесі өз шешімін таппай Сәниялар да азаймақ емес... Елге танымал әнші Гаухар Әлімбекованың да темір тордың арғы жағын көріп келгені осы баспана мәселесінен еді. Тек алданғандар әр қилы жолмен адасып, қаржысынан айырылып жатыр.  Алданғандар көшін нарықтағы қымбат үйлерді иеленген Алматы, Нұр-сұлтан, Ақтөбе, Қарағанды қалалары тұр.

Қаржы пирамидалары

Менімен бірге бір қыз тұрған болатын, айлықты айлыққа жеткізе алмай басы қататын. Бірде Кюнет қаржы пирмидасы туралы естігенін айтып бізді кәдімгідей сендіріп қойды. Мен бірден бас тарттым, ал қасымдағы қыз 800 мың жиғанын салмақшы болды. Қанша үгіттесем де көндіре алмаған соң үндемей қоя салдым. Ақшадан тарыққан қыз 30 мың салды.  800 мың салмақшы болған қыз 30 мың салған қыз алғашқы жарна ақшасын ала бастаған ғана салмақшы болды. Қазір салған отыз мыңнан отыз тиын көрген жоқ. Ал Кюнет тіпті ҚР аумағына тиесілі емес. Соңғы жылдары  саусағын  қимылдатпай тезірек байығысы келетіндер көбейген. Ақшаның оңай жолмен келмейтінін, БАҚ бетінде қаржы пирамидалары туралы ескертпелер жүріп жатса да алданғандар легі толастар емес.

Қазақстандықтар бұрын отандық алаяқтарға жем болса, енді отандық емес, шетелдік қаржы пирамидаларының арбауына түсе бастаған. Еліміздің Бас прокуратурасы қор нарығында жоғары кіріс­терді уәде еткен осындай компания­лар­ды тексерген болатын. Олардың бир­жа нарығына ешқандай сатылым шығармайтындарын анықтады, оларға ешқандай да қаржы құйылмайды тек жаңа салымшылар есебінен қаржысын көбей­тумен айналысқан. Көптеген мемлекетте осындай құйтырқы алаяқтық іспен шұғылданатын компанияларға, қаржылық пирамиданы құратындарға заңмен тыйым бар. ҚР  Қылмыстық кодекске 2014 жылы түзету енгізілді. Заңға қайшы келгендер 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жарнама туралы қолданыстағы заңның 13-бабында "қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады" деп те жазылған. Бірақ олардың басым көпшілігінің бас кеңсесі АҚШ, Батыс елдерінде орналасқандықтан,  елдің заңымен жазалау мүмкін емес. Қолдан келері – жұмысын тоқтату ғана дейді шарасыз құқық қорғау органдары.

Одан беріде пирамида тектес бірнеше түрі пайда болған.  Қылмыстық кодекстің аталған бабымен олардың бәрін қамти алмайды екенбіз, ол үшін  Қазақстанның "қаржы пирамидаларына" шектеу қоятын заңды жетілдіру қажет дейді мамандар. Ұлттық банктің сайтында жарияланған мәліметтерге келсек,  2010-2017 жылдары халықтың 7 млрд 145 млн теңгесін қақса, 2018 жылдың бірінші жартысындағы есеп – 20 млн теңге. 

Ғаламтор арқылы есепшоттан ақша ұрлауда

Бүгінде интернет дамыған заманда алаяқтың жаңа түрі,  сіздің  Крыша, Колеса және ОЛХ интернет сайттарына қойылған жылжитын-жылжымайтын заттарыңызды сату үшін қойылған ұялы телефон нөміріңізді алып, сізге қоңырау шалады. Жаңағы хабарландыру бойынша хабарласып тұрғанын айтып,  затыңызды сатып аламын деп сізбен саудаласады. Ақшасын келіскесін, қайда аудару керек екенін сұрайды немесе бағасы үлкен сома болса, ешкімге сатпаңыз деп ақшаның алғашқы бөлігін (задаток) аударуға келіседі. Қандай банк екенін сұрап алады.

Алаяқ Сізбен сөйлесіп отырып, интернет желісінде  сол банктің қосымшасына кіріп Сіздің телефон нөміріңізді тереді, сол жерден "құпия сөзді ұмытып қалу" (Забыли пароль) батырмасын басып, Сіздің ұялы телефоныңызға "қалпына келтіру кодын"(код доступа) жібереді.

Алаяқ Сізден ұялы телефоныңызды өшірмей сөйлесіп тұруыңызды өтінеді және аударып жіберген ақшаны растау үшін СМС-хабарлама арқылы келген құпия сөзді тездетіп айтып жіберуіңізді сұрайды. Осымен ол сіздің ұялыдағы банктің  қосымшасына кіріп, шотыңызға қол жеткізеді және де сіздің атыңыздан несие алып үлгереді.

Барлығы шапшаңдықпен және жаңылыстыру жолымен жасалады. Ақша аудармаға көмектесуге тырысамын деп адам асығыс болып, алаяққа сұрағанның бәрін айтады.

Ары қарай Сізбен байланыста болып, ақшаны (сіздің атыңызға алынған несиені) қателесіп сізге жібергенін айтып, сізден сол ақшаны басқа банк шотына немесе QIWI шотына салып жіберуіңізді өтінеді. Ал сізбен келіскен соманы қайтадан жіберіп жатқанын айтады. Ұялы телефонмен сөйлесіп болғаннан кейін ғана, Сіз өз атыңызға несие алынғанын білесіз. Тіпті, банктен боламын деп сіздің бар деректеріңізді жайып салғандар да болған,  көбіне бұрынғы банк қызметкерлері осындай  алаяқтық қаржы операцияларын жақсы білгендіктен сіз туралы мәліметтер сақталып қалуы мүмкін.

Есіңізде болсын:・

1) Банк өкілі ЕШҚАШАН сіздің шотыңызды, банк картаңызды, CVV және ДСН-коды немесе өзге де құпия мәліметтерді сұрамайды.

2) Банк атқаратын қызметі бойынша клиентпен әлеуметтік желіде тек ресми парақшасында ғана байланыс орнатады. 
3) Есіңізде болсын: банк сізден қандай жағдай болмасын хат алмасу арқылы құпия мәліметтерді жолдауды өтінбейді.
4) Сіздің жеке деректеріңізді, оның ішінде жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін, төлем картасының деректемелерін (16 таңбалы нөмір, ұстаушының аты, жарамдылық мерзімі, CVV / CVC коды) ешқашан жолдамаңыз.

5) Егер күдікті нәрселер орын ала бастаса бірден карталарыңыз бен дербес шоттарыңыздың нөмерін бірден блокқа салып тастаңыз.Немесе банктің қол жетімді нөмірі арқылы хабарласып блокқа түсіріп беуді өтініңіз.  Тіпті өзіңіз қайта аша алмасаңыз да, ақшаңыз жоғалғанша банкке барып қайта құжаттарды дұрыстап алған тиімді.

Шет елдік арзан жылжымайтын мүлік...

Осыдан екі үш жыл бұрын Нұр-сұлтан қаласында жүрген едім, ІІД аяқ астында мәлімдеме жасайтын болып брифинг өткізді. Жедел  өткізу себебі бас қалада шет елдік саудаға қойылған арзан баға да жылжымайтын мүлікке алданғандардың саны күрт өсіп кетуін де екен. Интернетте барынша  арзан шет елдік жылжымайтын мүлікті көріп, сатып алғысы келген елорда тұрғындары мүліктің немесе тауардың барын және мемлекеттік органдарда тіркелгенін куәландыратын қажетті құжаттарын тексермей, шетелдегі «сатушылармен» байланысқан екен. Алданып қалғандар пәтердің немесе тауардың бар екеніне, сондай-ақ шетелде «сатушылардың» жұмыс істейтініне сеніп, төлем қабілеттілігіне кепіл ретінде «Money Gram» немесе «Western Union» жүйесі арқылы ақша аударған екен. Ақша аударымы жәбірленушілердің атынан не бірегей кодын көрсете отырып олардың туысқандарының атына өткен. Содан кейін алаяқтар жәбірленушілерден бірегей коды жоқ банк құжатының көшірмесін сканерлеп, олардың мекенжайына электрондық пошта арқылы жіберуді өтінген. Қысқа уақыт ішінде көрсетілген қаражатты белгісіз біреулер аталмыш шоттан шешіп алып отырған. Алданғандар дені өте үлкен сомада ақша аударғанын айтып зар илеп отыр.. 

Инстаграмда байқауды кім өткізіп жүр?

Қазір инстаграм желісі сауда мен жарнаманың нағыз көмекші құралына айналған. Басқа әлеуметтік желілерге қарағанда мұнда егер адамы көп болса, сатып алу да аз ақша тұрмайды. Басында елге танымал әншілерге жарнамалатқан саудагерлер қазір жаңаша тәсіл ойлап тапқан. Қарапайым халықтың көз алдындағы банк немесе компания арқылы адам жинауға көшкен. Ол қалай дейсіз ғой, бірде мен инстаграм желісіндегі әйел құпиясы атты парақшадан халық банктің жарнамасын көріп қалдым. Жарнамасы мықты, шарты да қарапайым астына "қатысамын" деп коментарий жазып, бес досыңызды белгілеп кетесіз. Және парақшадағы подпискада тұрған 30 әлде 50 аккаунтқа жазыласыз. Кездейсоқ генератор көмегімен осы айдың пәлен күні саны шыққан бақытты  жанға Алматыдан пәтер, басқа қатысушылар да кенде қалмай 10 адам ақшалай сый алады дейді. Ақша сұрап тұрған жоқ қой тәйірі қатыса салайын дейтіндер көп. Ал бұл кезде басқа аккаунтпен "адам жинап беремін, инстаграм да жұлдыз боласыз пәлен-түген" деген жарнамаға адам жинап қояды. Әр адамнан 5-10 мыңнан алып оны жаңағы отызға көбейтіп алсаңыз оның өзі аз ақша емес. Дәл Халық банк көрсетіліп тұрған соң банктің баспасөз бөліміндегі әріптесіміз Досбол Арыстанбек ұлына хабарласқан едік:

- Қандай да банк туралы ақпаратты біз бірінші өз сайтымызға саламыз, одан кейін БАҚ арқылы ресми таратамыз. Ал банктің атын жамылып инистаграмда байқау өткізіліп жатқанын сізден естіп тұрмын. Бұл жерде ақшасынан айырылып қалып отырған жәбірленушілер жоқ болғандықтан ешкім шағымданбаған, - деді ол. 

Каспий банктің қосымшасын ашқан кім?

Жақында елді елең еткізер оқиға каспий банктің қауіпсіздік қызметі Kaspi.kz ресми сайтына ұқсайтын kaspi-bannk.com фишингілік сілтемесін анықтады.

Жедел қимылдаған Каспий банк қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қазіргі уақытта жалған  ресурсқа тосқауыл қойылды.

Егжей-тегжейлі талдау оның фишинг екенін растады: kaspi-bannk.com домендік атауы осы жылдың 28 шілдесін де ғана тіркелген екен.

Алаяқтардың ойластыруы бойынша, пайдаланушы телефон нөмірі мен парольді енгізуге тиіс болды. Содан кейін ол өзі байқамастан loading.php бетіне өтеді де, sms-кодты алған кезде оны енгізе отырып, өз шоттарына қолжетімділік беруге тиіс болды.  Ары қарайғысы түсінікті: жалған ресурсқа тіркелген ақшаға оңай қол жеткізген алаяқтар шотыңызды бірден сыпырып немесе сіздің атыңызға үлкен соманы несиелеп қояр еді. 

- Бұл туралы халықты хабарландыру  БАҚ арқылы қарқынды жұмыс жүргізуге тырысып жатырмыз.  Банк сайтын өзгертуге шешім қабылдаған күннің өзінде БАҚ арқылы хабарлап айтар едік, біздің сенім телефонымыз 9999 халықтың көбі біледі. Сондықтан да қандай әрекетке бармас бұрын осы нөмірге хабарласып, немесе каспидің бөлімшесіне барғаныңыз дұрыс, - деп жауап берді телефон арқылы мән жәйді сұрастырғанда банктің баспасөз бөліміндегі әріптесіміз Ербол Азанбек.

PS. Интернет арқылы болсын таныс арқылы ма бәрібір, жиғаныңызды әп сәтте "мәдениетті" түрде құрғақ уәдемен сыпырып алатындардың дені бұдан көп. Біз тек адамдарды сақтандыру шарасымен кейбіріне ғана тоқталдық. Деседе әр сақтық сіздің және отбасыңыздың қаржысын сақтайтын жалғыз амал екендігін естен шығармайық.