Экономика
Сізге қатысы бар ма?
Байлыққа бастайтын жолды жауып тастайтын бірнеше себептер адамның мінез-құлқында болады. Соларға арнайы тоқталғанды жөн көрдік.
Психологиясы кедейлікке тән адам әдетте, айлығы аз, бірақ тұрақты жұмысты таңдайды. Мысалы, мемлекеттік мекемеде. Өйткені мемлекет ешқашан «өлтірмейді». Ал коммерциялық ұйымға барса, әйтеуір бір кезде далада қалуы әбден мүмкін.
Мұндай адам өз күшіне мүлде сенбейді, өз білімі мен тәжірибесінің керек боларын түсінбейді. Нәтижесі де дәл солай. Яғни, көңілсіз, жалықтыратын жұмыс тауып алады да, жаңаны қабылдауды тоқтатады. Бір орында дамымастан, ешкімге керексіз күйге түседі.
Міне, нақ осы ешкімге керексіз болғандықтан, психологиясы кедейлікке тән адам өзгерістерден қорқады. Тәуекелге бел буам деп бәрін жоғалтқанша азға қанағат етеді. Ешқашан өз бизнесін ашпайды, нарықтың тілін үйренбейді, 40 жасында екінші жоғары білім алуға талпынбайды, сондай-ақ 50 жасында жаңа өмір бастау үшін басқа қалаға көшуден үзілді-кесілді бас тартады.
Психологиясы кедейлікке тән адам өзін төмен бағалайды. Қайдан жоғары бағаласын, егер істеп жүрген жұмысы қызықтырмаса, соның өзінен айырылып қалам ба деп қорықса, өмірінде жарқын әсерлер, оң өзгерістер кездеспесе?! Өз еңбегін, өз мүмкіндігін құрметтемеу осыдан келіп шығады. Барлығын басынан бастау, тәуекел етуден қорықпау байлыққа бастайтынын олар түсінбейді.
Бәрімізге белгілі, бір нәрсеге қол жеткізу үшін оған күш жұмсау қажет. Мәселен, жалақысы да, жауапкершілігі де жоғары жұмыс ұсынылса, бұған бұрынғы жұмыс орныңмен салыстыра отырып қараған дұрыс. Сонда ғана үнемі өсуге мүмкіндік туады.
Психологиясы кедейлікке тән адам белсенділік танытқысы келмейді және таныта да алмайды (ешқашан танытып та көрмеген). Жаңа жұмыс іздеуге, ақша табуға қорқады, өйткені қолымнан келмейді деп алдын ала ойлайды. Адам өте енжар, сол себепті кедей. Бірақ соған қарамастан, өзіне жақсы жалақы төленуі тиіс деп есептейді, себебі жұмысты сапалы орындап жатырмын деп түсінеді. Нәтижесінде өзіне де, бала-шағасына да, демалуға да, дұрыс өмір сүруге де алатын жалақым жетуі керек деп қояды. Ал айлығы аз осы жұмысты істеуге өзі келіскендігін өзі ұмытып кетеді. Есесіне бастығына іштей зығырданы қайнайды.
Жалпы кедейлер уақыттарын өте көп жоғалтады, дүкенге барса, қай жерде арзан екен деп салыстырады. Коммуналдық қызметтердің ақысын сәл ғана азайту үшін бір реттік әлеуметтік көмек алу үшін жан-жаққа арыз жазады, жүгіріп жүреді. Одан да босқа кеткен уақытты тиімді пайдаланып, табыс табуға немесе жақсы жұмысқа орналасуға болады ғой.
Өзіңізге бір сәт қараңызшы, осы айтылған жайлардың сізге қатысы бар ма? Егер бар болса, тез арада құтылуға тырысыңыз. Есіңізде болсын, сіздің өміріңіз, өсу-өркендеуіңіз – тек өз қолыңызда!