Weekend

Қазақ тілінде дубляждалған фильмдер халыққа ыңғайлы уақытта көрсетілсін!

Бүкіл Алаш болып қолдау көрсететін мәселе

 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Еліміздегі кино өндірісі мен қазақ тіліндегі фильмдердің, шетелдік фильмдердің қазақ тілінде дубляждалуы мәселесі күн тәртібінде тұр. Соның ішінде, Еліміздің кинотеатрларында қазақ тілді фильмдерді  ыңғайлы уақытқа қоюға байланысты петиция жарияланды. Петиция petitions247.com сайтында жарық көрді.

Біз Қазақстан аумағындағы барлық кинотеатрларда қазақ тіліне дубляждалған кинотуындыларды халыққа ыңғайлы уақытта және өзге тілде көрсетілетін фильмдерден кем емес жиілікте көрсетілуін талап етеміз. Қазіргі уақытта кинотеатрларда фильмдердің қазақ тіліне дубляждалған сеанстары  прокаттағы фильмнің 10% жетпейді. Сонымен қоса, қазақ тіліндегі сеанстар таңғы және түскі уақыттарда ғана көрсетіледі. Бұл біздің тұтынушы ретінде ақпаратты қазақ тілінде алу құқығымызды бұзады.

 

Қазақстанның әрбір азаматының кинотеатрда қалаған киноны қазақ тілінде көру құқығы заңнамамен бекітілген. 

Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы N 207 Заңының 28-4 бабында былай деп жазылған: 

1.  Қазақстан Республикасының аумағында барлық фильмді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады. 

2.  Ұлттық фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және қажеттігіне қарай басқа да тілдерде жүзеге асырылуға тиіс.

3. Шетел телеарналарынан ретрансляцияланған фильмдерді қоспағанда, прокаттау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) барлық фильмдерге 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақ тiлiнде дубляж жасалуға тиiс. 

 

Сондықтан кинотеатрлар қазақ тіліндегі фильмдерді өзге тілдегі сеанстардан кем қоймауға және прайм таймда көрсетуге міндеттелуі тиіс.