Саясат

АҚШ билігі қытай студенттерін тексеріп, қысым көрсетуде

Қытайдың ғалымдары мен студенттері Американың технология саласындағы жетістіктерін ұрлап жатыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қытаймен арадағы саяси және экономикалық қақтығыс күшейгеннен кейін Америка билігі елдегі білім және ғылым саласындағы қытай текті азаматтарға да қысымды күшейте бастады. АҚШ әкімшілігі аспан асты елінен келген ғалымдар мен студенттер қытай үкіметіне жұмыс жасайды, Американың ғылым мен технология саласындағы жетістіктерін ұрлап жатыр деген желеумен түрлі тексерістер жасап, университет басшылығынан құжаттар мен деректер сұрап, дербес мағлұматтарға сол сұғуда, деп хабарлайды Коммерсант.

Аталмыш басылымның хабарлауынша, Америкада қытай ғалымдары мен студенттеріне қарсы жаппай тексеріс басталғанына екі нәрсе дәлел: бірі қытай билігінің АҚШ-қа виза алған қытай азаматтарына қысым жасалып жатқаны жайлы мәлімдемесі болса, екіншісі – АҚШ университеттері мен зерттеу орталықтарының арыз-шағымдары.

Жақында ғана АҚШ-тың танымал, элиталы 15 университеті америка басшылығына ұжымдық хат жазып, қытай студенттеріне жасалып жатқан тексерісті тоқтатуын өтінген. Олардың арасында Йель, Стэнфорд және Колумбия университеттері де бар. Сондай-ақ, елдегі түрлі ғылым қауымдастықтары да қазір хат әзірлеу үстінде.

- Америка жоғары оқу орындарының неліктен қытай студенттерін жақтап отырғаны түсінікті. Өйткені Қытайдан келетін студенттер – АҚШ университеттерінің негізгі табыс көзі. Соңғы жылдары Қытайдан келетін түлектердің саны 30 пайызға дейін өскен. Қазіргі уақытта АҚШ-та 360 мың қытай студенті білім алуда. Олардан түсетін бір жылдық табыс 15 млрд долларды құрайды. Сондықтан олар қытайларды жақсы көреді. Алайда оларға деген қысым әлі де күшейетін болса, онда қытай үкіметі АҚШ-қа білімпаздарды жіберуді тоқтатуы мүмкін, - деп жазады Коммерсант басылымы.    

Қытай ғалымдарына да қысым күшейген көрінеді. Оларды себепсіз жұмыстан шығару көбейген. Мәселен, Хьюстондағы қатерлі ісік орталығында жұмыс жасап жүрген қытай текті үш маман мен Эмори Университетінде неврологиялық мәселелерді зерттеумен айналысып жүрген қытай жанұясы еш себепсіз жұмыстан шығарылған.  

Ал Қытай үкіметі болса, АҚШ еліне он жылға виза алған көптеген ғалымдардың визалары тартып алынғанын айтуда.