Саясат
Дінімізді сақтайық!
Мен бірде Қаскелеңнің бергі жағындағы көлік базарына барып, бір күзетші жігітпен әңгімелесіп қалдым. Сатылатын көліктер бағасына қарай әр секторға бөлінеді екен.
Өте қымбат, бағалары 60-70 мың доллар тұратын, дөңкиген джиптер базардың батыс жақ дарбазасы маңында орналасқан. Күзетші жігіт маған айтады: "Аға, осы қымбат джиптердің иелері кім екенін білесіз бе?" дейді. "Қайдан білейін, бай-бақуатты адамдар шығар" деймін мен. "Аға бұлардың иелерінің көбі сақалдылар" дейді ол. Күзетші жігіт айтады "Мен сол сақалдылардың біреуіне "Бауырым, мына көлік өзіңдікі ме?" деп сұрадым" дейді. "Иә" дейді сақалды.
Күзетші жігіт:
- Мен шамасы, мұндай машинаны өмір бойы мінбей өтетін шығармын. Өйткені күзетшінің айлығы 60-70 мың теңге, пәтерге төлеймін, азық-түлік, киім-кешек, бала-шағаның қамына жұмсағанда , менің айлығым жетпейді-ау, жетпейді. 60-70 мың доллардың көлігін міну мен үшін орындалмас арман" дейді ғой күзетші жігіт.
Сөйтсе сақалды:
- Аллаға жалын, жалбарын, ораза тұт, бес уақыт намаз оқы, бәрі болады, - дейді.
Күзетші жігіт "Әй қайдам, оның бәрі дұрыс қой, бірақ мешітте түнесем де, оның солай болатынына күмәнім бар" дейді. Сөйтіп сақалды күзетші жігітті жамағаты жиналған жерге шақырады. Ар жағы өзіңізге де белгілі болар ағайын. Ол күзетші жігіт, жамағат жиналатын жерге барды ма, бармады ма - маған беймәлім. Ал егер барса не Сирияға кетер, не осы жат ағымдағы дінді насихаттап, астына джип мінген шығар. Сақалдылар оған "міне Аллаға жалынып ең, тілегің орындалды" деген болар.
Осы ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Жусан" операциясы бойынша елге қайтып оралған бейбақтар туралы фильмдер теледидардан көрсетіліп жатыр. Ол жаққа барған соң, егер күйеулері соғыста қаза тапса, ұнаса да, ұнамаса да, басқа бір еркекке, яки жауынгерге некесін қиып, әйел ғып жібереді екен. Байғұстар-ай, одан да Қазақстанда біреуге тоқал болып тигенің жақсы еді-ау! Ол келіншектер неге әу баста, егер күйеуі Сирияға барамын дегенде "Барсаң өзің бар, мен бармаймын" демеген? Әлде басты, миды дуалау, уағыз өте күшті ме? Сириядан қайтқан бейбақтарды енді жастары 70-80-ге келгенше қоғамға бейімдей ме? Мүмкін оларға арнап басқаша тәсіл-амал ойлау керек шығар. Олардан әу баста бұл жолға , жат ағымдағы дінге қалай бардың деп тәптіштеп сұрап, одан әрі жоғарыда тұрған 60-70 мың доллардың мәшинесін мініп жүрген, дөкей молдаларына "сақалдыларға" шығуға болатын шығар.
Ресейде тиым салынған "Иегова куәгерлері" деген дін бізде де бар. Калифорния штатында үш еврейдің ойлап тапқан діні бұл. Байығың келсе дін ойлап тап, деген бір сөз бар. Осы дін өкілдері бір-бірін "аға, іні, әпке" "братья, сестра" дейді. Қақпаңды қағып "сіз бақытты болғыңыз келе ме?" деп өзіне баурай бастайды. Сосын бұлар "Мен Құдайға бәрін беремін, жиған дүние, мүлкімді де бәрін-бәрін беремін. Құдай мені жақсы көреді" деп мінәжат етеді. Ойбай-ау құдайға ештеңеңнің керегі жоқ қой. Құдай саған берер бәрін үйіп-төгіп. "Құдайға бәрін беремін" деген уағыздың артында, арам пиғыл жатқан жоқ па? "Иеговоның" молдасы, дүние-мүлкіңді сыпырып алып, Құдайға өзі апарып бере ме, әлде Калифорнияға жібере ме, өзі біледі. Сөйтіп тегін кітап, інжіл таратады ғой.
Біздің ата-бабамыз сан ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дін жолы, "Әбу әл-Қанафия" масхабы. Біздің даламызға мұсылман дінін насихаттауға келген миссионерлер "бұл халық ен далада еркін өскен, бостандық пен азаттықты ту еткен ел екен, бұлардың қыз-келіншектерін орамалмен тұмшалауға болмайды, бес уақыт намазын оқып, ораза тұтса болды" деген екен. Дін жүректе, иманда болуы керек.
Біздің ен даламызға мұсылман дінін насихаттауға келген арабтар қазаққа сіңіп Қожа деген бір рулы елге айналды. Сол қожа елінің ұрпақтары ата-баба жолын жалғастырып, біздің еліміздегі жат ағымдағы діндерден тазартпай ма? Осыған орай, бір ұйым құрып, оның басшысын Қожа руынан сайлап "Бас қожа" деген атақ беріп ісі нәтижелі болса, марапаттауға да болар еді.
Пентагон бір бағдарлама дайындаған деген сөз бар. "Ось зла", зұлымдық осі деп атайды екен оны. Ол бойынша Ливия, Ирак, Сирия, Солтүстік Корея , Иран мемлекеттерінің билігін құлатып, өз айтқандарын орындайтын "марионетка" билеушілерді тағайындап, өз мақсаттарына жету. Бүтін бір мемлекеттерді қирату, құрдымға кетіру жобасы бұл. Одан әрі Орта Азияға ауыз салу. Жоғарыда аталған елдерде мұнай қоры көп. Қара алтынды кім билесе, әлемге сол қожайын. Қазақстан экономикасы да сол қара алтынға тәуелді. Қара алтынның бағасы қалай құбылса, біздің экономикамыз да солай құбылады. Ал енді жоғарыда айтылған зұлымдық сызығы қай тұста екені көзі ашық адамға белгілі. Сирияны Америка мен Ресей көкпарға салып отыр. Бұрын Кеңес Одағы кезінде Ауғанстанды да солай етіп еді. Әлемдік алпауыт мемлекеттердің ойыны, демократиясы, өкінішке орай осындай.
Біздің Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев 31-арнада көрсетілген, журналистпен сұхбатында, В.И.Лениннің "Біз басқа жолмен жүреміз" деген сөзін айтып қалды. Лениннің жолы социализм мен комунизм , ұраны "зауыт жұмысшыларға, жер-шаруаларға" еді.
Қытайда бір мемлекетте екі жүйе дамып келеді. Яғни, социализм мен капитализм. Біз, қазақтар, қандай жолды таңдаймыз? Қай жолымыз дұрыс? Меніңше, біздің ата-бабаларымыз ұстанған "дала демократиясы" жолы. Президентіміз өзі айтып қалды ғой, бізде "судьяны" "би" дейді деп. Олай болса көптеген даулы мәселелерді билер шешкен. Жетім мен жесірін жылатпаған, қарсы келген жауға қасқайып тұрған бабалар ұрпағымыз. Қазақта түрме болмаған, тіпті қонақ үй, жетім балалар, қарттар үйі де болмаған. Билер мемлекеттік іс, саяси мәселелерге де араласқан. Бұхар жыраудың Абылайға "Ей, Абылай, Абылай, сен он бір жасыңда, Тұрымтайдай ұл едің, Үйсін Төле бидің түйесін баққан құл едің" деуі сол кездегі жыраулардың дәрежесін көрсетпей ме? Бір ауылдың байы бір елді түгел асырап, жұмыспен де қамтып, ауылы кедей екен деген сөзге намыстанған ғой. Сондай байлар бар ма қазір? Біз экономикалық саясатымызды осы бағытқа бұруымыз керек. Бір ауданның белді бизнесмендері сол ауданға жауап беруі керек. Әйтпесе өкіртіп тұрып салық төлеуі тиіс.
"Сақалдылар" деп бастаған әңгімем өрбіп-өрбіп, осындай ойларға жетеледі. Мағынасын ой-сүзгіден өткізіп өзіңіз сараларсыз құрметті оқырмандарым!