Woman
Қалыңдық көйлегі жайлы түсінік өте ертеден қалыптасқан. Орта ғасырларда қоғамда той көйлегін тігуге жұмсалған матаның метр саны қалыңдықтың мәртебесін көрсетіп, отбасының байлығының дәрежесін танытқан
Бастапқыда қалыңдық көйлектері түр-түсі әртүрлі матадан тігіле беретін. Ал ақ түсті қалыңдық көйлектері Көне Грек елінен бастау алған. Көне Грек елінің қыздары ақ түсті жеңіл әрі ұзындау көйлек киіп тұрмысқа шыққан.
Осы кезден бастап ақ түске деген көзқарас қалыптасып, тазалық пен пәктіктің, нәзіктіктің белгісі саналған. Православиелік және көптеген протестанттық дәстүрлерде тек алғаш рет үйленгенсе ғана ақ көйлек киген. Ал ажырасқан немесе жесір болса көйлектің басқа түсін таңдауы керек болған.
Рим империясының құлаған тұсында неке көйлегінің формасы біраз өзгеріске ұшырайды. Бұл кезеңде жеңіл әрі жұқа маталардан жасалған көйлек ұмытылып, қалыңдық көйлегі ауыр әрі қалың маталардан тігілетін болған. Себебі ежелгі римдіктер қалыңдыққа өзінің сымбатын айқын көрсетіп тұратын көйлек киюге рұқсат бермеген.
Тарихқа үңілер болсақ, қалыңдықтың ақ түсті көйлек кию дәстүрі XIX ғасырдан бастау алған, нақты айтсақ, 1840 жылдың 10 ақпанында ағылшын ханшайымы Виктория алғаш рет неке қию рәсіміне ақ түсті көйлек киіп барған екен. Ханшайымға еліктеген басқа қалыңдықтар осыдан бастап, ақ түсті көйлекті таңдайтын болған.
Бұдан 200 жыл бұрын дәстүрге айналған ақ түсті қалыңдық көйлектері жыл сайын өзгеріп, түрлі тенденциялар пайда болып жатыр. Қазіргі кезде Қазақстанда 3D аппликациялық көйлектер, кестеленген корсеттер мен жарқыраған белдемше түріндегі көйлектер сәнде.