Саясат
Бір пікір
Біріншіден, билік әлеуметтік мәселенің салмағы мен маңызы артып бара жатқанын сезіп қалса керек. Кей кезеңде үкіметте әлеуметтік мәселеге жауапты вице-премьер болмағаны да белгілі: ондай да "қызық" кездер болған! Әлеуметтік мәселе дер кезінде өз шешімін таппаса, саяси факторға айнала алатынын өткен жолғы бес бәйкүнә сәби қаза тапқан Астанадағы трагедияның өзі көрсетті емес пе?!
Екіншіден, әлеуметтік мәселенің осынша ушығуы - қоғам мен билік арасындағы өркениетті диалог жоқтығының салдары. Халықпен адам секілді сөйлесе алатын тұлғаның осы салаға куратор боп тағайындалуы бұл түйткілді жайтты шешудің бір жолы болатын шығар.
Үшіншіден, мемлекеттік саясаттың бар саласы қазақыланып барады. Ауылдан шыққан, ана тіліне жетік, қарапайым ағайынның мінезі мен талабын түсіне алатын Сапарбаевтың биліктің осы биігіне шығуының бір себебі де сол.
Бірақ осынау кадрлық тағайындаудың мынадай да тұстары бар.
Біріншіден, қандай да талантты әрі тегеурінді болсын, жеке тұлға қалыптасқан жүйеде түбегейлі өзгеріс жасайды деп сену қателік болар. Өйткені, «алдымен экономика» деген о баста билік ұстанған принцип таза саясатқа ғана емес, әлеуметтік салаға да өз салқынын тигізгенін уақыт көрсетіп отыр. Жағдайды түпкілікті түрде өзгертетін кез келді! Ол үшін Конституцияда жазылған «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет» деген баптың бойына қан жүгіртіп, жандандыру керек!
Ең бастысы – санада, соның ішінде, азаматтардың санасында, мынадай моральдық-психологиялық метаморфоза жүруі тиіс: яғни, «әлеуметтік мәселені шешуге жұмсалуы тиіс бюджет қаржысы президент, үкімет, министр не әкімдікі емес, халықтікі!». Және де осы қағидат әр мемлекеттік мекеменің маңдайшасына алтын әріппен жазылып қойылуы тиіс!
Және де әлеуметтік салаға қаржы бөлгенде билік өз қалтасынан ақша шығарып, жұртқа жақсылық жасап, жарылқап жатқандай болмауы тиіс! Бюджет иесі - халықтың өзі, ал шенеуніктер - халық өз ақшасына уақытша жалдаған қызметкерлер ғана! Сонда ғана елдегі жалпыәлеуметтік ахуал өзінің өркениетті арнасына түсер еді!
Екіншіден, бізде бюджеттің жұмсалуының басым бағыттарын анықтауда ағымдағы конъюнктура емес, дамыған елдердегі мына үрдіс орнығуы тиіс: яғни, әлеуметтік маңызы бар салаларға ҰІӨ-ның белгілі бір проценті бөлінетіні заң жүзінде бекітіліп қоюы тиіс. Мәселен, білімге 3 процент, медицинаға - 3 процент дегендей. Сонда бұл салалар девальвация мен инфляцияның теріс әсеріне ұшырамайды! Бізде әзірше ондай практика орнықпаған.
Сонымен бірге, қазірдің өзінде бюджеттегі қымбат әрі даңғаза жобаларды қаржыландыру секілді баптар қайта қаралуы тиіс! Және де бұл мәселеге үкіметтің қаржы және экономика салаларына жауапты вицелерімен қатар «әлеуметтік вице» де тікелей араласып, өзінің позициясын қорғай алатындай бюрократиялық жағдай жасалуы қажет! Жасыратын несі бар, осы күнге дейін кез келген мемлекеттік органда (үкімет, министрлік, әкімдік) әлеуметтік салаға жауапты орынбасар ылғи да «екінші эшелон» өкілі ретінде қарастырылып келеді емес пе?! Оларды шенеуніктік ранг туралы табельдің төріне шығаратын уақыт келді!
Үшіншіден, Бекең де қанша тәжірибелі, білгір маман болғанымен, бізге әлеуметтік саланы ұршықтай үйіріп алып кете алатын кадрлардың жаңа толқыны керек!
Олар арамызда бар! Бір қуанарлығы, шенеуніктердің орта буынында төменгі деңгейде жұмыс істеп, тәжірибе жинаған, қазақы кадрлардың тұтас бір ұрпағы қалыптасып қалды. Тек мемлекеттік карьера жасауда әділеттік пен ашық бәсеке заңдары салтанат құруы керек!
Әміржан Қосановтың фэйсбуктағы жазбасынан