Саясат
Бұрынғы КСРО мемлекеттерінің барлығы тақ ауыстырғанда неге Ресей үнсіз отыр?
Польшаның Gazeta Wyborcza басылымы бұрынғы КСРО мемлекеттеріндегі демократияның дамуын сипаттай келе, демократияның Орталық Азияға қарағанда дәл Ресейдің өзінде әлдеқайда кенжелеп қалғанын алға тартады.
Өйткені Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстанда билік ауысып, кейбірі экс-басшыларды қудалап жатса, Еуразиядағы ірі саяси ойыншының өз ішінде еш өзгеріс жоқ. Ельциннің «батасымен» билікке келген (Назарбаев пен Тоқаевтың сценарийіне ұқсайды) Путиннің Ресейді билегеніне 20 жылдан астам уақыт болды. Тек бір-ақ рет конституцияның талабын орындау үшін тақтан кеткендей сыңай танытып, премьер орнына отырды.
- Ресейде әділ сайлау жоқ. Оның соңғы уақыттары Мәскеуде болып жатқан наразылықтар себеп. Тіпті, келісіп билікті беру нышаны да жоқ. Билікті берудің қандай да бір демократиялық тетіктердің де қаралып жатқаны шамалы. Ал 2024 жылы Путиннің президенттік мерзімі аяқталады. Одан кейінгі «елдің жағдай қалай болмақ?» деген сауал өзекті бола бастады, - деп жазады басылым.
Басылымның жазуынша, Ресейдегі биліктің қалай ауысатындығын болжаудың бірнеше жолы бар. Ресейдің жанында жатқан мемлекеттердің барлығы түрлі жолмен билік ауыстырып, транзит жасады. Балтық мемлекеттерінің демократияға көшіп кеткені қашан! Ал Украина мен Кавказ республикалары төңкерістің арқасында демократиялық жолға біршама болсын жақындады. Егер Ресейде де осы сценарий орын алатын болса, онда Путиннің жағдайы ауыр болмақ.
- Ресейдің өзінде де, өзінен кейін қалдырған орыс билігінен де Путиннің жайлы орын табуы қиындау. Бұл Украинада болған ауыртпалықтан да өткен қайғылы болуы мүмкін. Өйткені жалғыз тақта отырудың жазасы ауыр болмақ, - деп жазады басылым.
Сонымен, Украинаның жолы Ресейге ауыр болғандықтан, Орталық Азиядағы билік ауысымының үлгісін қолданып көруге тырысуы мүмкін. Басшылықта – Қазақстан мен Қырғызстан. Бірақ екеуінің жағдайы екі түрлі. Өйткені екі биліктің де ортақ нүктесі тақты сенімді жолмен тапсыру болғанымен, біреуінде бұл сенім ақталмай қалды. Яғни, Қырғызстандағы Атамбаевтың ұсталуы «сенімді ізбасардың» қашан да «ұстазын тыңдай» бермейтіндігі, ішкі амбиция мен «мінездің» кез келген уақытта оянып кетуі мүмкін екендігін дәлелдеп берді.
- Қазақстанның мәңгілік басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тақты бергенімен, билікті берген жоқ. Путин де Ельцинге берген антын орындап, оған тиіскен жоқ. Алайда Путиннің ізбасары олай болар ма екен? – деп сауал қояды басылым тілшісі.