Саясат

Жаңа қаулы: Енді коллекторларға тіркелу керек

Сол арқылы коллекторлық ұйымдардың құрғандардың өмірбаяны тексерілмек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бұл Ұлттық банк басқармасының «Есептік тіркеуден өту және коллекторлық агенттіктердің тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» арнайы қаулысында қарастырылмақ. 

Ерболат Досаев қол қойып, бекітетін құжат жобасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, Ұлттық экономика министрлігімен келісілген екен. 

Осы қағидаларға сәйкес, коллекторлық қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлға, компания Ұлттық банкте есептік тіркеуге тұруы тиіс. 

Тіркелу үшін өтініш иесі қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға аталған қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш ұсынады. 

Ол өтінішін қажетті құжаттарымен бірге не қағаз күйінде бере алады, болмаса компаниядағы жауапты тұлғаның цифрлық қолтаңбасымен растап, «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электронды түрде жолдай алады. 

Бұл ретте коллекторлардың қожайынын білу үшін қаржылық реттеуші «2-ші және 4-ші қосымша» деген нысандарды ойлап тауып отыр. Нақтылай кетсек, 2-қосымша коллекторлық компанияны құрған құрылтайшылар мен қатысушы заңды тұлғаларды әшкерелесе, 4-шісі – соған қаржы салатын жеке тұлғалардың кім екенін анықтайды. 

«Жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің 10%-ын және одан көп пайызын тікелей немесе жанама иеленетін немесе пайдаланатын, сондай-ақ оларға билік ететін тұлғалар туралы ақпаратты ашу мақсатында өтініш беруші коллекторлық агенттіктегі үлестердің 10 немесе одан да көп пайызын өзі дербес немесе басқа тұлғалармен бірлесіп, тікелей немесе жанама түрде иеленетін, пайдаланатын, оларға билік ететін немесе бақылау жасайтын тұлғалар туралы мәліметтерді ұсынады», – деп түсіндіреді Ұлттық банк. 

Коллекторлық ұйымды құрушы өзінің құрылтайшысы не қатысушысы болып табылатын барлық «өнеркәсіптік, банктік, қаржылық топтар, холдингтер, концерндер, қауымдастықтар, консорциумдар туралы, ұйымдардың толық атауы мен орналасқан орны» жайында жан-жақты ақпарат беруі керек. Осылайша, мемлекет оларға құжаттама түзеді. Компания сондай-ақ қарызды өндіріп алу үшін борышкерлермен және олардың өкілдерімен байланыста болатын қызметкерлері туралы мәліметтер де ұсынуға тиіс. 

Онда әр коллектордың сотталғаны немесе қылмыстық қудалауға ұшырағаны, психологиялық-неврологиялық, туберкулездік, наркологиялық диспансерлерде есепте тұрған-тұрмағаны, мемлекеттік қызметтен немесе арнаулы және құқық қорғау органдарынан теріс себептер бойынша босатылғандығы туралы деректер келтірілуге тиіс. 

Егер осындай жұмыскерлері болса, ондай ұйымды тіркеуге рұқсат берілмеуі мүмкін. Бір қызығы, коллекторлар болашақта «агент 001» деп аталуы ғажап емес. Өйткені Ұлттық банк әзірлеген «Есептік тіркеуден өту және коллекторлық агенттіктердің тізілімін жүргізу қағидаларында» уәкілетті орган коллекторлық агенттікті есептік тіркеудің реттік нөмірін өзі дербес беретіні және ол реттік нөмірлер «әрбір жылда 001-ден басталатыны» айтылған. Биылғы жыл басында Ұлттық банкте 139 коллекторлық агенттік тіркеуге тұрған. Бұған дейін олардың қызметі заңмен реттелмей келген болатын. Яғни, олар қарызын қайтара алмай, борыш батпағына батқан қарапайым азаматтар мен бизнесмендерге қатысты бассыздық жасап, ойына келгенін істеді. Енді оған тыйым салынуда. Дегенмен қаржылық реттеуші қазір қарыз алушылардан коллекторлардың заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты арыз-шағымдар түсіп жатқанын хабарлады. Өткен жылы коллекторлардың әшкере болған заң бұзушылықтарына сай мемлекет 14 санкция және шектеулі ықпал ету шарасын қолданыпты. Оның ішінде «First collection» ЖШС, «Қайнар» ЖШС, «СВД» ЖШС, «Кредит Коллекшн Групп» ЖШС, «Бірінші Коллекторлық Бюро» ЖШС, «Нұр Комитет» ЖШС жазаланған. Оларға ескерту жасалып, айыппұл өндіріп алынған. Тағы 9 компанияға – «Ұлттық өндіріп алу қызметі-2», «Дельта М Қазақстан», «Эксперт Плюс», «Паритет-2», «Legal Collection», «Қайнар», «КАВД», «Бірінші коллекторлық бюро», «СВД» коллекторлық агенттіктеріне бұзушылықтарды жою жөнінде жазбаша нұсқама берілді. «Ал 2019 жылғы бірінші жартыжылдықта қаржылық қызметтерді тұтынушылардың шағымдарын қарау қорытындылары бойынша барлық қаржы ұйымдарына, сондай-ақ коллекторлық агенттіктерге қатысты 195 ықпал ету шарасы қолданылды. Соның ішінде жалпы сомасы 13 млн 897 мың 402,05 теңгеге 38 айыппұл салынды. Атап айтқанда, коллекторлық агенттіктерге қатысты 19 ықпал ету шарасы қолданылып,1 млн 509 мың теңге сомасында 7 әкімшілік айыппұл, 10 жазбаша ұйғарым, 2 жазбаша ескерту жасалған. Коллекторлық агенттіктердің басты бұзушылықтары – коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын сақтамауға, оның ішінде борышкермен өзара әрекеттесу кезінде жосықсыз әрекеттерге баруына байланысты болып келеді», – деп түсіндірді Ұлттық банк.