Саясат

«Nur Otan» күшейді: Билік Байбектің қолына өтуі мүмкін бе?

Билік партияның қолына өтіп кетті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық еткен «Nur Otan» партиясының 21 тамыз күні өткен Саяси бюро отырысында айтылған тақырыптар мен мәселелер халық арасында кең талқыланып кетті.

Саясаткерлердің көбі де осы отырысты күткен болатын, өйткені жиында айтылған мәселелерге қарап, елдің болашағын болжауға, қандай да бір тұжырымдар айтуға мүмкіндік туатын еді. Оның үстіне, биылғы халық наразылығынан кейін билеуші партия да өзінің «үнін» білдіруі керек болатын.

Сонымен, кешегі өткен отырыстан не түюге болады?

Біріншіден, «Nur Otan» партиясының төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шегелеп айтқандай, бұл партияның «биліктің партиясы», яғни, биліктің басқарушы көзі екендігі анық байқалды. Осыған байланысты пікір білдірген қазақстандық Эксклюзив басылымы кешегі отырыстан Қазақстандағы биліктің «президенттік» емес, «суперпарламенттік» немесе «партиялық-парламенттік» басқаруға ұласып бара жатқанын көруге болатындығын айтады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та «Nur Otan»-ның Мәжілістегі орнын күшейту үшін Нұрлан Нығматуллинді әкелді әрі оған депутаттық фракцияда «белсенді» болуды тапсырды.

Екіншіден, аталмыш басылымның жазуына қарағанда, Қазақстанда енді «президенттің» абыройы жоқ, оның орнына партия келді. Яғни, билік «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қолына жинақтала бастады. Осыдан-ақ Байбектің төрағалығы қағаз күйінде қалғаны, ал президенттік мәртебесінің нақты көріне бастағанын байқауға болады.  

- Либеральды-реформалық имидж қалыптастырмақ болған Тоқаевтың «рөлі» отырыста анық «өлді». Енді оның президенттігіне, елді басқаруға толыққанды құқылы екендігіне ешкім сене қоймасы анық. Ал оның ұсынған Қоғамдық сенім кеңесі тұйыққа тірелді, - деп жазады Эксклюзив.

Яғни, «нұротандықтардың» келісімінсіз Тоқаев әкім мен министрлердің тағайындай алмақ түгілі әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған қандай да бір бастамалардың өзін парламенттің «разылығынсыз» жасай алмайтын деңгейге түсті.

- Шындап келгенде, Қазақстанды жалғыз президент емес, билік партиясының төрағасы мен парламент палатасының қос спикерінен құралған «ұжымдық президент» билеуге көшті. Бір сөзбен айтқанда, елдің саяси жүйесі парламенттік-президенттік деңгейге «көтеріліп», шетелдік сарапшылар үшін нағыз демократияның үлгісіне айналмақ, - деп жазады басылым.

Сонда Қазақстандағы маңызды страгеялық шешімдерді партия (Назарбаев-Байбек бастаған топ) қабылдайды да, «таңдаулы президент» елге уәде беруші қуыршақ боп қана қалмақ.