Bugin
Бұл партияны реформалау мүмкін емес!
Бүгінде ел-жұрттың саясиланып кеткені – өмір шындығы. Сондықтан біраз ағайын «Билік партиясының осы кеңесінде партия жетекшісі не айтар екен? Және де ұсыныстары елді демократияландыруға қандай әсер етер екен?» деген үміт пен күдік аралас көңіл-күйде болғаны рас.
Бірақ, үміт ақтала қойды ма?
Бұл сұрақты қоюыма бес негіз бар.
Біріншіден, рас, елбасы көңілге қонымды біраз нәрсе айтты. Бірақ оның бәрі осындай жиындарда бұрын да айтылып келе жатқан, құлақ үйренген жайттар. Мәселен, шағын және орта бизнесті дамыту, халықпен жанды байланыс орнату, жемқорлықпен күрес, шенділердің БАҚ-қа жасап жатқан қысымы және тағы басқа да бесенеден белгілі проблемалар.
Бірақ соңғы кезде азып-тозып кеткен елдің өз басшысынан күткені бұл емес еді!
Одан жұрты, ең алдымен, соңғы кезде ерекше өзекті боп кеткен қоғамдық-саяси өмірге қатысты новацияларға қатысты кесімді ой-пікір күтіп еді бұл жұрты. Бірақ ол туралы елбасы айта қоймады. Керісінше, ол заңдарға өзгеріс енгізу қажет емес деген сыңайда сөз сөйледі. Үміттенген талай көңіл су сепкендей басылды.
Мұның өзі «Нұр Отан» плюралистік қоғамда орын алған көңіл-күйді, өзіне деген сыни көзқарасты, саяси аллергияны байқағысы келмейтінін тағы да бір көрсетті деп санаймын!
Екіншіден, демократиялық ұйым болғысы келетін партияны бюрократиялық стильде басқарып, оның жұмысын пұшпаққа шығару тіпті мүмкін емес!
Әзірше, «Нұр Отан» ұжымдық ой-пікірдің емес, бір адамның жеке саяси шешімі негізінде ғана қызмет атқара алатын ұйым боп көрініп тұр. Бүкіл өмірі, тұрмыс-тіршілігі жалғыз тұлғаның баяндамасына телініп қалған ұйымнан не береке, не қайыр!
Үшіншіден, «Нұр Отан» өзін қайта жүктегісі келеді («перезагрузка») екен.
Меніңше, партияны ғана емес, бүкіл қоғамдық-саяси өмірді қайта жүктеу керек! Ол үшін, ең алдымен, елдегі партия заңнамасы мен практикасын түбегейлі өзгерту қажет! Бір партияға елден ерекше, эксклюзивті қолайлы жағдай жасап қойып, басқа партияларды барлық мүмкіндіктерден айырып тастау – ешкімге де опа бермейді. Тек қана ашық әрі бәсекелі саяси орта елімізде шынайы партияаралық идея мен тұлғалар жарысын орната алады, сонда ғана ол партиялар өміршең болады, халықтың жасанды емес, табиғи қолдауына ие болады.
Әйтпесе, сайлау комиссияларындағы өз мүшелеріне сеніп қалған «Нұр Отан» өз қарсыластарын сайлау қорытындыларын бұрмалау арқылы ғана «жеңе алатын» монополист-монстр ретінде қала бермек!
Бірақ өткен президент сайлауында дүниеге келіп, ықпалды күшке айналған бақылаушылар ендігі жерде оңай беріле қоймайтыны тағы бар!
Өзіне сенімді болса, «Нұр Отан» елбасы мен президенттің артына жасырынбай, олардың әкімшілік ресурсына сене бермей, басқа партиялармен шынайы бәсекеге түсіп көрсін! Оны, мәселен, премьер басқарсын. Оған берілген ақпараттық мүмкіндік басқа партияларға да берілсін. Жаңа партиялар құрылуы жеңілдетілсін. Оларды тіркеу тәртібі демократияландырылсын. Сайлау комисияларында барлық партия өкілдері енгізілсін.
Міне, елдегі партиялық өмір сонда ғана жанданады, XXI ғасыр талаптарына лайық, нағыз өркениетті саяси орта қалыптасады.
Елбасы «Нұр Отан» жетекші күш болуы керек дейді.
Кезінде Совет Одағында Коммунистік партияның жетекші ролі Конституцияда бекітіліп қоятын. Ата Заңда жазылмаса да, бізде де іс жүзінде солай болып тұр. Партияаралық теңдік, яғни жұмыс істеуде тең мүмкіндіктер жоқ! Меніңше, жетекшілік президент жарлығымен не басқа бір бюрократиялық шешіммен орнамайды, жетекшілік те демократиялық талаптарға сай болуы тиіс құбылыс, идеялар мен тұлғалардың ашық бәсекесі нәтижесінде ғана қол жеткізіле алатын биік мәртебе болуы тиіс! Ол жағы бізде екі аяғынан ақсап тұр!
Төртінші жайттың салмағы басқаша болыңқырап тұрғаны. Көптен бері ел алдына шықпаған елбасы бұл жолы кей сәтте партиясына ғана емес, өзінен қолдау күткен ел-жұртқа да көңілі толмай жүргендей боп көрінді.
Иә, іс жүзінде бас билікті уысынан шығара қоймаған оның өз нөкерлеріне ренжуі, жекіруі, қатты айтуы, керек десеңіз, жерден алып, жерге салуы орынды болар. Оның үстіне көзге ұрып тұрған кемшіліктер – шаш етектен! Ұрысса, шенділерге ұрыса берсін, оған құлақ та, көз де үйренген.
Бірақ, халықпен сөйлесудің жөні бөлек секілді. Осыншама уақыт бойына бар билікті тұңғыш президент пен оның ашкөз айналасына беріп қойған қаймана жұрттың не жазығы бар?! Мен елбасының әлеуметтік қолдау сұраған жұрт пен екі сиыр туралы айтқан сөздерін меңзеп отырмын. Жеме-жемге келгенде, осыншама жыл билікте тапжылмай отырып алып, ел жағдайының осыншама төмендеп кетуіне тікелей әрі бірден-бір жауапты осы партия емес пе?!
Конституция бойынша Қазақстан – әлеуметтік мемлекет, сондықтан өкімет өзінің әлеуметтік міндеттерін орындауы қажет! Егер де ағымдағы билік халықтан жиналған салық пен жер қойнауы байлықтарын сатудан түскен қыруар қаржыны жарата алмаса, ондай үкіметтің не керегі бар?!
Кез келген саясаткер, оның ішінде, ел басқарып отырған тұлға өз сөзінде шенеуініктердің емес, халықтық мүддені алға тартып сөйлеуі тиіс деп санаймын!
Сондықтан да әлеуметтік қолдауға мұқтаж, түрлі-түрлі дағдарыстардан әбден сіңір шыққан жұртшылық елбасының дәл осы сөздерін жылы қабылдады деп айта алмаймын.
Бесіншіден, өзінің сайлау заңнамасына қатысты қатқыл ойын білдіру арқылы елбасы ертеңгі күні жиналғалы отырған Ұлттық кеңестің жұмысының ауқымы мен күн тәртібін осы бастан шектеп, тежеп қойған сияқты. Өйткені, ел ішінде әлі де «осы кеңес саяси заңдарды жетілдіреді» деген үміт әлі де бар. Бірақ елбасы кесіп-пішіп айтты, яғни ел аузында айтып жүрген өзекті өзгерістердің қаралуы әрі қабылдануы ендігі жерде екіталай боп қалды.
Әзірше осы.
PS. Нұрекең сайлау заңнамасына өзгерістер талап етушілер туралы айта келе, «сынайтындар баршылық, нақты ұсыныстар берушілер жоқ» деген сыңайда пікір айтты.
Меніңше, бұл сөз шындыққа жанаспайды. Біз, біріккен оппозиция, 2000-жылдың басында-ақ ОБСЕ мен ОСК ұйымдастырған дөңгелек үстелде сайлау заңнамасына қатысты өзінің нақты ұсыныстарын бергенбіз. Оларды ОБСЕ қолдаған. Сол хаттаманы көтерсе, елбасы біздің сол идеяларымызға қанық болар еді. Оның ішінде елбасы сынап отырған мажоритарлық жүйеге қайта оралу туралы да негіздемелер бар…
Әміржан Қосанов
Адырна порталы