Саясат
Тарихқа саяхат
Бұл әңгіменің тақырыбын осылай деп атауыма белгілі жазушы ағамыз Бексұлтан Нұржекеұлының "Жас алаш" газетінің бір санында ұлы ханға арналған бір мақаласы негіз болды. Қисынды негіз болар деректері мол мақала.
Ол кісі Шыңғыс ханның әскері 70-80% қыпшақша, түрікше сөйлеген. Яғни Шыңғыс хан да осы тілде сөйлеген дейді. Монғолияда Керулен деген өзен жоқ дейді, керісінше бізде Қазақстанда "Кері Іле" өзені бар дейді. Басқа да құлаққа қонар қисынды деректер келтіреді. Олай болса, Шыңғыс хан біздің бабамыз ғой. Тіпті ол кісі қазақтың үш жүзінің бірінен шығар? Кейіннен Шыңғыс хан 60 әйел алған соң, 60 әйелден туған ұрпақ бір елге айналған соң, ол ұрпақтардың барлығы ел билейтін хан, сұлтандар болса , сосын ол елге "төрелер" деп ат берген шығар. Осы жағын біздің тарихшылар неге үңіле зерттемейді? Әйтпесе төре тұқымынан біреуі қолға алмай ма?
Шыңғыс хан билеген заман. Ресей үшін "алтын ғасыр" болды деп орыстар өздері жазады. Орманда жүрген орысты жарыққа шығарып, саудаға, ел билеуге үйреткен, осы Шыңғыс хан бабамыз. Орыстың княздеріне қыз беріп, қыз алысқан. Тіпті, ел арасында сөз бар ғой. Киевте, ішпейтін сау күйеу, Москвада, қашан барсаң да ішіп жүретін "мас күйеу" тұрған екен деп. Содан Киев сау күйеу Москва, "Маскүйеу" Москау болған екен.
Шыңғыс хан бабамыздың шын есімі, Темуджин емес, Теміржан шығар деп ойлаймын. Аты-жөніңді, тіліңді, дініңді өзгертіп, миыңды шатастырып жіберу билеуші елдің сұрқия саясаты емес пе? Мағауияны Магавья, Дәулетті Давлет, Сарытауды Саратов, Кемерді Кемерово, Астраханды Астрахань, Өр жолды Орел, Толыны Тула деу соның көрінісі емес пе? Осыған қарсы біз де қазақтың қазақ болуына ересен зор еңбегі бар, қасиетті бабаларымызды құрметтеп, Петропавлға Керей, Павлодарға Найман, Өскеменге Қоңырат деп атау неге бермейміз?
Қаймағы бұзылмаған қазақтың көп орналасқан жері Шымкентті Кеңес Одағы кезінде "Чимкентское молодежное общество" деп, қазақ жастарының еңсесін түсіру үшін, осылай деуші еді. Осы ұғымнан әлі күнге арыла алмай келеміз. Шымкент десе кейбіреулер тыжырынады. Бірақ осы Шымкенттен қазақ өнерінің туын көтерген, шын таланттар шығып жатыр. Онда осы ұғымнан таза арылу үшін Шымкентті "Дулат" деп атасақ қайтеді. Дулат ұрпағы Ташкент пен Алматы облысына дейін жайлап жатыр емес пе? Қоңыраттар шуласа Өскеменді "Қоңырат" деп атайық. Форт-Шевченконы "Адай" дейік. Жамбыл облысын Әулие ата облысы деп атайық. Жамбыл атамыздың өзі "Атыңнан айналайын Әулие ата, Атыңды ап қойды деп болма қапа" деп кетті емес пе?
Осы бір кез теледидардан көріп едім, қазіргі Түркістан облысында, Арыстың маңайында ма, әлде Түркістан шахарының төңірегінде ме, бір көріпкел ме, емші ме бір әйел күйеуі және басқа да жұмысшылары бар "Шыңғыс хан бабамыздың мүрдесі осы жерде екен, маған жаратқан иеміз аян берді" деп, үңгір, туннель қазып жатыр екен. Сол әйелге айту керек, ол жерде емес, Алматы облысы, Іле өзенінің бір тармағынан кері Іледен ізде. Сол жерден үңгіріңді қаз деу керек. Әйтпесе атышулы экстрасенстер пайда болып жатыр ғой, солар іздесін.
Шыңғыс хан бабамыз 65жасқа келіп, дүние салғанда өз туған жеріне келіп, жерленеді ғой. Бірақ көмген жерін алтындарымен қоса, 300 атты әскер таптап, жермен жексен еткен. Ешкім білмесін, көрмесін деген ғой. Кейін, ол 300 әскерді де қырып салған. Ал енді ол жер Алматы облысында болса, Алакөлге, басқа да әдемі, әсем табиғаты бар жерлерге , турист тарта алмай, жолы жаман, қонақ үйлер жоқ, сервис жоқ деген әңгіме айдалада қалады. Өйткені Шыңғыс хан бабамыздың сүйегі жатқан жерге жол жаман, сервис жоқ болса да әлемнің түпкір-түпкірінен туристер топан судай ағылар еді. Қазақстан туристерден жалығар еді, туристер қабылдаудан бірінші орын алар еді.
Шыңғыс хан бабамыздың шешесі де, әйелі де Қоңырат руының қызы екен. Осы қоңыраттар неге жезделері мен жиендерін іздемейді? "Шаншар" әзіл-ысқақ театрының директоры Уәлибек пен Жүсіп өздерінің қоңырат руынан екенін оқта-текте айтып қалады. Солар гастрольдік сапармен Алматы облысында Іле өзенінің бойымен концерт, әзіл-тамашасын қойып жезделерінің жатқан жерін іздемей ме?
Ал енді монғолдар "Шыңғыс ханды мына қазақтар иемденіп алайын деп жатыр" деп дау шығарса, айтатын уәжіміз мынау болмақ. Біріншіден, сендер "мың қол" деген сөзден ел болғансыңдар, Шыңғыс ханның бәленше жүз мың қолы түрікше сөйлесе, мың қол қай тілде сөйлеген? Азшылық көпшілікке бағынбай ма? Екіншіден, Шыңғыс хан сендердің де бабаларың, біздің де бабамыз деу керек. Одан арғысын тарихшылар, жазушылар дәлелдеп бақсын. Мұхтар Мағауин ағамыз да Шыңғыс хан бабамызды қазақ деп дәлелдей алмай өзі Америкаға кетіп қалды. Шыңғыс хан бабамыздың қазақ екендігі дәлелденсе, Мұхтар Шаханов ағамызға қиын болатын түрі бар. Бірақ ол кісі бір өлең жазып бәрін орнына келтірер.
Шыңғыс хан әскерінің әйгілі қолбасшысы, Сүбедей бахадүрдің шын есімі Сыпатай шығар деп жорамалдаймын.
Абылай ханды құрметтеп көше атауын бердік, ескерткіш қойдық. Кенесары ханға да құрмет көрсетіп жатырмыз. Ал енді сол хандардың бабалары Шыңғыс хан бабамызға неге лайықты құрмет көрсетпеске?
Сөзімнің соңында айтарым, "Оян қазақ" деп шулап жүргендердің арманы Шыңғыс хан, Теміржан бабамыздың қазақ екендігі дәлелденсе орындалар еді. Бұл енді тәтті қиял ма, әлде орындалмайтын арман ба өзім де білмеймін. Бірақ әйтеуір ішкі ойым солай болса екен деп тілейді, соған сенемін. Ұлы дала ханы, жарты әлем билеушісі, Теміржан Есугейұлы Шыңғыс хан бабамыздың әруағы қолдасын. Әумин деймін!