Саясат

Сапарбаев: Мұқтаждық пен масылдықты шатастырмау керек

Еңбекке жарамдылар жұмыс істеуі керек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев үкіметті алдауға және оған қол жайып отыруға болмайтынын түсіндірді.

- Еңбекке жарамды адам шамасы келіп тұрса жұмыс істеуі керек. Барлық мемлекеттік қолдау мен көмек мұқтаж адамдарға көрсетілуі тиіс. Өкінішке қарай, бұған дейін айтқанымыздай, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін кейбір азаматтар 300 мың теңге жалақыларын 40 мың теңге деп көрсеткен, – деді вице-премьер. 

Оның сөзінше, бүгінгі таңда 70 мың отбасының атаулы әлеуметтік көмек алуға берген өтініші қаралып жатыр. 

- Отбасының табысы жан басына шаққанда күнкөрістің ең төменгі деңгейінен 70% асса, атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Мұндай отбасылардың саны Қазақстан бойынша 70 мыңнан асады. Қазір 70 мың отбасының шынайы табысы анықталып жатыр, – деді премьер-министрдің орынбасары.

Бердібек Сапарбаев мұқтаждық пен масылдықты шатыстырмау қажет екенін айтты.  

- Егер біз осыны пайдаланып, жұмыс істемей масыл болып кетсек,  болашағымыз қалай болады? Жастарды қалай тәрбиелейміз? Бұл жерде масылдық болмауы керек, – деді ол.

Премьер-министрдің орынбасары халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында қандай шаралар атқарылып жатқанын да тілге тиек етті. 

- Өздеріңіз білетіндей, қазақстандықтардың жалақысы биыл екі есе өсті. Жалпы, 3 млн қазақстандықтың жалақысы 15-тен 30%-ға дейін көбейтілді.  Елімізде жүзеге асырылып жатқан 14 мемлекеттік бағдарлама халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Биыл елімізде 373 мың жаңа жұмыс орны ашылуы керек. Бұл тапсырма 7 айда 60%-ға орындалды. Сіздер білесіздер, мемлекетімізде «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде «Бастау», «Жас маман», «Жас кәсіпкер» жобалары жүзеге асырылып жатыр. Микронесиелік гранттар, оған қосымша Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларына сәйкес, қосымша тағы 15 мың грант берілді. Соның нәтижесінде жастар өздерінің кәсіптерін ашып, тұрмысын жақсартты, – деді Бердібек Сапарбаев.

 Оның айтуынша, жоғарыдағы шараларды жүзеге асыруға бюджеттен 32 млрд теңге бөлінеді. 

- Қазірге дейін 341 мыңнан астам отбасы немесе 1 млн 800 мың қазақстандық атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылды. Бұл үшін республикалық бюджеттен 103 млрд теңге бөлінді. Атаулы әлеуметтік көмекті алып отырғандардың 58%-ы – ауыл халқы, – деп қорытты сөзін вице-премьер.

Inbusiness