Weekend
Менің құрдасымның өмірі жайлы
Ерекең - менің құрдасым. Баяғыда бозбала кезімізде мектепті қатар аяқтадық. Ол аудан орталығындағы мектепте оқыды. Біз ауылдағы мектепті бітірдік. Мейрамдарда 9-10 класс оқып жүрген кезімізде, ауылда ұйымдасып "вечер" отырыс жасаушы едік.
Сол көңілді отырыстарға кейде Ерекең де жолдастарымен бірге келетін. Өзі бойшаң, ақсарының әдемісі, көркем жігіт еді. Мытыс емес пе? Ауылдағы біздің қыздар Ерекеңе сұқтанып, құмартып қарайтын. Кейін мектеп бітірген соң, әрқайсымыз әр жаққа кеттік қой. Әскерге кеткеніміз әскерге, жұмысқа кеткеніміз жұмысқа, оқуға кеткеніміз оқыдық. Ерекең әскерде болған, Ресейде болыпты. Онда әскери бөлім командирінің қызы оған ғашық болған. Әбден мүмкін әрине. Өзінің айтуы бойынша әскерден кейін бұрынғы Фрунзе, қазіргі Бішкекте суретші-дизайнер мамандығы бойынша училищеде оқыған. Аяқтаған, диплом алған.
Сосын Таразда бұрынғы Жамбылда, Бішкекте жұмыс істеген. Кеңес Одағы тарап, егемендік алып, нарық заманы басталып, алғашқы "малое предприятиялар" ашыла бастаған кезде, Ерекең де сондай кіші кәсіпорын ашып, темірден таға, үзеңгі, дарбаза өрнектерін, тағы да сондай бұйымдар жасаған, сатқан. Ісі дөңгелеп, алға жүрген. Сөйтіп жүріп, бір қызбен танысып үйленген. Ол қыз бұрынғы райкомның бірінші хатшысы, әлде райисполкомның төрағасының қызы ма, әйтеуір орыстанған, орысша сөйлейтін қазақ қызы болса керек. Одан бір ұлы бар, оның жасы қазір 30-дан асқан. Олар шешесі екеуі бұрынғы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербургте, Ресейде тұрады. Ерекең ол әйелімен ажырасқан, әйелімен де, баласымен хабарласпайды да, араласпайды да. Содан кейін, үйленбеген, тек азаматтық некеде бір-екі әйелдермен тұрғанымен, үйлі, жанұялық тұрмыс құрмаған. Сөйтіп әр жерде жүріп, бүкіл құжаттарын жоғалтқан. Және де әртүрлі кәсіптермен шұғылданып жүріп, құрылысшы, левкас жасау, кафель жапсыруды да үйренген. Бұл кәсібі өзіне қазір нәсіп болып жүр.
Ерекең қазір маған бір жағынан құда да болып келеді. Өйткені оның қарындасын менің әйелімнің інісі алды. Үш ұлы бар. Жастары отыздарда.
Ерекең менің үйіме келіп, бөлмелерге левкас жасап берді. Әдемі жасады. Келісілген пұлын алды. Бір көлге барып, шомылып едік, ені 100 метрдей болатын көлді жүзіп өтті. "Әй Ереке, терлеп тұрсың, сіңірің қатып қалады" дегенімізге болмай, жүзіп кетті. Арғы жағалауға аман-есен жүзіп жеткенде, ол жақта тұрғандар керемет спортшыға қол шапалақтады.
Бірақ Ерекеңде не үй жоқ, не жанұясы жоқ, не құжаттары жоқ. Ол өзін-өзі "мен бродягамын" дейді. Жасы 57-де. Бұл өмірде неше түрлі адамдармен кездесіп, небір пенделермен жүздесіп, сөйлесесің. Біреуі - бақытты, біреу - бақытсыз. Біреу асып-тасып отыр, біреу мүсәпір, біреу - бай, біреу - кедей.
Ерекеңдікі де бір өмір-ау әйтеуір....