Woman

Маскулизм - ерлер құқығы

Қазақстанда ерлер құқығы қаншалықты қорғалған?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЕРЛЕР МӘСЕЛЕСІ

"Гендерлік теңдік" түсінігі

Біз оны қалай түсініп жүрміз?

Әлемде "ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК" ұғымы көп жағдайда «әйелдер құқығы» деген түсінікпен шектеліп жатады. Әсіресе, дәстүрлі-патриархалды қазақ қоғамында тек әйелдер құқығы қорғалып, олардың теңдік мәселесі көтеріліп келді. Иә, 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары осы мәселені кеңінен көтеріп, түрлі оң өзгерістердің алғышарты бола білді. Сонымен, әйелдер құқығын қорғаймыз деп ерлердің құқығы қазақ қоғамында елеусіз қалып келді.

Осы орайда "Әлемде ерлер құқығын қорғайтын қозғалыс бар ма?" деген сұрақтың туындауы заңды. Әйелдер құқығын қорғай бастаған күннен бастап-ақ, ерлер де өз құқықтарын қорғауға кірісті.

МЫСАЛЫ: 

- 20 ғасырдың аяғына таман құрылған, Щвецариядағы "Männer" ассоциациясы;

- 1983 жылғы Германиядағы "жалпыұлттық ерлер кездесуі";
- MGTOW (Өз жолымен келе жатқан ерлер);
- Профеминизм;
- Әкелер құқығын қорғау қозғалысы; 
- Маскулизм.

Бұл қозғалыстардың барлығы бірдей әйелдер секілді ерлер де сексисттік дискриминацияға (жыныстық алалау, шектеуге) ұшырап жатқандығы туралы мәселені көтерді. Бұл жайында алғаш сөз сөйлеген Америкалық маскулист Уорен Фарель болды. Әлемде маскулизмге феминисттер тарапынан жеккөрушілік өршіп тұр. Қозғалысты "әйелді жек көретіндер", "алименттен қашқандар", "қылмысқерлер" деген пайымдармен айыптап келеді.

Иә, ерлер құқығын қорғайтын қауымдастықтардың саны саусақпен санарлықтай ғана. Мысалы, қазақстанда бұл мәселе бұрын-сонды көтерілмеген де. Неге десеңіз, дәстүрлі қазақ ерлері өте намысшыл келеді. Алайда бұл жайт ерлер құқығының тапталып жатқандығын жоққа шығармайды. Бұдан бөлек, әйелдердің постпатриархалды синдромы,  яғни "ерлер әйелдердің құқығын таптауды ғана біледі, оларда артық құқық бар" деп ерлер мәселесін мойындамауы да бұл мәселенің көтерілуіне тосқауыл болып келді. Бір жағынан, аталмыш қозғалысқа феминизм секілді қаржылық қолдау жоқ, сәйкесінше, қозғалыстың жұмысы белсенді емес. Сол себепті шындыққа тура қарап көрейікші. Қазақстанда ерлер құқығы қалай тапталуда?

ЕРЛЕР ӨЛІМІ

Денсаулық сақтауды дамыту орталығынын бас директоры Айнұр Айыпханованың айтуынша Қазақстандағы ерлердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 9 жылға кем. Ерлер шамамен 67,5 жасқа дейін өмір сүрсе, әйелдер 76,5 жасқа дейін.

Мұның бәрі қоғамдағы еңбек бөлінісімен тікелей байланысты. Ерлер - үйдің асыраушысы ретінде түрлі ауыр міндеттерді атқарып жүр. Олардың жұмыстағы қауіпсіздігін қорғау туралы заң Қазақстанда мүлдем қарастырылмаған.

Салыстырмалы тұрғыда алып қарасақ, әйелдердің жұмыс орындарындағы санитарлық-гигиеналық жағдай ерлер еңбек ететін жерлерге қарағанда әлде қайда жақсырақ. Сәйкесінше, ерлердің түрлі ауруға шалдығу ықтималдылығы да жоғары. Қара жұмыстың жілігін шағып, майын ішетін ерлердің денсаулығы көп сыр беріп жатады. Ер қара жұмыста майып болып жатса, дүниемен қош айтысып жатса, заңды компенсация да қарастырылмаған. Мұның барлығы - ерлердің қауіпсіздікке деген құқығының тапталып жатқандығының айқын бір көрінісі.

ЗЕЙНЕТКЕРЛІК ЖАСЫ

63-54

Қазақстанда 2018 жылға дейін әйелдер мен ерлер зейнет жасы гендерлік теңдік нормасына сай болмады. Ерлер - 60, әйелдер - 55 жаста зейнетке шықты. Алайда, 2018 жылы жаңа заң еңгізіліп ерлердің зейнет жасы - 63, әйелдер үшін - 59 жас болып бекітілді. 2018-2027 жылдар аралығында әйелдер зейнет жасы сатылы жоғарылау үдерісінде болады. Статистика бойынша, қазір зейнетке тақаған ерлердің 80%-ға жуығы қара,ауыр жұмыспен айналысатын көрінеді. Бұл дегеніміз - ерлер онсыз да денсаулыққа қауіпті жұмыс жасайды,

бірақ әйелдерден кеш зейнетке шығады деген сөз. Көп жағдайда ерлеріміз сол бейнеттің зейнетін дұрыс көріп те жатқан жоқ. 

Себебі 67,5 жас - Қазақстандағы ерлердің орташа өмір ұзақтығы. Әйелдер онсыз да физикалық күшті қатты талап етпейтін іспен айналысып жүріп, ерлерден ерте шығуы - ерлерге деген сексисттік таптаурынның жемісі.

ЖЫНЫСТЫҚ ТАПТАУРЫНДАР (СТЕРЕОТИПТЕР)

Еркек - күшті, қатыгез, табанды, шыдамды, сабырлы... 

Әйел - әлсіз, қолдау-көмекке мұқтаж...

Мұндай сипаттамалар қоғамға баяғыда-ақ сіңісіп кетті. Сол себепті де әйелдердің құқығының тапталуы, зорлық-зомбылыққа ұшырауы ерлердікіне қарағанда шынайырақ көрінеді. Ерлердің құқығы - қиын мәселе. Бұған үкімет, БАҚ, қоғам, полиция көз жұмып келеді.

Қазақстандағы суицидке ең бейім адамдар тобы - ерлер. Бұл - тек елімізде емес, әлемде кең етек жайған үрдіс. Дәстүрлі қазақ қоғамында ерлерге таңылған арнайы келбет, міндет, нормалар бар. Мысалы: ерлер үйге ақша тапса болды, ер түздің адамы, еркек маймылдан сәл сұлу болса жеткілікті, өз ойын не қарсылығын әйелге айтқысы келген еркек - ұрысқақ, ерге тән мінезі жоқ, ер жыламауы керек. Бұл таптаурындар - ерлер құқығын моральдық таптаудың шарықтау шегі. Ердердің өз мәселесін ешкімге ашық айта алмауы - олардың іштен тынып, өз-өздеріне қол жұмсауына әкеп соғатын факторлардың бірі. Ер жігіттің метросексуал болуы – ҰЯТ! Неге ерлерше киінетін қыздарға ондай қатты сын, қарсылық жоқ? Себебі - ол қыз!.. Егер әйел адам тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсе, оны ол ашық айта алады әрі арызданса оны бәрі қорғап, аяп, қолдау көрсетеді. Егер дәл сол жағдайға ер адам түссе, қоғамның қабылдауы өте қиын және оның  "еркек емес, ез", "қатыннан таяқ жеген"-деген кемсіту сөздердің астында қалатыны сөзсіз. Мұндай жағдайлар жоқ емес, бар! Алайда ерлер үнсіз қалады. Себебі арыз жазу - "ҰЯТ".

Ер бала мектепте қоқаң-лоққы көрсе - ШЫДАУЫ КЕРЕК! Мектепте біреу соққыға жықса ата-анасы тарапынан ұрыс, кемсіту сөздер естуі әбден мүмкін. Ерлердің моральдық құқығы тапталып жатқандығына мұндай дәлелдер өте көп. "Жігіт - ол жігіт, жігіт болып қалу керек" дейді көбісі-мыс...

ЕРЛЕРДІҢ МӘЖБҮРЛІ ТҮРДЕ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛУЫ

"BBC" арнасының пайымдауынша, әлемде ерлерді мәжбүрлі түрде әскерге шақырмайтын 6 ел бар. Өкініштісі, еліміз бұл тізімге сығалап та қарамайды.

ҚР ҚК қатарында тоғыз мың әйел қызмет етуде. ҚК жалпы саны жүз жиырма мыңға жуық екенің ескерсек, әйелдердің үлесі 7,5% құрайды. Бұл - өте төмен көрсеткіш. Иә, әйелдердің физикалық мүмкіндіктері көп жағдайда ерлерден төмен. Сол себепті, әскер қатарында ерлердің болуы - ақталатын үдеріс. Алайда жалпыға ортақ міндеттеу - көптеген ерлердің құқығын таптау үстінде. Сөзсіз, әскерге барғысы келетін ерлер бар. Сонымен қатар ғылыммен, мәдениетпен не басқа да жұмыспен айналысқанды артық санайтын ерлер бар. Сәйкесінше, екінші топтың құқығы тапталып жатқанын көреміз. Яғни, ерлерге өз басын елі үшін бәйгеге тігіп, өлімге бетпе-бет келуді мәжбүрлеп жатыр.

Иә, мәжбүрлеу ақталар еді, егер әскердегі тәртіп, қауіпсіздік, денсаулық, санитарлық-гигиеналық мәселелер дұрыс жолға қойылса. Еркінен тыс, лас, "дедовщина" үстемдік құрған әскерге жіберу – адам бостандығын шектеу. Сол себепті, ерлерде заңмен бекітілген "ТАҢДАУ" құқығы болуы қажет. 

ӘКЕЛЕР ҚҰҚЫҒЫ

Әкенің жақындығы – жездедей-ақ... 

ҚР территориясында 2018 жылы 37 мыңға жуық ажырасу жайты тіркелген. Бұл дегеніміз - отау құрған әрбір 3-ші отбасы күйреді деген сөз.Тағы бір статистикаға көз жүгіртсек,10 жағдайдың тоғызында, бала анамен қалады екен. Қазақстандық сот жүйесін сараптаған көптеген заңгер, әлеумнттанушылардың айтуынша, сот баланы кіммен қалдыру мәселесінде әйелге басымдылық береді. Мұның ҚР-да заңдық негізі жоқ. Алайда мұндай үрдіс тікелей 1924 жылы қабылданған "Женева балалар құқығы турады декларациясына" келіп тіреледі. Онда баланың анадан ажырамауы қажеттігі жайында жазылған. Сәйкесінше ҚР-дағы соттарда әкелер - екінші дәрежелі, ананың балаға көңілі болмаған жағдайда қарастырылатын нұсқа іспеттес болып кеткен. Бұл ерлердің өз баласымен бірге болуға деген құқығын шектейді. Сот ата-ананың әлеуетіне, материалдық жағдайына, біліміне, жақсырақ тәрбие бере алу, баланың жасы, қызығушылықтары, ата-ананың жеке қасиеттері, тұратын жердің әлеуметтік деңгейіне, кірісі мен тұрмыстық жағдайына қарап, баланың қалауын ескере отырып шешім қабылдауы қажет. "Әкелер бала баға алмайды, ынтасыз, не тәрбие береді?" деген таптаурындардың болуы қазақ жігіттерінің ішінде білімді, ауқатты, саналы, ұқыпты, тәрбиеге бекем жігіттердің аздығын білдірмейді емес пе?! Әлде қалай?.. 

Онымен қоса биологиялық әкелікті анықтауға ерлердің моральдық құқығы жоқ. Әйел, тіпті, баланы күйеуінің келісімінсіз алдыртуға құқылы болса, ерлерде баланың өзінікі екендігін анықтап білуге деген құқық жоқ. Олай жасаса, қоғам алдында қылмыскер атанып, "өз баласынан безген" деген атаққа ие болары сөзсіз... 

ҚЫЛМЫСТЫҚ-ЖАЗАЛАУ ЖҮЙЕСІ

Әлемдік үрдісте ер мен әйелді жазалау барысында бірдей қылмыс үшін екі түрлі жаза тағайындау жайттары көптеп кездескен. Ер мен әйел бірдей адам өлтіретін(абайсызда) болса, Қазақстанда шамамен ерге 4-7 жыл, ал әйелге 2-5 жыл аралығындағы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ары қарай жалғастырып та керек емес секілді...

ТҮЙІН

Қазақстанда ерлердің құқығы дәлме-дәл әйелдердің деңгейінде тапталып жатпаса да, өмірдің кейбір жайттарында тапталып жатқандығын көріп отырмыз.

Ерлердің құқығының сәл де болса әйелдерден аз тапталып жатқандығы - біздің қоғамдағы ерлердің мәселесін жоққа шығаруға себеп емес.

...
ЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫ-АДАМ ҚҰҚЫҒЫ