Weekend

Мамандықты оқытады да жұмысқа орналасқаның жайлы анықтама сұрайды

Менің бастан кешкен оқиғаларым

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жұмыссыз жүрген азаматпын. Жасың елуден асқан соң жұмыс табу да қиын екен. Сөйтіп аудандық жұмыспен қамту бөліміне бардым. Жағдайымды айтып едім, көше тазалау жұмыстары бар екенін айтты. Бірақ онда екі ай уақыт жұмыс істеуге болады екен. Айлығы 25 мың теңге шамасында. Екі айдан соң басқа жұмыс іздеуің керек. Керекті құжаттарымды өткізіп, ол жұмысқа да орналастым. Жоқтан гөрі жоғары дейді ғой. Ауылдық әкімшілікте істейтін жап-жас жастары 25-30 шамасындағы жігіттер бастығымыз. Сөздері дөрекі, қылмыскерлер лагерінде істейтін қадағалаушы жендеттер секілді. Мына кісінің менен жасы үлкен-ау, әкеммен жасты ғой деп сыйлау ойларында жоқ. Құдды бір сен бірдеңе бүлдіріп қойып жазаңды өтеп жүрген адам сияқтысың. Қоғамның ең төменгі тобы, жұмыссыз бейшара деп менсінбей қарайтын іспетті. Ауылдық, аудандық әкімшілікте, 30 жылда осындай шенеуніктерді тәрбиелеп өсірсек, шекеміз қызған екен. Бұлар А, Б, В санатына жата ма, жоқ әлде президенттік резервке дайындалып жатыр ма, білмедім. 

Екі айдан соң, біршама уақыт өткеннен кейін жұмыспен қамту бөліміне тағы да бардым. Сұрағым біреу: сол - жұмыс. Ондағылар айтты, солай да солай, бұрынғы кәсіптік-техникалық училище, қазір колледжде, қазіргі қоғамда, нарықта сұранысқа ие, мамандықтарды оқыту жүріп жатыр. Стипендия беріледі, 7 мың теңге аласыз, сосын сол алған кәсібіңізбен тез жұмысқа орналасып кетесіз дейді. Бардым, үш ай оқыдым. Дәнекерлеуші мамандығын алып, куәлікке ие болдым. Оқыған, сабақтан қалмай келіп жүрген 10 шақты азаматпыз, бітірерде 30 шақты адам бірге куәлік алдық. Басқалары алатын стипендияларын алмай, мұғалімдерге беріп және де өздері дәнекерлеушілікті білетін, тек бір жапырақ қағаз керек болып жүргендер болса керек. Не үйрендік десеңші? Жатып кеп сол колледждің темір шарбағын дәнекерлейміз. Бірақ бәрібір практикалық тәжірибе жинау аз. Одан да, сол үш айда бір құрылыс мекемесімен келісіп немесе аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығымен шарттасып, сол оқып жүрген азаматтарды жиі-жиі сонда жұмыс істетпей ме? Сол жердегі бригадирлермен танысып, олар үздіктерін жұмысқа қабылдар ма еді? Тәжірибе де көбірек алар еді. 

Оқу бітіріп, куәлік алар алдында, біз жұмысқа орналастық деп бір мекеменің яки шаруа қожалығының ба, мөрін бастырып, анықтама әкелуіміз керек болды. Куәлік әйтпесе берілмейді. Өтірік болса да, солай істедік. Сонда жоғарыға бізде оқығандардың барлығы 100% жұмысқа орналасты деп есеп беру үшін, орысша айтқанда "показуха" жасады. 

Қайран бес күндік жалған өмір-ай десеңші! Айналаңның бәрі өтірік, жалған сөз жайлаған қоғам. Басқа не дейсің?!