Woman
Олардың обалы кімге?
Арамдықты іске асыру оңай, ал адамдықтан аттау мүмкін бе? Мүмкін. Бұ заманда мүмкін емес нәрсе жоқ. Себебі адам жанынан басқасының бәрі – саудада. Ар да, мал да, мүлік те. Шамасы, біз «обал» деген ұғымды ұмыттық.
Қоғам әртүрлі таптан тұрады. Он екі мүшесі сау адамнан, жарымжан жандардан, бай мен кедейден, әлді мен әлсізден құралған.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүддесін мемлекет қорғайды. Үкімет олардың жәрдемақысын, дәрі-дәрмегін, ем-домын, тасымалдауын ұйымдастырады. Бұл заңмен бекітілген. Ал аталған заңдардың жергілікті жерлерде орындалу барысы қандай? Мәселенің мәнісі осында.
Жақында Жаңақорған ауданында біраз былықтың беті ашылды. Онда да аудандық прокуратураның араласуымен. Бүгінгі таңда Жаңақорғанда инватакси қызметін тұтынатын 160-қа тарта адам бар. Оларға небәрі 1 ғана «Opel Vectra» автокөлігі қызмет көрсетеді екен. Ескі-құсқы. Онсыз да көңілі күпті жандарды бұлайша басынуға бола ма?
«Автомобиль көлiгiмен мүгедектердi тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» заңнамада мүгедектерге такси қызметтерін ұйымдастыру және көрсету үшін «Инватакси қызметтерін көрсету үшін отырғызуға және түсіруге арналған арнайы гидравликалық немесе жылжымалы (ашылатын) құрылғымен және кресло-арбаларды бекітуге арналған құралдармен жарақтандырылған автокөлік пайдаланылады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Десе де, Жаңақорғандағы қызметтің бұл түрі талапқа сай емес. Мұны біз өз көзімізбен көрдік. Көлік жүргізушісі шақырылған мекенжайға барып, мүмкіндігі шектеулі азаматты арбадан көтеріп машинаға отырғызып болған соң, қоларбаны бұзып, көліктің жүк салғышына қоя салады... Қандай қиямет-қайым десеңізші...
– Қажетті ем-домға бару үшін инватакси қызметін шақырамыз. Бір күн бұрын тапсырыс беріп қоюымыз қажет. Әйтпесе, бос бола бермейді. Тасымалдау көлігі қолайсыз. Мініп-түсуіміз мұң. Жүргізуші жігіт көтеріп мінгізеді. Осы мәселе қиындық туғызып тұр. Қоларбамен мініп-түсуге қолайлы заманауи үлгідегі инватакси болса, - дейді І топ мүгедегі Сәлима Әбдірахманова.
Аталған дерек бойынша аудандық прокуратура әкімдікке кезек күттірмейтін тәртіпті шара көруді ұсынғанын хабарлады.
– Шарттың қосымшасы мен техникалық ерекшелікте мүгедектерді тасымалдауға, отырғызуға және түсіруге арналған арнайы гидравликалық немесе жылжымалы (ашылатын) құрылғымен немесе кресло-арбаларды бекітуге арналған құралдармен жабдықталған автокөлік пен диспетчерлік ұйым болуы тиіс екендігі көзделген, - дейді Жаңақорған ауданының прокуроры Нұрболат Дүйсенбаев.
Жаңақорғанда жарымжан жандардың проблемасы мұнымен де бітпейді. Аудандық прокуратура ересектерге арналған гигиеналық заттардың (жөргектердің) техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмейтіндігін, мүгедек балаларға инклюзивті білім беруге жағдай жасалмағандығын, мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындардың толық төленбегенін анықтаған.
- Жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі келісімшарт бойынша техникалық ерекшелікке сәйкес келмейтін мүгедектерге арналған гигиеналық заттарды қабылдап алған. Бұл жерде де прокуратураның қадағалау актісінен кейін ғана техникалық ерекшеліктерге сәйкес келетін жөргектер алынды, - деп атап өтті прокурор Нұрболат Серікұлы.
Сондай-ақ, аудандағы 42 мектептің 3-еуі ғана логопед мамандарымен қамтылса, дефектолог мамандары мүлдем болмаған көрінеді. Тек прокурорлық қадағалау актісінен соң 5 дефектолог маманның штатына жергілікті бюджеттен 3 млн теңге, ал кабинеттерін жабдықтауға 25 млн теңге қаржы қаралыпты.
Ол ол ма? Аудан бойынша 115 үйден оқытылатын кемтар балалардың заңды өкілдеріне үйде оқытуға жұмсалған шығындары 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленуі тиіс болғанымен, барлығына бұл сома ай сайын кем төленіп келген. Мұндай келеңсіздікке тиісті бөлімдердің қалайша жол бергені түсініксіз.
– Менің қызым туабітті сал ауруымен ауырады. Үкіметтен берілетін жәрдемақыны уақытылы алып келдік. Жылда бала күтіміне байланысты құжат дайындаймыз. Алайда оған төленетін жәрдемақының өскенінен хабарымыз болған жоқ. Кешегі шілде айына дейін бұрынғыдай 70 мың теңгені алып келдім. Аудандық прокуратура араласқаннан соң 80 мың теңгенің үстінде көмек алатын болдым, - дейді жалғызбасты ана Қаламқас Жиенбаева.
Бүгінгі таңда анықталған заңбұзушылықтар жойылып, тиесілі сома қайта есептеліп, толық төленуі қамтамасыз етіліпті.
Аудан прокуроры Нұрболат Дүйсенбаев жоғарыда анықталған мәселелерді шешуге әкімдікке ұсыныс берілгендігін жеткізді. Ал егер талаптар орындалмайтын болса, заңда көрсетілген шаралар қолданылатынын атап өтті.
Біз сөз басында «обал» сөзін текке түртіп өткеніміз жоқ. Онсызда тағдырдың тауқыметін тартқан жандардың жәрдемақысын жеп, жүріп-тұруына жағдай жасамау – обал. Ал, адамдық қайда қалды?