Weekend
Өз-өзіңе бекем бол. Көршіңді ұры тұтпа
Жаңа оқу жылы басталысымен қаладағы қоғамдық көліктерде, қоғамдық орындарда жайлауға келген малды күткен қасқырлар секілді қалта ұрылар да қаптап кетеді. Оны көріп, біліп, естіп жүрсек те, затымызды жымқырып кетіп жатады. Олардың қырғидай тиетіні негізінен оқуға жаңа түскен, қала қарбаласындағы қызу өмірге үйрене қоймаған, қулық-сұмдықты біле бермейтін білімгерлер болып табылады. «Іздегенге – сұраған» дегендей жалмаңдап тұрған жылпостарға ақыңызды жібермес үшін кәдімгідей дайындық керек.
«Бір пайдасы тиіп қалар» деген оймен қалта ұрылар жайлы аз-кем білгеніммен бөлісуді жөн көрдім. Қалта ұрылардың негізгі белгілері:
1) Әдетте, ұрылардың қолында жазда жеңіл киім, қыста күртеше, спорттық киім т.б. сынды заттар болады. Мақсат – кісінің затына қол салғанда сол заттармен сумаңдаған қолын өзге көздерден жасыру;
2) Қоғамдық көліктіктің есіктерінің жанына тұрып алады. Не ішке кіріп кетпейді не көліктен түспейді. Мақсат – «жолдан қалмайын» деп асығып көлікке мінген жолаушының затын жолдан жымқырып алу;
3) Қалта ұрылар қоғамдық көлік ішінде топпен жүретін болса, «Аңқауды таптың ба, керек затты алдың ба?» дегендей бір-біріне көздері жалтаңдап қарай береді. Дамып кеткендері құлаққап арқылы да хабарласа алады;
4) Кейбір қалта ұрылар кішігірім сақал қойып алады. Мақсат – жолаушылардың «Сақалы бар екен мұнан жамандық келмес», «Сақалы бар екен намазхан шығар» деген сеніміне кіру;
5) Кейбірі жақсылық жасаушы кейпінде болады. Орын ұсынады, өткізіп жібереді, мінгізіп жібереді, түсіріп жібереді. Мақсат – осы әрекеттерінің барысында сенім білдірген адамды сан соқтыру;
6) Өте керемет бақылаушы, психолог десе де болады. Мақсат – жақсы бақылау – жақсы нәтиже. Ұйқы қысқан адам, ашуланып отырған адам, салғырт адам – бұлардың нысанасы.
Міне, мен білетін белгілері осындай.
Сондай-ақ айта кететін, жағдай жоғарыдағы сипаттағы барша адамнан қауіптенемін деп қарапайым адамдарға зияныңыз тиіп кетпесін. Жәй ұқсастық, нақты дәлел емес. Айыптау үшін емес, сақтандыру үшін айтып жатырмын.
Екі саусақпен судан сабын суыратын әккі пәлелерге сіздің қалта не сөмкеңізден ұялы телефон, әмиян суыру қиындық қылмайды. Сондықтан олардан сақтанудың жолдарын да жаза кетейін:
1) Үйден шығардағы дұғаны айтуды ұмытпаңыз. Абзалы таңғы кешкі дұғаларды да қалдырмаңыз;
2) Заттарыныңызға өте мұқият болыңыз;
3) Қоғамдық көлікке отырарда аялдамада қолданып тұрған ұялы телефоныңызды сөмке не қалтаға салғаннан кейін мұқият болу;
4) Жол ақысын төлегеннен кейін әмияныңызды ыңғайлы орынға салып, ауызын бекітуді ұмытпау. Ең дұрысы – аялдамада тұрып жол ақысын дайындап алу. Себебі олар әмиянды, әсіресе, ішінде «ірі-қаралар» жүрген болса, көздері қызарып, оны қолды қылудың айла-әрекеттеріне көшеді;
5) Иықтағы сөмкеңізді арт жағыңызда не жаныңызда емес, әрдайым алдыңызда ұстау;
6) Қоғамдық көліктен түсерде сөмкеңізді алдыға ұстап, назардан тыс қалдырмау;
7) Қоғамдық көлікте жаныңызда кім тұрғанын анықтап қарап алу;
8) Оң жақ иығыңызда сөмке тұрғанда оң қолмен ұстап ұялы телефонмен сөйлеспеу т.б.
9) Аз болса да садақа беріп жүруді әдетке айналдырыңыз.
Ендігі кезекте өзім куә болған жағдайларды баяндасам...
Бірінші оқиға
Әдеттегідей кешкісін жұмыстан шығып, қоғамдық көлікпен Абай Құнанбайұлы көшесімен келіп Мұхтар Омарханұлы аялдамасына тоқтадық. Жолаушылар мініп, көлік орнынан сәл қозғалғаны сол еді. Көліктің алдыңғы жағынан бір қыздың «Тоқтатыңызшы» деп жылаған дауысы шықты. Сөйтсе, әлгі қыздың несиеге алған су жаңа ұялы телефонын қалта ұрылары қолды еткен екен. Яғни, есіктің алдында тұрып «қағып» әкеткен.
Екінші оқиға
120 нөмірлі қоғамдық көлікпен Айнабұлақ бағытында кетіп бара жатқанбыз. Райымбек көшесінен отырған тағы бір қарындас көлік қозғала салысымен, «Тоқтаңызшы, есікті ашыңызшы» деп жан ұшыра айғайлады. Сөйтсе, көлік аялдамаға тоқтап, жолаушылар түсіп-мініп болғаннан кейін есік жабылып бара жатқанда бір қалта ұрысы жаңағы қарындасымыздың ұялы телефонын алып кетіпті. Ерекше айта кететін жағдай қарындасымыз сол сәтте ұялы телефонынан құлаққап арқылы әуен тыңдап тұрған екен. Яғни «телефонды құлаққап арқылы бақылауда ұстаймын» деген қате пікір екен.
Үшінші оқиға
Абай Құнанбайұлы көшесімен қоғамдық көлікте келе жатқанмын. Көліктің алдыңғы жақ бөлігінде тұрдым. Көлікте адам баршылық. Менің алдыңғы жағымда сол иығына кішкене сөмкесін асқан бір қарындас тұрды. Оның қасында кішкене сақал қойған жігіт тұрды. Бір кезде әлгі қарындасымыздың сөмкесінен қоңырау дауысы шықты. Қарындас ұялы телефонын алып, оң қолымен ұстап сөйлесе бастады. Сөмкесін ашық күйінде қалдырды. Дәл осы сәтте үшеуміздің алдымызда орындықта отырған қарт кісі орнынан тұруға ыңғайланды. Аллаһтың қалауымен әлгі жігіттің қимылдарынан күдіктене бастадым. Көзімді бақырайта ашып, мәселені жіті бақылауға көштім. Орнынан тұрып жатқан қарт кісі мен қарындастың сөмкесінің арасынан жігіттің қолы жылт ете қалды. Абырой болғанда жігіттің қолы бос қалды. Мұны байқап тұрған мен бірден ештеңе жасамадым. Ойым қалтасын сөмкеге салғанда ұстап алу болған еді. Мен қарындасқа «Отырыңыз» дедім. Ондағы ойым «егер бос орынға отырса, ашық сөмкесі қауіптен құтылатын шығар» деген ой ғой. Жігіт екеуіміздің көздеріміз соқтығысты. Ол мәселені менің бақылап тұрғанымды сезе қойды. Бірден сыйластығы мол, нағыз азамат кейіпіне көшіп: «Қарындас, отырыңыз, отырыңыз» деп сызыла қалды.
***
Сіздер де мұндай жағдайлардың талайына куә болған шығарсыздар?! Аллаһ Құранда: «Ескерт. Ескерту мүміндерге пайда береді» деген ғой. Құрметті жақсылар, аталарымыздың «Өз-өзіңе бекем бол. Көршіңді ұры тұтпа» деген насихатын әрдайым қаперімізде ұстап жүрейік! Сіз өзіңізді аямасаңыз, қалта ұрысы аяйын деп тұрған жоқ.