Bugin
Қызылорда облысындағы Жалағаш елді мекеніндегі №201 мектептің жөндеу жұмыстарын мұғалімдер жасап жатыр
Бұл туралы Ержан Алданазаров есімді Фейсбук қолданушысы жазды.
- Аудан басшылығындағы шəкірттерім мен аудандық білім бөліміндегі туыстарыма қиянатым тимесінші деген оймен осы мəселеден көп алшақтадым. Десе де, ұстаздардың жанайқайы жанымды жегідей жеді. №201 мектептің күрделі жөндеуіне жауапты мердігер мекеме тендерін ұтып, межеге жетпей, мезі қылыпты мұғалімдерді. Тамыз конференциясының таң қалдырар тамашасы болмады. Еңбек демалысынан ерте жұмысқа түсіріп, еріксіз еңбекке жегу қаншалықты қиын. Жөндеуге бөлінген 48 000 000-ның (бейресми ақпарат) егесі неге міндетін аяқсыз қалдырған?
Мұғалімдердің мəртебесін көтеру құрылысқа күштеп жегумен өлшенгені ме? Қаншама ана, əйел, жар неліктен əлеуметтік желіні жиі қолданушыларға жағдай айтады? Директордың пəрменімен "Телеарна келе жатыр" деп ауыздарын жауып, бір бөлмеге қамау қиянат емес пе? «Құл сияқтымыз» деген ұстаздарды құзырлы органдар құшағына алса екен. Сенбілікті де міндетіндей көрген мұғалімнің құқығы қашан қорғалады?, - деп жазды Ержан Алданазаров.
Осыған байланысты Қызылорда облысындағы «Жас Алаш» тілшісі Жалағаш ауданының әкімдігіне хабарласқан екен.
- Мектептегі жөндеу жұмыстарын мұғалімдер жасап жатқан жоқ. Еңбек демалысында жүрген тұрғындар өздері келіп, мердігерге өтініш айтып, келісім-шартпен жұмыс істеп жатыр. Демалыс уақытында қосымша ақша табу үшін келген тұрғындар. Келісім-шартқа сәйкес еңбекақыларын төлеп беріп жатыр», - деп жауап берді тілшіге Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.
Алайда әкімдік өкілі «жұмыс жасап жатқан тұрғындардың негізгі жұмысы қандай» деген сұрағымызға жауап бере алмады.
Қабырғасы 1988 жылы қаланған мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 380 млн теңге бөлініпті. Құрлыс 10 қыркүйек күні аяқталуы тиіс екен. Құрылыс жұмысымен «Еңбек-құрылыс» республикалық мемлекеттік кәсіпорны айналысып жатыр екен. 150 құрылысшының 80-ге жуығы жергілікті тұрғындар.