Экономика
Жаңа оқулықта қателер өріп жүр
Депутаттың жеткізуінше, бұл мәселені көтеруге білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылған жаңа оқулықтағы өрескел қателер түрткі болған.
«Әңгіме білім және ғылым министрлігі бекіткен, жалпы білім беретін мектептердің 1-сынып оқушыларына арналған ағылшын тілі пәнінің оқулығы – «Smiles 1 Pupil's Book for Kazakhstan Grade 1» (Jenny Dooley, Virginia Evans, аударған Н.Мұхамеджанова) туралы болып отыр. Мәселен, түстер бөлімінде «blue» орысша «голубой» деп берілсе, қазақша «көк» деп аударылған. Дұрысы, әрине, «көгілдір». «Pink» орысша «розовый» делінсе, мемлекеттік тілде «ал қызыл» деп көрсетіліпті. Дұрысы, бұл – сөз тіркесі емес, бір сөз, бірге жазылады. Бұрыс жазу сандар бөлімінде де байқалады. Мәселен, three қазақшасы «уш» деп беріліпті. «Table» қазақшасы «устел» екен. «Big» дегеніміз «улкен» көрінеді. «Ү» әрпінің неліктен ұнамай қалғаны, оған не себептен қырғидай тиіп, жөнсіз алмастырғаны түсініксіз»,– дейді оқулықтағы қателіктер туралы Бақытбек Смағұл.
Сондай-ақ, «Chicken» «таүық» болып, «у» әрпі негізсіз «ү»-ге өзгертілген екен. Өзге де олқылықтарға тоқталған депутат, орысша аудармалардың жазылуында бірде-бір қате жоқтығын айтады.
«Оқулықта басқа да ақылға қонбас дүниелер бар. Мәселен, онда Қазақстан туы көрсетіліп, қасына «Алдар көсенің дөңгелек жүзі және қысық көзі болған» деп ағылшынша жазылған. Алдар көсенің кім екенін білмейтін, тек көк тудың қазақтарға қатысы барлығын түсінетін қазіргі балаларға бұл мәлімет нендей ұлағат-өнеге береді?»,– деп сынға алған.