Экономика

Берешекті азайту қажет: Қай әкім қанша қарыз ала алады?

Қазақстанның мемлекеттік қарызы көбейіп барады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанның биылғы сыртқы қарызы 157,6 млрд долларға жетті. Бұл мемлекетіміздің бүкіл ЖІӨ-сінің 90,7%-ына тең.

Елдің мемлекеттік қарызы көбеюіне байланысты билік бұл берешекті шектеу шараларына көшті.

Соның ішінде әкімдер мен мемлекеттік органдар бақылайтын ұйымдардың сыртқы борышы 21,6 млрд долларға немесе 8 трлн 424 млрд теңгеге жеткен және ұлттық валютаның девальвациясымен бірге еселеп өсуде.

Сондықтан ел Үкіметі ең алдымен әкімдер өз ұйымдарына және жергілікті жобаларға тартатын қарыз көлемін шектеуге шешім қабылдады. Осы мақсатта Ұлттық экономика министрінің «Жергілікті атқарушы органдар борышының 2020 жылға арналған лимиттерін белгілеу туралы» бұйрығының жобасы әзірленді.

Аты айтып тұрғандай, құжат әкімдіктер борышының шектерін белгілейді.

Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Әсет Ирғалиевке жүктелмек.

Яғни, егер әлдебір әкім өзіне бекітілген лимиттен шығып кетсе, бас экономист ведомствосы ескерту жасап, бұл жайында жоғарыға хабарлайды.

Бұл ретте, ең үлкен соманы – 101 млрд 366,8 млн теңгені алуға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне мүмкіндік беріледі деп күтілуде.

Одан кейінгі ірі сома – 72 млрд 127,3 млн теңге дотациялық Ақтөбе облысына тиіп отыр. «Үштікке» 68 млрд 24 млн теңге сомамен Қарағанды облысы енді. Өйткені Қарағанды – Қазақстандағы аумағы және өнеркәсіптік әлеуеті бойынша ең ірі өңір. Оның минералды қазба байлығы мен шикізатын өндіру үшін де несиелік қаражат қажет болады.

Еліміздегі қалған екі мегаполис – Алматы қаласына 64 мрд 206,3 млн теңге, Шымкент қаласына 50 млрд 225,3 мн теңге ғана лимит белгіленуде.

Inbusiness.kz