Weekend
Теңіз төскейіндегі тіршілік
Бұрнағы жылы болған оқиға дейді. Қақаған қыс. Балық инспекциясынан «су маржандарын сүзуге уақытша тыйым салынды» деген бұйрық түсіпті. Ал Аманөткелдегі ағайынның бұған мойын бұрғысы жоқ. Қайтеді енді? Шиеттей бала-шағаның қамын жасау қажет. Резеңкі етікті киіп, ау-құралдарын сайлап, екі кісі ұрланып ашық теңізге шығыпты. Көк мұзды ойып, ауын құрады. Ертесіне бұйырған несібесін ала бергенде, аудан орталығынан балық инспекциясының қызметкерлері сау ете қалған. Ұрлықтың үстінен түскен ғой. Содан инспекторлар «не қылып жүрсіңдер, кімсіңдер?» деп, тергеудің астына алады. Сасқаннан әлгі балықшының бірі «Сиыр іздеп жүрміз» деген екен. Кейіннен бұл оқиға ауыл арасында тез таралып, әзілге айналып кетіпті.
Өткенде балығы тайдай тулаған, шағаласы шулаған айдынды Аралға арнайы ат басын бұрып, балықшы қауыммен тілдесіп қайттық. Ел көшіп кеткен Көне Бөгеннің (қазір 3-4 үй қалған. – Қ.Ж.)үстімен өтіп, түйеге мінгендей теңселіп, «Тоқал» деген жерге келдік. Жолбасшымыз бұл маңның неліктен бұлай аталып кеткендігін дөп басып айта алмады. Білетіні, ертеректе осы жерде бір ауқатты кісі өмір сүріпті. Мыңғырған малы болған көрінеді. Күндердің күні зады момын бір қызға көзі түсіп, тоқалдыққа алуға тырысқан деседі. Әлгі бойжеткеннің байекеңе көнгені, яки көнбегені белгісіз. Содан бері осы жер «Тоқал» аталып кетіпті-міс. Бізді мұнда бастап келген – Әділ есімді балықшы. Осы маңдағы кедір-бұдырдың бәрінен хабары бар адам.
Түске дейін
Таң қылаң бере Әдекең суық сумен бетін шайып, көк теңізге көз жүгіртті. Іштей не ойлағанын білмедік. Бастырманың бұрышында ілулі тұрған комбинезонын киіп, сырты матамен қапталған «кәністірге» су құйып, анау-мынау заттарды жинақтап, негізгі шаруамызға кірістік. Әуелі қозыкөш жерде жағаға жетпей қайырлап қалған қайықтың басын көк теңізге бұрдық. Мотор қосуға ыңғайлы тереңдеу жерге жеткенше ескек есіп, ентігіп қалдық. Сөйтіп, балықшымен бірге ашық теңізге аттандық. Көкте шөкім-шөкім дерліктей шарбы бұлттар болмаса, аспанымыз ашық. Тек қарсы беттен соққан аңызақ жел бізді аударып тастайтындай абыржыдық. Өйткені мотордың жылдамдығын арттырған сайын «Прогресс» қайығы қайқаң етеді. Кіші Аралда балықшымен бірге ау қарауға шығамыз деп кім ойлаған? Дегенмен, бізге – жаңалық, Әдекеңе нанпұл қажет. Шамамен, жағадан 10-15 шақырымдай ұзап кеттік. Айналамыз көкпеңбек. Ау салып тастаған межелі жерге жетіппіз. Балықшы «анау жатқан якорьды суға таста» деді. Оның ұшы біздей, түбін арқанмен мықтап байлаған, салмағы әжептәуір «бәле» екен. Қайықтың үстінде қалбалақтап тұрып, төменге лақтыра салдым. Бұның негізгі қызметін айтайын. Әлгі якорь су астына түскен соң, салмақпен жерге қадалады. Ол қайықты көгенделген қозыдай етіп ұстап тұрады. Балықшымыз жүз метрлік ау (төртті ау. – Қ.Ж.) құрыпты. Таңы суитын тамызда теңізде ара-тұра дауылдың болатынын да естігенбіз. Бұған қарайтын балықшы жоқ. Толқынмен бірге теңселіп қайығыңыз тұр. Содан аудың арқалығы («құлағы». – Қ.Ж.) мен табанынан тас қылып ұстап, ақырындап жинай бастадық. Әдекең іліккен балықты көз іліспес жылдамдықпен суырып тастауда. Інісі ескекті балықшының ыңғайына қарай есіп отырды. Бір сағаттың ішінде құрылған ауды қарап, бір тынығып алдық. Шекемізден шып-шып тер шығып, аяқ-қолымыз мұздап сала берді. Несібемізге қарай бұйырғаны түсіпті. Үсті-басымыз малмаңдай су. Қайықтың ішінде шабақтар шоршып жатыр. Ал тікені аз тістілер ауға түссе, тіршілігін тоқтады екен.
Ұшы-қиыры көрінбейтін көк теңіздің үстінде балықшылар қыздай сызылған қайықпен сырғып жүр. Соқталдай жігіттердің маңдайынан сорғалап аққан тер тіршілік тінінің толастамайтынын тағы да бір түсіндіргендей. Солармен ілесіп отырып жиекке жеттік. Сүзілген су маржаны самсап жатыр. Әдекең ақбалықты бір бөлек, тістіні бөлек жинап, «кеттік «приемщиктерге» деді. Екі қап балықты асынып, жағада тұрған «Газельге» беттедік. Жиекке жеткенше балықшыда үн жоқ. Құдды бөтен әлемге еніп кеткендей. Сабазың әлгі көліктің қасындағы таразыға асынған балығын аудара салды. Екі көзін таразыға қадаған. Ал жанында алақ-жұлақ етіп өзі құралыптас жігіт тұр. «Әділ қанша келі балық шығарыпты?» дегендей сауалмен. Таразыңыз тұп-тура 22 келі – тісті, 30-40 келі шабақ тартты.
Күнсіген көйлегінің жеңін түріп, терін сүртті де:
– Біздің күнделікті тірлігіміз осы. Несібемізге қарай, бұйырғанын алып қайтамыз. Мына теңізді бергеніне шүкір. Әйтпесе, қайтер едік? Отбасымызды осымен асырап отырмыз,- дейді ол.
Әңгіме арасында:
–Әдеке, сіз аулаған балық бірден экспортқа кететінін білесіз бе? - деп әзіл аралас сауал қойдым.
–Экспорт-мекспортыңды білмеймін, мұнда келетін «приемщиктер» аман болсын,- дейді ол да қалжыңдап.
«Балықшы батыстан жел соққанын аңсайды» деуші еді. Рас екен. Сондағы жігіттердің сөзінше, батыс беткейде жел тұрса, балықтың түсімі әлдеқайда артып, ырыс-несібесі ұлғайтын көрінеді. Былтыр сондай күндердің бірінде «Тастүбек» деп аталатын жерден 800 келі жайын аулапты. Айтуларынша, бір күнде 480 мың теңге тапқан. Бұлар таңғы сағат бес-алтыда арыстанның аузынан жем алғандай өлермендікпен еңбекке кіріседі. Теңіз қайбір тыншып жатады дейсің. Бірде мүйіз, бірде киіз ауа райы талай қайықты аударып та тастаған. Суға кеткен жандар қаншама? Балықшымыз қолма-қол қаражатын алғаннан кейін жүзіне күлкі үйіріліп, «ізіме ер» деді. Сағат тілі 10:00-ді көрсетіп тұр.
Түс әлеті
«Прогресске» қайта отырдық. Содан жиекте қалған УАЗ-дың тұсына тоқтадық. Көліктің ішінен балықтың иісі мүңкіп тұр. Шын. Әбден сіңіп қалған ғой. Жолсыз жермен жүріп, бір төбенің жанына келдік. «Жігіттер, бастырмаға келдік. Түскі асты дайындау керек. Жылдамдатыңдар» деді балықшы. Екі бүктетіліп бастырманың ішіне кірдік. Қара жерді тереңдетіп қазған. Ішін пашынмен қаптаған. Қақ ортада темір ошақ орнатып, ұзына бойы мұржа тұрғызған. Оның жанында күйеге баттасып қалған бір шәйнек, екі қазан, шолпы ілулі. Әйтсе де, бұл қоңыр салқын, жанға жайлы жер екен. Былайынша, аз-маз тынығып алуға қолайлы енді.
Үйдегідей баптың болмайтыны белгілі. Сондықтан Әдекең жаңа ауланған балықты дереу арша-паршасын шығарды да, қазанға салды. Сол сәтте Әбдіжәмілдің «Қан мен терінде» Еламанның асымдық балық үшін әлсіз мұздың бетіне шығатыны еріксіз есіме оралды. Кешегі мен бүгінгіні салыстыруға келмес, әйтсе де, атакәсіптен қол үзбеген жігіттердің бары қуантты. Мұндай тірлікке етіміз үйренбегесін бетіміз қызарып, ыстығымыз көтеріле бастады. Сондағы жігіттің бірі «Қазір балықтың сорпасын ішкесін бәрі жазылады» дейді. Бұрышта қара қазанда балық бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Әдекең ауық-ауық барып, тұз сеуіп, дәмін байқап көреді. Сәлден кейін «ұн шайып жатырмын. Асқа дайындалыңдар» деді. Шыны керек, мұндай сорпаны қашан ішкеніміз есімде жоқ...
Ауқаттанып алғасын әңгімеге көштік. Тілшілер келді дегесін бастырмаға балықшылар тұс-тұстан бірінен соң бірі ағылып келіп жатыр. Осы төңіректе болған әңгімелер лек-легімен айтылуда. Соның бірі: күздігүні күн күрт құбылады. Сол уақытта айдынды Арал буырқанып таситын көрінеді. Бірде балықшылар әдеттегідей жиекке «палатка» құрып, тынығып жатса, бүкіл керек-жарағын су шайып кетіпті. Жағаға асыққан толқын қатты келген ғой. «Теңізден мұндай долы мінез күтпедік» дейді олар. Талай рет тулаған теңіздің толқынына қарсы тұрып, жан екпінмен жағаға асыққан жайттар жиі болыпты... Айтпақшы, «Прогресс» қайығының құны – 400-500 мың теңге, ал маторының өзі 650 мың теңге тұрады екен. Балықшы жігіттерден әңгіме арасында естігеніміз ғой.
Түстен кейін
Түскі сағат бірден үшке дейін ау тараштадық. Ол бір төзімді талап ететін шаруа. Шимайланған шетін шығарып, оны тарқатып, арқалығы мен табанын тең ұстап отыру да ептілікті қажет етеді. Содан сағат бесте «жау киімді» қайта киіп, теңізге қарай тағы шықтық. Мойынға карта-навигаторды іліп алып. Бұл құрылғы көк теңіздің үстінде таптырмайтын дүние. Бағытыңнан алда-жалда жаңылсаң, жөн сілтейді. Қайықтың басын айдынға бұрып, ау құруға кеттік. Әдекең әуелі табанын тастады. Інісі әдеттегідей ескекті оның ыңғайына қарай есіп келеді. Құрып жатқанда ау бірдеңеге ілінсе, шимайланады да қалады. Сондықтан мұқият болу керек. Әне-міне дегенше бұл жұмысты да бітіріп, ау маңына қалтқы қалдырдық.
– Інім, жылда теңізді 1 мамырда жауып, 1 шілдеде ашады. Екі ай бойы сең соққан балықтай күй кешеміз. Ұсталып қалсақ, адам басына 40 мың теңге айыппұл салады. Егер қайықта біз сияқты 3 адам болса, 120 мың теңге. Әңгіме болсын, «запрет» кезде сендердің Қызылордаларыңа барып, денсаулығымды тексерттім. «Алтын ине» алдым. Дәрігерлер «емдел» деген. Бір-екі күн болдым да, теңізге қарай тайып тұрдым. Шыдай алмадым. Осы өмірімді сағынып кеттім,- дейді балықшы.
Кешкілік бастырмаға қайта келіп, ауқаттанып алған соң, сілеміз қатып құладық. Міне, балықшының бір күні осылай өтті. Осылай өте де бермек...
Жалпы, Арал теңізінің маңында Аманөткел, Бөген, Қарашалаң, Қаратерең, т.б. ауылдар орналасқан. Ондағы тұрғындардың тең жартысы атакәсіппен айналысады. Өңірдің арғы-бергі тарихына көз жүгіртсек,1920 жылдың 25 желтоқсанында «пролетариат көсемі» В.И.Лениннің Арал балықшыларына жазған хатына орай 1921 жылдың 5 сәуірінде аштықта қалған Поволжье халқына 14 вагон балық жібергені алты әлемге белгілі.
Қазір Аралдың балығына сұраныс жоғары. Оның үстіне сыртқы нарыққа шығу бір жолға қойылған. Ол жағынан ешқандай алаңдаушылық жоқ. Сондай-ақ, келмеске кеткен теңізді қалыпқа келтіруде қыруар шаралар қолға алынды емес пе? САРАТС-2 жобасы толыққанды басталды. Жақын-жуықта атқарылып жатқан шаруалар өз нәтижесін береріне шеткейдегі балықшының да үміті зор.
Байқағаным, бастырмада жиналған – кіл жас жігіттер. Негізінен балық көктем мен күзде жақсы шығады екен. Осы уақытта Аманөткелдегі ет жеңді еркек кіндіктінің бәрі осында ағылады. Олар жұмыстың жоқтығынан емес, көңілдің тоқтығынан осында жүр. Телегей теңізден нәпақасын тауып, атадан қалған кәсіптен ажыраған емес.
ТҮЙІН
Өткенде ғана облыстың оңтүстігінде орналасқан Жаңақорғандағы Жайылма ауылының, қарт Қаратаудағы малшының, Шағандағы шаруаның бір күндік өмірін хал-қадірімізше жаздық. Енді міне, теңіздің төскейінде түтінін түтетіп отырған ағайынның тыныс-тіршілігін баян еттік.Біз балықшы қауымнан «барға – қанағат» деген түсінікті санамызға сіңіріп қайттық.