Саясат
Ермұрат Бапидің Арман Шораевқа жазған хаты
Қадірлі Арман бауырым, Сені табанының бұдыры, сөзінің қышыры қалың, мен құрмет тұтатын жігіттердің бірегейі, Ұлттық намысы мен адами ары ақылына бағынған салауатты азаматтардың алды деп білем. Сол үшін қадірлеймін.
Осылай десем де, Арманжан, "не могу сказать за всю Одессу" демекші, Коалиция мүшелерінің шешімі қалай боларын әзірге білмеймін, бірақ мен бұл кездесуге бара алмаймын. Біріншіден, Бапи бармады екен деп, ҰҚСК-нің бір қабырғасы құлап қалмайды. Мені онда дөңкитіп отырғызып қойғаны болмаса, сөзім мен пікірімді пайым қылар билік жоқ екенін бұрын да білгем, қазір де секемсіз сезем.
Себебі - арман-мұраты жұмбақ бұл құрылымның "ұлттық сенім кеңесі" деген аты жақсы болса да, заты алдамшы. Бұны мен қоғамды "қоралаудың" қадеттегі қисабы деп бағалаймын. Назарбаевтық биліктің халыққа көрсеткен зорлық-зомбылығын айта берсе, екінің бірінің етегі жасқа толады. Ол жанайқайдың зарын өзің де жақсы білесің, Арман... Сондықтан басқасын айтпағанда, қолына Жаңаөзеннің қаны жұққан бұл биліктің алдамшы ойын-шартына шаталатын жайым жоқ!
Міне сол билік кенеттен кеңес құра қалғысы келсе, қоғамды өзгертуге шын ниетті болса, орындалмай жүрген ой-арманын парламенттің ішінде-ақ жүзеге асыратын еді ғой! Ол үшін ҰҚСК құрудың қажеті қанша еді? Сені бізге араағайындыққа салып, адал азаматтың атымен өз бықсығын көсетудің кебін күйттемес еді ғой...
Бұл жерде екі пікірдің бірінде гәп бар: не билік өзінің қалтасындағы нотариус-парламентін парық көрмей отыр, не елмен кеңескен сыңаймен, ақыр-тақыр абыройын қымтап қалудың қамын жанталаса жасауда. Ендеше, ондай парламентті тырым-тырақай таратып жіберіп, әділ де, таза сайлаудың нәтижесінде қанжылаған халқына тәуелсіз депутаттардың жаңа корпусын құрып беруі керек еді.
Жоқ, өйтпеді. Отыз жыл ойқастаған билікке енді аяқ астынан бұқарамен кеңес, дүйіммен диалог қажет бола қалыпты. Не үшін?
Себебі бес енеден белгілі: бір адамның күні бітіп бара жатқан билігін қайткенде соза түсу. Ал ол адам тарғыл мысықты текеметтің үстімен құйрығынан сүйрегендей, тырнағымен тырмысып, жатып алмақ сиқы бар. Ал біз болсақ, оның тағы да отыз жыл отыруына кепіл болмақ екенбіз. Мен ондай озбыр ойынға қосыла алмайды екенмін!
Екіншіден, Арман, біз - менің партиям Ақордаға міндетті түрде барады, бірақ парламентті тас-талқан қылып жеңіп алған соң ғана барамыз. Бұған біздің партияны қоғадай жапырылып қолдаған қоғам, өз еліндегі өгейліктен әбден мезі болған, сорылу пен зорығудан зәрезабы шыққан қазақ себепкер болады. Бұл қазақ әртүрлі кеңестер мен комиссиялардың концертіне емес, елдегі өзгеріске құштар. Сол құштарлық біздің төңірегімізге топтасқан қалың нөпірге рух дарытады, қуат береді!
Бұл - утопия деп ойлайсың ба, бауырым? Иә, сөз жарықтық сапырылғанда, солай сезілуі мүмкін. Бірақ бұл қазақ енді Алладан - ажал, Америкадан - азаттық әперуді күтіп отыра алмайды. Шыдам шегіне жетті! Бітті!
Енді бізде билікті тартып алудан, соңғы шайқасқа шығудан басқа амал қалмады Ал ол шайқастың алаңы - сайлау! Біз Ақордаға сайлау арқылы ғана барамыз!
Біз билікке шақырумен бармаймыз, біз билікті "шауып алу" үшін барамыз! Ол күннің туар сәтіне көп қалған жоқ.
Бәлкім сен авторитарлық елдегі адам да, қоғам да биліктің ырқынан тыс болуы мүмкін емес дерсің. Ол бұрын солай болған шығар, енді олай болмайды! Біз билікпен ымыраға, компромисстік келісімге бара алмаймыз! Келісімнің кезеңі бел астында қалған, біз одан өтіп кеттік. Ендігі жерде билік өзгерісті не өзі жасауы тиіс, не біз оның қолындағы өзгеріс жасау мүмкіндігін тартып алуымыз керек. Екі тарапқа да басқа жол жоқ.
Сондықтан теке-тірестің көкесі бізде емес, биліктің өзінде бұғып жатыр. Оған өзінің билігін сақтап қалу жолында Жаңаөзеннің қаны баланың ойыны болып қалатын түрі бар...
Солай, Арман інішек, с 26 апреля с.г. судьба Общенациональной социал-демократической партии на моей совести, а она - совесть, пока мне нужна, Арман бауырым. Ол абырой маған Ақорда ұстатпақ сүйек-саяқтан әлдеқайда қымбат.
Сен мені айыпқа бұйырма: үйіңе қонаққа шақырсаң, екі өкпемді қолыма алып, жүгіріп барар едім, ал мынау шақыруыңа бара алмаймын! "Қосанов-2" қойылымының кейіпкері болуға тіпті де зауқым жоқ. Менің бүгінгі және таяу болашаққа белгілеген міндетім - ЖСДП-ны сақтап қалу ғана емес, оны қалың халықпен бірге парламенттік сайлауға алып бару; алып бару ғана емес, ең кемінде парламенттің 51 пайыз мандатын жеңіп алу!
Кеше мен соңғы сайлаудың батырлары - тәуелсіз бақылаушылар өкілдерімен кездестім. Олар бүгінде "бақылаушы" деген атағы бар құдіретке айналған саяси күш. Әрқайсысы бір-бір саясаткерге айналған армада! Міне сол армаданың апайтөстері: "Біз ЖСДП-мен бірге билікті "басып алуға" дайынбыз!" деді. Көздері жанып, өзгеріске құштар қайраттары қайнап тұр. Олардың өзгеріс тілеген өр мінездері, тау қопарар тұрпаты менің жаныма қуат құйды...
Айтпақшы, Арман, мазмұны мылжа-мылжа болған, жазуы "черновикке" айналған Конституциямыздың бүгінгі күні құтты болсын! Біз бұл құжатты да қайта қарайтын боламыз...