Bugin
Үйін өртеп жібермек болған
Алматы облысында қоғам белсендісі Галина Арзамасоваға оқ атты деген күдікпен екі адам қамауға алынды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Полициядағылардың мәліметінше, белсендіге оқ атты деген күдікпен Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов аудандық округінің әкімі Аппазов Нұрғали Әділбекұлы мен оның жүргізушісі Сманов Ғани Хамидинұлы ұсталған. Олар уақытша ұстау изоляторында отырған көрінеді.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
26 тамызда бейтаныс адамдар Алматы облысы Талғар ауданының әкімдігіне кіре берісте азаматтық белсенді Галина Арзамасоваға шабуыл жасады. Оған пневматикалық мылтықтан оқ атқан. Әйел Алматыдағы ауруханаға жеткізілді. Полиция "атыс қаруын қолданып бұзақылық жасау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Көп ұзамай адам өлтіруге оқталған күдікті құрықталды. Ол Талғар ауданының 22 жасар тұрғыны болып шыққан.
Арзамасова мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындылығын арттыруды қолдап жүрген. Соңғы бірнеше жылда белсенді өзіне қысым жасалғаны туралы бірнеше рет мәлімдеген. 2017 жылы Арзамасованың айтуынша, оған екі рет белгісіз адамдар шабуыл жасаған. Содан соң, тұрғын үйіне белгісіз азаматтар кіріп, өртемек болған. Әйел кезекті шабуылды әкіммен кездесуіне байланысты болды деп ойлайды.